Жеңімпаз блог: Томирис пен Нарқызыл туралы ертегі (кезексөз)
блог
...Оны тұрған жерінен көкке көтеріп, айналдыра бастады... айналдыра бастады...
Бірақ Томирис Ерсайынды көргенде бар ойынан жаңылып, еңлік гүлді бергенде «он бір» рет:
«Сәлем бердім жаратқанның мәрттігіне мың рет,
Жүрегім мен рухымды қатар билеп алған екен құдірет» деп айтуды әсте естен шығарып алды. Сол кезде қайдан пайда болғаны белгісіз алапат дауыл құйындата жөнелді. Қос ғашық бір-біріне деген іңкәр сағынышын баса алмай, көздері жұмылу күйінде бақыттан бастары айналып тұрғанда құйын оларды қас пен көздің арасында айналдырып әкетті. Сөйтсек бұл Томиристің әкесі Тоқсоба ханның патшалығындағы сиқыршының жіберген құйыны екен. Ұзақ күтіп, хан отбасына қуаныш болып келген тақ мұрагері болады деп жүрген қызының ордадан қашып кеткеніне ызаланған хан қол астындағы сиқыршыларды жинап алып, оларға қызын қайдан болса да табуды бұйырған екен-мыс. ...Содан аз уақыт өтті ме, әлде көп уақыт өттіме белгісіз құйын екіге бөлінген күйі көзден ғайып болады. «Нұр сипаты көктен түскен жауһардай, әрбір демі жұмақтың жұпарындай» сезілген Томиристің сұлулығына елтіп тұрған Ерсайын әп-сәтте не болғанын түсінбей қалды. Көзін ашып жан жағына қараса құдды бір ертегідегідей әлемге тап болғанын түсінді.
Ерсілі қарсылы ағылып жатқан алуан түрлі ақылға сыймайтын адамдар мен құбыжықтардан қорыққан ол қарсы алдында тұрған зәулім бәйтеректің ұшар басына қалай шығып кеткенін түсіне алмай қалды...
Қош, сол екіге бөлінген құйынның екіншісі құйындата отырып, Томиристі әкесінің ордасына топ ете түсірді. Өз көзіне өзі сене алмаған патша Томириске құшақ жая жүгіреді. Ғашығынан айырған әкесінің мына ісіне әбден ызаланған Томирис қылышын жарқ еткізіп суырып алады.
Жан дегенде жалғыз қызынан мұндайды күтпеген патша нөкерлеріне «мынаны ұстаңдар!» деп пәрмен береді. Бәрі Томириске жабылып, аяқ-қолына кісен салып, оны өз бөлмесіне апарып қамайды. Томирис осылай үлкен жазылмас дертке ұшырайды.
Қызының ойда жоқта тап болған кеселіне қатты қайғырып, көңілі құлазыған патша барлық тәуіп, балгерлерін шақыртып алып: «Кімде кім менің қызымды жазып берсе, өзін соған қосам, патшалығымның тең жартысын беремін, егер науқасынан жаза алмаса, басын алам да орданың қақпасына іліп қоямын» – дейді. Сонымен дүниеге қызыққаны бар, қызға қызыққаны бар, бірінен соң бірі кіріп ем таба алмай сандалады. Олардың басын алып, патша Орда қақпасына іле берді. Аз күннің ішінде қырық тәуіп, қырық балгердің басы кетті. Ғашық дертінен әбден қиналған Томирис ханшайым, есі кіресілі шығасылы күйде жас төгіп, Жаратқанға жалбарынып былай деді:
«Махаббатым, айым менін – көңілімді қалдырған,
Сен жайлы ойлап, қара түнде басым да әбден қаңғырған.
Жатсам-тұрсам жүрегімнен жалын оты лаулайды,
Ыстықтығы нақ тозақтың отынан еш аумайды.
Құштарлықтың азабына түстім күйіп шектен тыс,
Енді міне сүлдем қалды тал бойымнан кеткен күш»...
...Бәйтеректің басына шыққан Ерсайын қатты қорыққаны соншалық шашы түгелімен қудай аппақ болып кетеді...
Кезексөзді Ғалия Жакен қарындасыма табыстаймын...