Томирис пен Нарқызыл туралы ертегі (кезексөз)

Ұшақ терезесінен шет-шегі жоқ, ұлан-асыр, өзен-көлді, орман-шөлді ен даланың әдемі көрінісіне тамсанып келе жатқан Томирис мұндай ғажайып сұлулықты тіпті өз елінде де көрмегендігін айтып, қариядан жөн сұрады. Көпті көрген, сақалын, асқар шыңын қар басқан қария Томиристің үміттене қараған қос жанарына мейірімді жүзімен қарай отырып, сөз бастап кетті. «Бұл, қызым, ат құлағында ойнаған, батыр да батыл, салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін берік ұстанатын, қонақжай да, еңбекқор, дарқан көңілді, ақпейіл халық – қазақ халқының даласы», - деді. Әуеде өткен екі сағат аралығында тынбастан қазақ халқы, елі, жері, қалалары, құпияға толы тылсым жерлері, тағысын тағы туралы үздіксіз әңгіме қылған қарияның сөзін Томирис сұлу аузының суы құри, сүйсіне тыңдады.

Өзінің кім екенін, бұл жерге қайдан, қалай тап болғанын, басынан өткен оқиғаның бүге-шігесіне дейін баяндап берген Томирис Ерсайынды іздеп келе жатқандығын айтқанда, қос жанары мөлтілдеп сала берді. Мұңын ұққан қария Томириске сәттілік тілеп, барлығынң түбі жақсы болатынын айтып, жетер жерге жеткенде, қимай қоштасты. Қара жаяусыз қалған Томиристің Нарқызылының орнын бұл жерде темір аттар басатынын айтқан қарияға Томирис барлығы үшін шексіз алғысын білдіріп, алыстан көз мұнартқан Көкшеге тартып кетті. 

Көкшенің көркіне тамсанып, осынау мекеннің тылсым сырын ұққысы келген сұлу қыз әрлі-берлі өткен жандардан Жұмбақтас, Оқжетпес, Көкше туралы сұрай бастады.

Көкше туралы біраз білген Томирис, кездейсоқ бір адамнан «ертеде осы таудың жиегінде Қазақ Сұлтандары қоныстаныпты, оларды Оқжетпес тауының басындағы қыран құс ұнатпапты. Сөйтіп, күнде Оқжетпес тауының үстінде отырып қарқылдай береді екен. Оның көзін құртқысы келгендер оны атпақшы болады. Бірақ оқ таудың төбесіне жетпей қала береді. Екен содан бері бұл тау ОҚЖЕТПЕС тауы атаныпты…» деген аңызды естіп, тіпті таң тамаша болды. Қария айтқандай тылсымға толы жер екеніне көзі жетті. Өзінің сиқырлы еліндей... Адамдардың ақылдылығына, кішіпейіл де, мейірімді, білімді екендіктеріне қатты қуанған Томирис бұл жерге ғашық бола бастады. Сапары ұзаққа созылғаны шаршағандығынан білініп, сәл тынығып алмаққа, Томирис таяу маңдағы қайың саясындағы сәкіге жайғаса кетті. Қарны да ашып қалған сияқты. Шарасыздықтан не істерін білмей отырған Томирис Ерсайынын ойласа жүрегі одан ары тыным таппай, тыпырши берді. Өңешке келіп тығылған өксік аққұба жүзіне мұңды айдап әкеліп, сұлу қыз тым көңілсіз кейіпке енді. Кенеттен еңсесі түсіп, күрсініп отырған Томиристің жанына ақ жаулықты, қолында көне жәдігердей – білезігі мен сақинасы бар, оюмен кестеленген қамзол, аяғына мәсі киген жүзі мейірімді әжей келіп жайғасты. Сұлу қыздың жабырқау түрінен бір сырды ұққан әжей жөн сұрай бастады. Бәрін бастан-аяқ баяндап берген Томирис шарасыз халде екендігін айтып, жылаудың сәл-ақ алдында қалды. Мән-жайды ұққан әжей жақын маңдағы бір көл жайлы айтып береді. «Бір қызығы ол көлге келген саяхатшылар, адамдар көлді көріп келесі күні қарауға тағы келсе, көлді таба алмай кетеді екен, және көлдің жалпы көрінісі қорқынышты дейді. Бұл көлге ешкім түсіп көрмепті, сондықтан, бұл көл Шайтанкөл деп аталыпты», - деп Томириске нұрлы жүзімен бір қарады. Томиристің бұл өлкеге деген қызығушылығы одан ары арта түсті. Ерсайынды дәл осы тылсым жерге бекер жасырмағандығын түсінген Томирис бұл жердің тағы қандай құпиясы бар екендігін әжейден сұрап білгісі келді. Сонда әжей Бурабай көлінің ортасында орналасқан Жұмбақтас атты сыры беймәлім тас туралы бар білерін айтып берді. Жұмбақтас туралы аңыз әжейдің айтуынша былай болған екен. «Ертеде ханның қызы кедей жігітті ұнатыпты, бірақ әкесі оны бай баласына тұрмысқа бермекші болады.Оған қыз келіспей кедей жігітпен қашып, осы көлден қайықпен өтіп бара жатқанда, әкесі екі ғашықты атып өлтіреді. Сол кезде қос ғашық қайығымен бірге үлкен тасқа айналыпты…» Соңы аянышты аяқталған аңызды естігенде, Томирис Ерсайынын ойлап, елжіреп, жанұшыр оны тезірек тапқысы келіп кетті. 

Сонда әжей егер Ерсайынды құтқарғысы келсе, Томириске Шайтанкөлді тауып, көл түбінде шөгіп жатқан тастардың ішінен жүрекке ұқсас тасты табу керектігін айтты. Тасты тапқан соң, ертеңіне таң рауандап ата бастағанда, Жұмбақтастың күншығыс беткейінен жүректас орнайтындай кетікті тауып, күннің нұры дәл сол тетікке түскен шақта, жүректасты сол кетікке орналастыру керектігін айтты. «Сонда Жұмбақтастың құпия есігі ашылып, ішіне енуге мүмкіндік туады. Ол жерде он үш есік бар. Соның бірінде Ерсайын сені күтіп отыр. Бірақ есіктерден шатасуға болмайды. Егер дұрыс таппасаң, онда сен де сол жерде қамалып, ешқашан шыға алмай қаласың. Ерсайынды еш адаспай табуыңа мына бір жапырақ қағаз көмектеседі. Бірақ мұны тек құпия есікті ашқан соң ғана оқитын бол.»- деп әжей Томиристің қолына бүктелген тілімдей қағазды ұсынады. Әңгімесін әрмен қарай жалғаған әжей: «Сен Ерсайын тапқаныңмен, ол сені танымайды. Ол жерде күн айдай, ай жылдай өтетіндіктен, ол сені, өткенін, бәрін де ұмытып қалған. Оның жадын орнына келтіріп, өткенін есіне түсіруге мына гүл көмектеседі деп,» - әжей Томириске бұрын-соңды көрмеген ақшыл сұр түсті бір гүлді ұсынды. Ол Алтай, Жетісу аймағында ғана өсетініне қарамастан, осы маңда тек әжей білетін бір жерде ғана өсетін «еңлікгүл» атты гүл еді. Жоғалтып алмас үшін, Томирис гүлді қою қара қолаң шашына қосып өріп алды. «Ал, қарағым, жолың болсын! Еңсең түспесін! Бақсам, жүрегің оны сүйіп қалғандай. Махаббатың шын болса, оны табасың. Себебі, ол да сені күтуде. Ал, қарғам, уақытыңды кетірме,» - деп тілегін білдіріп, өз жөніне кете барған әжейге мейірлене қарап, Томирис Шайтанкөлді табуға асықты. 

Көкше жері құпиялы, сыры терең,

Сырыңды ұғынуға мен де келем.

Ерсайынды әкесіне аман - есен,

Жеткізу үшін қолда барын берем.

Мөлдір көлдің мөлдірі мөлдірінде,

Бар екен көрген Шайтанкөлді кімдер?

Сапарым сәтті болып, жол оңғарып,

Жетсем ғой арманыма бұл өмірімде... - деп жан жағына жалтақтап көлді іздеп келе жатып, дәл көлдің жанынан бір-ақ шықты! Ханның ерке қызы жан- жақты болып өскендіктен, суға жүзу еш қорқыныш тудырмады. Тәуекел деп, белді бекем буып, қыстың суықтығына қарамастан, жылымыш болып тұратын, "адам баласы түсіп көрмеді" деген Шайтанкөлдің тереңіне сүңги кетті. Қырағылығы, шапшаңдығының арқасында жүректасты тез тапты! Тапты да, көл жиегіне шығып, ертеңгі таңның атуын күтті...

Жымыңдаған жұлдыздар мен қиыла қараған аймен түнімен сырласып, мұңын, жүрегі ұнатқан Ерсайынына деген сағыныш айтып жатып, қалай түс әлеміне еніп кеткеніне байқамай да қалды. Кенет әлдебір құстың әдемі үнінен оянып кеткен Томирис, шолпан жұлдызының туғанын байқады. Демек, таң атып келеді. Ерсайынымен қауышатын сәтке де санаулы сағымдар қалды. Жүрегі алып-ұшып Жұмбақтастың күн шығыс беткейіне жағадағы кішкене қайыққа мініп жылдам жетіп алды. Рауандана атқан таңғы күн нұры түскен Бурабай суына ажарлы жүзін шайып еді, көркем келбетін одан ары нұрландырып, әсем әр бере түскендей болды. 

Күн нұры дәл кетікке түскен сәтте, Томирис жүректасты кетікке орналастыра қалғаны сол еді, дәл алдынан тастар жылжып, бойымен бірдей есік ашыла кетті. Әжейдің айтқанын ұмытпастан, он үш есіктің бірін де ашпастан, тілімдей қағазды ашып оқи бастады.

Үзбе үміт жүрегің, сүйіп тұрған шағында,

Мекенде емес, жүректе жасырынған бар тылсым,

Сен іздеген сүйіктің, күтіп отыр сағына,

Жүрегіңе ерік бер, өзі табар жартысын...

Көзін тарс жұмып, жүрек түбіне үңілген Томирис жүрегіне жүгіне, аяқтарына ерік берді. Тиісті есікке жеттім-ау дегенде, көзін ашты. "Он бір" деген сан жазылған бөлменің алдында тұрғанын көрген Томирис, демін ішіне тартып есікті жайлап аша бастады. Есіктің арғы бетінен қақпақ жауырынды, жүзі оттай Ерсайынын көргенде, қуаныштан жарылып кете жаздады. 

Бірақ Ерсайын Томиристі танымай, тіл қатпастан, бір орында қатты да қалды. Әжейдің екінші сыйы есіне түсіп, еңлікгүлді алмаққа, Томирис сүйріктей саусақтарымен білектей бұрымын тарқатып жіберіп,  гүлді Ерсайынға ұсынды.

Гүлдің иісі мұрнына бара сала, өткенін, елін бәрін де есіне түсірген Ерсайын қарсы алдында тұрған қара қолаң шашы жайылып, алқызық түсті бүрмелі көйлек, оюлы қамзол киген, күріштей тістері жүзіне әр беріп, қарлығаштың қанатындай қара қастың астынан күлімдей қараған көздері мөлдіреп, шиедей еріндері қызара түскен аққұба Томиристі бірден танып, оны тұрған жерінен көкке көтеріп, айналдыра бастады... айналдыра бастады...

 

Кезексөз таяқшасын Айбек Шағатаевқа ұсынамын...



Бөлісу: