Басқа салса баспақшыл

осыдан талай жылдардың алдында мен түгілі әкем дүниеге келмей тұрып 9 жасында Ырымжан атты атам, Аягөз дейтін елден шекара асып Шығыс Түркістанға ат басын тіреп еді. Әрине, ел болып көшіп келгендік емес, амалдың жоқтығы...

Шәуешек қаласын паналап тұрған жұрт аяқ астынан аштық пен жұтқа ұшырап, жан бағудың жолында амал іздеді. Атам сонда Башбай дейтін байдың бір отар қойын айдап Көктоғай дейтін сыртқы Моңғолға жақын таулы беткейге ауған екен. Кейін ағайындары қазақ еліне қайтқанда атам байғұс пасортын жоғалтып қалып қойған екен. Ол заманда бүгінгі дейі жоғыңды бір-екі күнде жасап беру қайда... Құжат жоғалту деген қиямет-қайым болған. Содан әкем, әкемнен мен дүниеге келдім сол өңірде. Тоғыз жасқа аяқ басқанымда атам елдің жайын айтып бізді Отанға көшуге үгіттеді. Бізде "жоқ" демедік, көштік те кеттік... 

келгеннен кейін қанша ма ауыр күндер мен жылдар өтті бастан. Қарға қарғаның көзін шұқымаған сәтте қазақ қазақтың көзін шұқиды деп кім ойлаған. "Атаң қашқын. ашаршылықта қашқан" сен оралман" деген сынды жағымсыз сөздің иісі алыстан шығып тұрды. Көнесің! Отаның ғой! Үйрендік! Атам да елге қайта келді. Бірақ... 

Сөйтіп ашынып жазылған өлең еді... бірақ әкем марқұм атамның қашқын емес, Ошман дейтін бай әулеттің бір тамыры, арғы аталары бай,би болған деп келіп өлеңіме азда болсын реніш танытты... әлгі тегіңді білмесең жетесіз деген осы ғой. Байларды тәркілеу кезінде қуғынға ұшырған соң атамның әкесі балаларын алып өткен дейді. Бірақ, мен сонда да жазылған өлеңнің түпнұсқасын салып отырмын. Оқып бағасын берерсіздер! Тарихтың шындығы өзгергені болмаса поэзия тілі сақтаулы деген ойдамын...

Қайран ата 

Қайран ата, аштық өтіп қаштың ба?!
Білмедің-ау, сұрауы бар тастың да!
Өзің кеше басып өткен жатыр ғой,
«Қылдай сызық» табанымның астында.

Көңілімнің сырын ата ашпай ұқ,
Шекарада тұрмын міне, қасқайып. 
Алдым-Отан, артым қалған ел-жұртым,
Барам қимай жанарымнан жас тайып...

Аягөзде тамыр тартқан сен-емен,
Тамыр қуып келем, елмен көгерем.
Тоғызыңда елден кетіп қалған ең,
Тоғызында елге оралды немерең.

Күнге беріп еңбек еткен арқасын,
Ер едің ғой! Жалғыз жапан жортасың.
Топырағың тартты ма екен келдің де,
Жатып алдың жауып жердің торқасын.

Бар Отаным. Тұрғылықты тұрағым,
Ертіспенен менде келген бір ағын.. 
Қаны тамған кіндік тұсым сыздаса,
Сағындырмай елге барып тұрамын.

Қайран ата, аштық өтіп қаштың ба?!
Білмедің-ау, сұрауы бар тастың да!
Тас топырақ болып саған құйылды,
Арың таза енді жердің астында! 



Бөлісу: