Тегін тіс жұлу

            Мектеп қабырғасында жүргенде тете әпкем анама көмектесіп үй шаруасында жүретін де, ал, мен әкеммен бірге сырттың жұмыстарын «атқарып» жүретінмін: су тасу, малдарды суғару, малдарға шөп салу, қора тазалау, отын жару... дегендей... «Далабезер» деп ұрсатын анам. Себебі, тамақтана сала, далаға қашып тұратынмын.

            Қашан, қайдан келгені белгісіз біздің үйде "ілмиіп" қалған, "тозығы" жеткен кәрі есек бар болатын. Оның неге жүргеніне, оны үй шаруасында не үшін пайдаланғанымыз есімде жоқ. Есімде қалғаны мынау. Үйде төрт фляг қатар сиятын үлкен шана бар болатын. Бір қыста, 6-7-сыныптар шамасы болу керек, інілерім, көрші-қолаңның балалары бар барлығы 5-6 бала жаңағы шананы кәрі есекке жектік. Оған дейін шана жегіліп көрмеген бе, кім білсін, әлгі кәрі есегіміз көнер емес. Улап-шулап біз қоямыз ба? Жан-жақтан төпелеп жатып, шананы жектік әлгі байқұсқа. Содан не керек шуылдап бәріміз шанаға аяқтарымызды керіп, «талтайып» отырып алдық та, есекті қамшының астына алдық. Мұндайды көрмеген әлгі есек жын ұрғандай ары «шабады» бері «шабады», кілт тоқтап, «резко» бұрыла қалады. Сондайда арт жақта отырғандар шанадан «ұшып» кетеді. Біз соған мәзбіз. Үсті-басымыз қар. Ойынымыз қызықты ма, әйтеуір күліп жатырмыз, күліп жатырмыз. Құлағандар қайта отырып алады. Талас. У да шу. Орталық көшеге шығайық десек, есегіміз бас берер емес. Не керек, сонымен, үш үйдің ортасында айналдық та қалдық. Біресе біздің үйдің, біресе көршінің қоршауына барып ұрылады. Басымен соғылады. Біресе, тепкісі келіп, аяқтарын сермеп қояды. Оған біз шананы ұзынырақ етіп жеккендіктен, аяқтары жетпейді. Қысқасы, есегіміздің діңкесі құрып, әбден шаршады. Біз ойынға мәзбіз. Бір кезде есегіміз оны келеке қылып жатқанымызды сезді ме, бар пәрменімен көршінің қоршауына барып соғылды! Қашқысы келді. Байқұс басын қатты соққан болуы керек, есеңгіреп қалды, басын шайқап-шайқап қояды. Бір орында тұрды да қалды. Басына бірдеңе кіріп кетпеді ме деп, жанына жетіп бардық. Сөйтсек... Сөйтсек, есегіміздің сап-сары болған, шірік-шірік, бірақ үлкен (азу  болуы керек) тісі түсіп қалыпты. Аузынан қан ағып, аппақ қардың "әтуірін" кетірді. Әр бала өз ішінен ұялып, жаны ашып кеткен болуы керек. Бәріміз үн-түнсіз шананы шеше бастадық. Шешіп, есекті өз жөніне жібердік. Сөйтіп, құмарымызды қандырамыз деп, есектің тісін тегін жұлып бергеніміз бар...

            Аздап қатыгездеу болғанымыз рас, дегенмен, ойын баласы құмарын қандыру үшін «ойына келгені істейтіні» тағы рас...

            ПыСы: ...есекті ойлап, ауылды да, балалықты да сағынып кеткенім... қарды көріп...))



Бөлісу: