Сыйлық алу басталды

Бірер күннен соң, ата-бабамыз тойламаған, бірақ, жұрттан қалмай тойланатын Жаңа жыл мерекесі келеді. Бұл мерекені бәзбіреу "Жыл басы" деп тойласа, біреу "Балалар мерекесі ғой" деп жылы итере салады. Бірақ, менің ойымша, бұл балалар мерекесі емес, үлкендердің мерекесі секілді. Себебі, бұл мерекені балалардан бұрын өздері күтетіндей. Елден бұрын сый алып, тойға дайындалғандай дайындалып, алдын ала қамданады. Жыл бойы жасамаған маникюрді осы мереке қарсаңында жасайды, жыл бойы кимеген смокинг пен ұзын көйлекті осы мерекеде киеді. Сондай-ақ, бұл мерекені ерекше күтетіндігінің басты себебі -  сый алу немесе сый беру. 

Сый алу, әрине, сөз жоқ, өте жақсы. Кім қарсы шығады?! Оны қабылдағанда да мерейің өсіп қалып, өзіңді көтеріп қоясың. Ал сый бергенде ше?! Әрине, жақындарыңа, достарыңа, көршілеріңе, әріптестеріңе беруге болады. Ол жай ғана сыйластықтың бір белгісі. Ал пакет көтеріп, отбасылық дәрігерге бару оның жасаған ем-домына алғыс па, әлде, ертең келер болсам, дұрыстап тексер, жақсылап емдет деген бе?! Балаларының мұғалімдерінің алдында құрдай жорғалау сыйластық па, әлде, менің балама оң көзбен қара деген бе?!  

Кезінде "Гүл беру жемқорлықтың бір түрі ме?!" деген тақырыпта блог жазған едім. Сол блогымды ортаға салсам. 

"Алғашқы қоңырауда мұғалімге гүл беру дәстүрі қайдан шыққан?! 1 қыркүйек мектепке барғанда, мұғалімге деп аттай қылып гүлді апарасың, ол болса, басқа гүлдермен достасып, су толтырылған темір шелектен орын алады. Сосын 1 аптадан кейін кететін жаққа кетеді ғой. Жақсы гүл болса, директор мен завучтың кабинетіне кетеді.

Кеңес заманынан қалған гүл беру не әдет?! Кеңес заманында барлығы да жеңіл болды. Бақшаңда өсіп тұрған не базарда сатып 10-15 тиын тұратын 3-5 гүлді газетке орап, апара салатын. Қазір болса, арнайы тапсырыс жасап, оны орап, ел естімеген, тіпті, кейбірі көрмеген гүлдер сыйланады. Бұл не сонда бәсеке ме, әлде жағымпаздану үшін жасалған жемқорлықтың бір түрі ме?

Қызығып гүл беру тарихы туралы біраз ақпаратты қарап шықтым. Бұрынғы заманда Ресейде қара халыққа білім беретін кісі мұғалімді адамдар құдайындай сыйлаған екен. Құрмет белгісі ретінде тек гүл ғана емес, кітап, кәмпит берген. Ауыл мектептерінің мұғалімдері болса, сыйды тағам түрінде алған екен. Гүлдің орнына ол кісіге сүт, айран, ет, нан, жеміс берген көрінеді. Бұл аз айлыққа қосымша ақы сияқты төлем болған. Бірақ бала ата-анасынан алған мұндай тартулар ешқашан жөн деп есептелмеген. Бұдан шығатын ой: гүл беру ешкімге міндеттелмеген, парыз деп есептелмейтін шағын ғана сый. Бергің келсе, бергің келмесе, бермей-ақ қой.

Кеңес заманында мұғалімге берілетін гүлдің барлығы бірдей болатын. Сол кезде соцреализмнің бағытындағы гүлдер, яғни елден ерекшеленуге жол берілмейтін. Қарапайым, кішкене ғана бір құшақ гүлді кез келген әлеуметтік таптан шыққан оқушы алып, мұғаліміне сыйлайтын.


Осы гүл беру үрдісі ТМД елдерінде ғана бар. Кеңес заманынан қалған жаман әдет. Мысалы, Еуропада гүл беру жемқорлық болып есептелінеді. Гүл алған мұғалім лицензиясынан айырылып, жұмыстан кетеді. Канадада мұғалімдер мектеп ауласына оқу жылы басталмай жатып,  сабаққа келген оқушының көңіл-күйі көтеріңкі болсын ниетпен гүлді өздері отырғызады. Францияда гүл сыйламақ тұрмақ, ол жақта салтанатты линейка өткізілмейді. Айтылған күні сабақ басталады да кетеді.

Жақсы, Ресейді қойшы, біздің қазақ өзгеден артықтығын көрсетіп, бәсекелісіп, ар жағында жағымпазданып сыйлайды ғой. Гүл беріп қана қоймай, жыл бойы мектеп пен мұғалімді жарылқап жатады. 11 жыл солай өтеді, аяғы ҰБТ-ны сатып алумен аяқталады. Меніңше, 1 қыркүйекте гүл беру жемқорлықтың бір түрі.

8-наурыз, туған күнде беруге болады. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ, басқа күндері жарылқап, жағымпаздану лас адамның тірлігі деп есептеймін.

Бұл бүгін гүл ұстаған оқушыларды көріп, түйген ойым ғой. Сіздер не дейсіздер?"

Жаңа жыл қарсаңында туыс, әріптес, дос, көрші, таныстан бөлек, әйтеуір, алдағы күндері бір пайдасы тиеді-ау деген сияқты жандарға пакет көтеріп апару сіздіңше дұрыс па?! Ол сіздің ойыңызша, жағымпаздану ма, әлде, жемқорлық па?! Сол пакетті бермей-ақ қойсаң да атар таңың атып, батар күнің батпайды ма?! Әлде, пакет берсең, өмір деген гүлдей жайнап кете ме?! Қалай ойлайсыздар, достар?!

Айтпақшы, қазір дүкен сөрелерінде неше түрлі қаптамада көз тартарлық сыйлықтар толып жатыр. Пакет көтеріп апаратындарға құлаққағыс қой)



Бөлісу: