Сыпайылық деген...

                                                       Сыпайылық – тәрбиенің белгісі

    Сыпайылық – адам бойындағы құнды қасиеттердің бірі. Сыпайы болу, әйел затына да, ер адамға да тән. Әсіресе бұл қасиет, қыз баласының бойынан табылу қажет. Сонау ата-баба заманынан, біздер үшін, яғни, қазақ халқы үшін тәрбиенің маңызы зор екені бәріне белгілі. Ал тәрбиелікке не жатады?! Оған: үлкенге құрмет, кішіге ізет, қарапайымдылық сынды қасиеттер жатады, ал айтылған қасиеттердің барлығы сыпайылықтан бастау алмайды ма?! Демек, сыпайылық – тәрбиенің белгісі...

     Қазақ қашанда қызын төрге шығарып, гүлге теңеп өсірген. Оған берілетін тәрбие де бөлектеу болған. Ұл баланы былай қойғанда, қыз баланың бойында сыпайылық міндетті түрде болу керек. Өткені, қыз бала – ол болашақ жар, бір үйдің түтінің түтіндетіп отыратын келін, аяулы ана. Сыпайылық таныта білетін қыздың бойында, басқа да жақсы қасиеттердің болатыны сөзсіз де түсінікті. Мұндай қыз – ата-анасының абыройы, қуанышы мен мақтанышы.

     Қазіргі кезде, қазақ қазақ болып қалғанымен, қазақилық жойылып бара жатыр... Қазақ қызының бойынан сыпайылық тұрмақ, тәрбиеліктің мүлдем жоқтығын көреміз. Кітап оқу, тұрмыста қажет істермен айналысу орнына, дөрекі сөздермен сөйлеу, дауысы жер жарарлықтай күлу, таңға дейін түңгі клубтарды паналау, нәзік қыз қолына темекі ұстап, алкогольдік заттарды ішуді дұрыс көреді. Қыздың бәрі бірдей емес, ең қуантарлығы да осы – қазақтың тәрбие көрген, үлкенді сыйлайтын, сыпайылық таныта білетін қыздарының әліде қоғамымызда бар болуында.

    Сыпайылық ол деген – қарапайымдылық. Ал қарапайым болу ешбір адамды ұятқа қалдырған емес. Шенінің жоғарлығына, қоғамдағы орынының зиялылығына, алған тәрбиесіне, ұлт санатына, жас мөлшеріне қарамастан, барлық жағдайда қарапайым бола білу – бұл адамгершіліктің белгісі, сыпайылық пен тәрбиеліктің белгісі.



Бөлісу: