Ұятсыз болып бара жатқан жоқпыз ба?

Ұят – адамгершіліктің бір жемісі, сонымен қатар ар-намыстың қосшысы. Ұят жоқ жерде береке-бірлік жоқ, әдеп-инабаттылық жоқ. «Ұяты бар бет әдемі», «Ұятын жоғалтқан адам бәрін де жоғалтады» деген ғой бұрынғының білгірлері. Данышпан Абай да өз кезінің адамдары жайында:

Ұятсыз, арсыз, еріншек,

Көрсе қызар, жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан ала ауыз.

Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған мінейді, -

деп күйзелгенде, алты бақан ала ауыздықтың бір себебін ұятсыздық деп біледі.

 

Бірақ  ұятты барлық халық бірдей мағынада қолданбайды. Мысалы, Жаңа Гвинеядағы бір қауымның кішкентай қыздары жалаңаш жүргенді ұят көрмейді. Алайда олар басына сол елдің сұлулық белгісі болып саналатын жаулық тақпаған күйі біреудің көзіне түссе, сұмдық ұялады. Оңтүстік Африка қауымдарының адамдары жалаңаш жүре береді және ол үшін қысылып-қымтырылу дегенді ойына алмайды. Бірақ өздерінің тамақтанып отырғанын біреулер көріп қалса, қатты қысылатын көрінеді. Тіпті кейбір жұрттар моншада еркек-әйелі аралас шомылуды әдепсіздік санамайды екен.

Ал біздің елдің салты «Үйге сұрамай кірген, сұрамай шыққан – ұят», «Көрген жерде сәлемдеспеу – ұят», сонымен қатар күнделікті автобустарда үлкен кісілерге орын бермеу де ұят болып есептеледі. Алайда қазіргі кезде тек өз қамын ойлайтын өзімшілдер мен жол бермейтін жетесіздер  көбейіп бара жатыр.  Оған дәлел:

Бірде 32 нөмірлі автобусқа мініп ағамның үйіне қонаққа бара жатқанмын.  Автобус адамға лық толы, ине шаншар орын жоқ.  Сондағы мына бір жағымсыз оқиғаның куәсі болдым. Жасы 70-тер шамасындағы қарт әжей мініп, жан-жағына қарап біраз тұрды. Ары қараймын, бері қараймын ешкімнің орын беретін түрі жоқ, әлгі әжей қатты шаршап мазасы кеткесін, орындықта отырған орта жастағы кісіге «Может уступите место для старинкой бабушке?»,- деп жанына келіп еді, ол да орын бермеді. Оның сондағы айтқан жауабы мынау болды: «Вы только чуть-чуть старше меня».

Сұмдық-ай, қасында бәрін көріп, бәрін естіп тұрған, мына мен ұялып кеткен де, ол кісінің беті бүлк еткен де жоқ.  «Әйтпесе кейінгі буынға ақыл үйретер азамат қой, еркек деген атына лайық болмай ма?! Өзінің анасындай адам, орын берсе болады ғой»,- деп іштей қапаланғаным болмаса, ештеңе де істей алмадым.  Тек әдемі киноның жағымсыз кейіпкерін жақтырмай қалған адам болып тұра бердім.

Ал сіз менің орнымда болсаңыз не істер едіңіз? Әлде әлгі кісінің жасағанын мақұлдайсыз ба?!

Ермекова Салтанат Күмісбекқызы

ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің 2-курс студенті



Бөлісу: