Изат

Қараша таңы... Бұл мезгілде ең алғаш ұйқыдан адамдар оянады, ал одан кейін кербез Күн маужыраған күйі біздің қалаға болар-болмас сәулесін шашып, жылуын сыйлайды. Қараша таңы... Тас қараңғы, әншейінде сарқырама суындай, дамылсыз ағылып жататын көліктер жоқ, айнала жым-жырт.
Қараша таңы... Ол оны тағы да ұйқысыз қарсы алды. Жатақхана терезесіне телміріп отырып, мастығынан айыққан адамдай, түнде пайда болған ойларынан, енді арылды. Тек терезедегі, қала көрінісінің орнына, алаңсыз балалық шағы өткен паң дала мен еліктің лағындай желмен жарысқан қара қыз көз алдына келді. Енді ол ен даланы құшағына сыйдырғысы келгендей, шалқалай жатып құшағын жайды. Осы кезде ғашықтардың айқасқан құшағындай көрініс орын алды. Иә Ол Жер-Ананы шексіз сүйетін... Сабаққа ұйықтап қалмас үшін түнде қойған оятары, осы бір көркем картинаның бояуын шырылымен шимайлап тастады... Бөлме ала көлеңке, түн жарымға дейін бірі әсерлі әңгіме айтысып, енді бірі сымсыз тұтқамен алыстағы қимасымен сағыныш сазын тербеген құрбылары ештеңе сезбестен, пысылдап тәтті ұйқының құшағында жатыр.
Ол тәтті қиял, тыныш ұйқының емес, жалғыздықтың құшағында. Ол тоңды, жалғыздықтың суық қолдары оны қалай жылытсын? Жүрегіне үміт ұялатып, қандай арманға жетелесін? Жалғыздық ол – қуыс... Сол қуыста сыңсып жылаған қыздың дауысы әрдайым құлағыма келеді...
Бүгін Ол үшін ерекше күн, өмірінің 18-ші күзін ұзатып, өмірінің 18-ші көктемін асыға күтуде. Таңның салқын самаласы, оның тұла бойын аймалап тоңдырғысы келді, бірақ ол мүмкін емес. Кешеден бері тыным таппаған смс авторларының да іс-әрекеттері зая. Жалғыздық оның серттескен ғашығындай ешкімнің қолын создырып, көзін де сүздірмейді...
Міне алғашқы қар келіп кірпігіне түсті. Көзін көтеріп еді, шеті жоқ аспан айдынынан жерге қарай тербетіле вальс билеген қарды көрді...
Әрі қарай көрген түсім есімде жоқ. Оянсам дала әппақ, жүрегім жаурап кетті, «Изат не істеп жатыр екен?» - деген алғашқы оймен, қайтадан жастығыма жантая кеттім...

Авторы: Санжар Бекжан



Бөлісу: