Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озады», – деп Абай атамыз бекер айтпаса керек. Осындай жолмен өз қатарластарынан оза шыққан, білімге құштар жандар біздің де арамызда жүр. 

   Соның бірі – Арыс қаласының бойжеткені Балнұр  Айдар. Мектеп кезінен ғылымға құштар Балнұр  «Ғалымның аты өшсе де, хаты өшпейді» деген  ұстанымды ұстайды. Бүгінде ол Абай атындағы  Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті тарих  факультетінің 4 курс студенті. Мамандығына  сәйкес, болашақта бүкіл өмірін осы ғылым  саласына арнап, ашылмаған тарих беттерін  қаузамақ. «Алматы қаласына оқуға түскенімді  білгенімде, ойыма бірінші болып ҚР-ның «Ұлттық  кітапханасы» түсті. Оған кіріп, ғылыммен  айналысуыма толық мүмкіндігімнің бар екеніне  қатты қуандым», – дейді Балнұр жүзі нұрлана.

   Ия, көп іздеген көмбе үстінен шығады. Жас  ғалымның да осы уақытқа дейін тапқан өз  көмбелері бар. Мектеп кезінде облыстық «ХХІ  ғасыр көшбасшысы» сайысының жеңімпазы атанып,  пәндік олимпиадалардың жүлдегері атанған. Ал,  студенттік шақта одан да үлкен жобаларға  қатысып, өз тәжірибесін шыңдай түсті. Солардың ең  алғашқысы – студенттік  конференцияда Әлемнің  Жеті Кереметінің бірі Вавилондағы «Аспалы бақ»  жайындағы зерттеуі. 2012 жылы Қарағанды қаласында болып өткен «Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстан» атты ІІ Республикалық ғылыми конференцияда арнайы мақала дайындады. Балнұрдың бұл мақаласы Қарағанды Гуманитарлық Техникалық Университетінің жинақ кітабына енген. Ал Астана қаласында «Л. Н. Гумилевтің  зерттеулері» конференциясына қатысып, арнайы алғыс хаттармен марапатталған. Бойжеткеннің бағындырған биік белесі – ғылымның арқасында шетел асып, көне тарих беттерін парақтап қайтуы. Нақтырақ айтсақ, Венгрия Республикасындағы байырғы қыпшақтар қандас бауырларымыздың қазақ жұртымен туыстығы жайындағы зерттеу жұмысы. Оған қоса, Балнұр Айдар түрколог ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің зерттеулерімен танысып, жары Айша Мақсұмқызымен сұхбаттасып қайтқан.

  Білім – адам баласының ортақ қазынасы. Сол қазынаның тағы бір  үлескері – Жания Әбдібек. Ол Жамбыл облысының тумасы.  Қаршадайынан ғылымға әуес болып өскен. Оның ғылымға бет  бұруына мұғалімі Лейла Адамбаева себепкер болыпты. Сол кісінің  жетекшілігімен алғаш  рет  республикалық KATEV қазақ  тілі    олимпиадасында  ғылыми  жұмыстар байқауы бойынша  күміс  медаль иегері  атанған. Жания әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  Университеті журналистика факультетінің 4 курс студенті.  Болашақта ғылым саласына бет бұрып, одан еш алшақтамаймын  деп бекінген Жания журналистика тарихын зерттеумен  айналысып жүр. Ізденістері де өз жемісін беріп үлгерген. Мәселен,  «Қайыржан Бекхожин қазақ  журналистикасы ғылымының  негізін  қалаушы» атты  ғылыми жұмыстар байқауында І орын,  Тауман    Амандосовтың 90жылдық мерейтойы  қарсаңында «Алыптың  аманаты»  атты сайысында 3орын алды. Сосын ҚазҰУ да дәстүрлі    түрде  өтетін «Ғылым әлемі» байқауының ІІ дәрежелі  Ректор    дипломына иеленіп,  журналистика факультеттері  арасында    өткен  пәндік олимпиаданың жеңімпазы, Біржан Белғара атындағы  100 мың теңге көлеміндегі арнайы  шәкіртақысының иегері болды.  Өмір төріне өжеттер ғана шыға алады демекші, Жания екі рет  Елбасы шәкіртақысына қол жеткізді. Жақында ғана Бірінші  Президент Қоры республика бойынша ғылымға бет бұрған жастар  арасында Елбасы шәкіртақысына байқау жариялаған болатын.  Сондағы 400 студенттің арасынан 80 жеңімпаз атанды. Міне,  біздің ізденімпаз қызымыз да осы жеңімпаздардың қатарынан орын  алды. Бұл да – бір жеңісі. Айтқандай, бойжеткен жақында  Гонгконг қаласында өтетін бір апталық HKBU-SOPA Award Winners  Forum 2013 атты шараға барып қайтпақ. Азиядағы  журналистиканы дамыту жөнінде біраз кеңестер алып, тәжірибе  жинауға мүмкіндік алады.

   Білім – теңіз, түбі де, шегі де жоқ. Алайда шегі жоқ деп шеттеп  қалуға болмайды. Екі ғалым қыздың да ойы осы жерде түйіседі.  Екеуі де бүгінгі жастың білімді, интелектуалды болғанын қалайды. 

   Айтқандай Жания Гонгконгқа барып, біраз тәжірибе жинап қайтты.

                                                                                       Гүлжан Серік



Бөлісу: