Түркістанды "жылатқан" екеу...

Internews Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Маржан Елшібаева мен белгілі блогер Асхат Еркімбай Түркістанды "жылатып" кетті...

Cәлем, менің сүйікті массагетім! Күніге көрген-білгенімді өзіңмен бөлісіп үйреніп қалыппын. 2-4 желтоқсан аралығында Түркістанда Internews Kazkhstan ұйымының ұйымдастыруымен "Мультимедиалық журналистика" тренингі өтті. "Ұлан" газетінің тілшісі Әйгерім Бегімбеттен ести сала, тіркеліп, іріктеуден өткен төрт адамның бірі болдым... (Сондықтан үш күн сенен алыстауыма тура келді)

Үш күн көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Журналистерімізді қимай тұрған біз ғана емес екенбіз... Түркістан да қимай ұзақ "жылады"... Жауынды "Алланың нұры" десетін біз, айрықша қуандық...

Тренингке келсек, Сарыағаш, Арыс ауданы, Кентау мен Түркістан қаласының журналистері қатысып "жаңа медианы" меңгерді. Қызыққа толы, жатқа бергісіз күндер болды... Менсіз де ол жайында жарыса жазып жатқандар аз емес... Толығырақ білгілеріңіз келсе Twitter мен facebook желілерінен #onmediakz хэштегі арқылы таба аласыздар...

Менің айтпағым мүлде бөтен... Мен бүгін әлгі Түркістанды "жылатқан" қос жанды жазбама арқау еткім келіп отыр...

Маржан әпке (өзі таң қалса да осылай атап кеттік) тым қарапайым екен. Оның күлкісі бізді жігерлендіріп отырды. Сонымен қатар менің есімде мына бір мақалмен қалып қойды:"If the first you dont succeed try, try again"... Позитивті жанның есімде қалған тағы бір сөзі: "Мен бір жылда қазақ тілін үйренемін",-дегені... Осыны Алматы ұмыттырмасын деп тілейік...

Асқат Еркімбай... Сіз үшін аты аспандап тұрған блогер, "Жаңа медиа:Монологтан диалогқа" кітабының авторы, ал енді біріңізге шет елде білім алып келген білікті оқытушы шығар,ал мен үшін... Мен үшін қарапайым бірнеше тілді жетік меңгерген тіл жанашыры... Түскі үзілісте тренингке қатысушылармен тамақтанып отырғанымызда теледидарда шет ел әуендері қосылып тұрды. Даяшыдан: "Сіздерде қазақша музыка бар ма?"-деп сұрады... Жоқтығын айтқанында, өшіре салуын өтінді. Жасыратыны жоқ, іштей тамсандым. Желілерге тіркелгенде де "Қазақша тіркелсеңіздерші... Біздер "казакша сойлемеймиз", "қазақша сөйлейміз",-дегенді ескертумен болды. Ертеңгісін асханада орысша сөйлеген даяшы кеткен соң: "Айтыңдаршы, менің түрім орысқа ұқсайды ма?"-деді бізге, еріксіз жымидым... Сонда да орысша сөйлеп тұрған қызға қазақша жауап бергені мені тағы қуантты.

Баяғы Мақпал, сол Мақпал... Әдеттегідей жақсыны көрсе сіздерге жетіп келіп жар салғанды жақсы көретін... Ендігі үйреніп кеттіңіздер, "жағымпаздық" деместеріңізді де білемін...

Мен үшін интернет,жаңа медиа, журналистердің қаншалықты маңызды екенін білмедім... Алайда адам жанына сырттай үңілу, қолымнан келсе сырласып, оларды ұғу, менің бала күннен бергі сүйікті де маңызды ісім. Бүгін де солай жасадым. Мен олардан жаңа медианың тілін ғана түсініп қойғам жоқ, мен олардың бойынан адамдық қасиетті таба білдім... Мен үшін бәрінен де маңыздысы осы еді... 

Тренингтен:

Асхат ағаның сағындырған салатының арқасында ойын ойнадық... (I - күн)

Желілерге тіркеліп, хат жазуды бастап кеттік...(II-күн)

Маржан әпке үйреткен "Рррр" жаттығуын сіздерге жасатып көргім келіп отырғанын қарашы...

Топ-топқа бөлініп тапсырма алып, үнхабар мен видеоны интернетке жарияладық... Мынау біздің топ... (III-күн)

Суреттерді түсірген: Маржан Елшібаева мен Әйгерім Бегімбет



Бөлісу: