....Ұнайды

 Сенің мені “көзге ілмейтіндігің” ұнайды.

Сезіміңді сездірмейтіндігің ұнайды.

Жаныңа мені жақынырақ та апармай,

Алысқа қуып бездірмейтіндігің ұнайды.

 

Сенің мені “сағынбайтындығың” ұнайды.

Сезіміңе бағынбайтындығың ұнайды.

Кездейсоқ кезде көрініп қалып көзіме,

Мен күткен жерден табылмайтындығың ұнайды.

 

Сенің мені сыйлайтындығың ұнайды.

“Қия” тұрып “қимайтындығың” ұнайды.

Хабарсыз кетіп ұмыттым ба дегенде

Смс жазып қинайтындығың ұнайды.

 

Сенің мені сүймейтіндігің ұнайды.

Мен үшін, тіпті, күймейтіндігің ұнайды.

От болып өзім өртеніп шықсам түнімен

Дертімді қозғап үрлейтіндігің ұнайды.

 

Жымиып қана, күлмейтіндігің ұнайды.

Біле тұра білмейтіндігің ұнайды.

Қызғалдақ сынды қып-қысқа ғұмыр кешірмей

Қыстыкүні де гүлдейтіндігің ұнайды.

 

Телефоныма тіл қатпайтындығың ұнайды.

Жан жүрегіңді жұмбақтайтындығың ұнайды.

Сандықта жатқан тайтұяғындай әжемнің

Күн өткен сайын қымбаттайтындығың ұнайды.

 

Назарымды алып наздайтындығың ұнайды.

Көп нәрсе сұрап қазбайтындығың ұнайды.

“Маған көбірек хат салыңызшы”- деп еркелеп,

Поштама сосын жазбайтындығың ұнайды.

 

Екеуміздің...

Өткелдерді аттап өтетіндігіміз ұнайды.

Айтқандарымызға жететіндігіміз ұнайды.

Күндердің күні шығыс пен батыс екі бағытқа

“Қош” деп те айтпай кететіндігіміз ұнайды....



Бөлісу: