Көңілді барып, ренжіп қайттым...

Көңілді барып, ренжіп қайттым...
жеке
блог

        Міне, қылышын сүйретіп қыс та келіп жетті. Келіп жетті деймін- ау, Алатаудың шыңынан бауырын ала ақ көрпесін жауып үлгергелі үшінші күн. Қыстың алғашқы күнін ала тұңғыш Президентіміздің күнін атап өттік. Сол күні табиғат ақ қар күткен жұртқа тосын мінез көрсетіп, Алматыда сіркіреп жауын жауды. Бұл күздің 2013-тегі соңғы демі болар? Әлде Нұрсұлтандай Елбасы бар елге көктен құйылған нұр ма екен?

        Бөлмелес құрбыларыммен Тұңғыш Президент күніне орай берілген демалысымызды пайдаланып, керек- жарағымызды сатып алуға «Қарқара» сауда орталығына бардық. Біраз бой жазуды ойлап, Хамит Ерғалиев жағалауына да соғып қайттық. Күн көңілді өтті. Дегенмен, көңілімде бір реніш іспеттес толқыныс қалды. Неге дейсіз ғой?

        Қайда барсақ та қызылды- жасылды болып безендірілген шыршалар мен Жаңа жылға арналған баннерлер шықты алдымыздан. Тіпті сауда орталығының дәліздеріне дейін Жаңа жылдың келе жатқанынан хабар беріп тұр. Әрине, мерекенің өз дәрежесіне лайықты атап өтілгеніне кім де болса қарсы болмайды. Дегенмен, желтоқсанда тек Тұңғыш Президент күні мен Жаңа жыл мейрамы ғана емес қой! Азаттықтың ақ таңының атуына себепші болған, Қайрат пен Ерболдай ер ұлдардың, Ләззат сынды өр қыздардың ерлігіне тағзым етер күніміз бар емес пе? "Елім!" деп еміреніп, егемендікке ұмтылған жастардың желтоқсандағы жаңғырығы бүгінде ұмытылып бара жатқандай...Сан жылдар бойы ата- бабаның арманына айналып, бүгінгінің баласына аманат етілген Тәуелсіздігіміздің тұғырға қонуына себепші болған желтоқсанның қасіретті де қастерлі күні- он алтының халық санасына салған ізі қайда? Он алтының ерлігіне «өз көзімен» куә болған бұл Алматы кешегі азаттық жолында қыршын қиылған жастардың жанайқайын, желтоқсанның сол бір ызғарлы желін ұмытты ма?

      Әлде сол ізді Жаңа жылдың жылтырауық әшекейі басып кетті ме? Жаңа жыл дейміз- ау,қазағымның Жаңа жылы шынымен де жаңашылдықтың басы Күн мен Түннің теңелген тұсы 22 наурыз ғой. Ендеше, қазақтың басынан қара бұлтты көшіріп, қара дақты өшірген азалы да абыройлы күнімізді өзге мерекелердің көлеңкесінде қалдырмасақ екен!? Егемендігімізді алып етек- жеңімізді жидық екен деп өткеніміздің өрлігін, ерлерімізідің ерлігін естен шығармайық! Сонда ғана Тәуелсіздігіміздің бағасы артып, қадірі өсе бермек!