Tefal-дан тіркелген төрт оқиға немесе өзіңізге арналған "жоқтауды" естісеңіз қайтер едіңіз?

Есіме түссе әлі күлемін. 1-курста оқитын кезіміз. 1-2 ай ғана болған студент атанғанымызға. Келе салып, жатақхана алу қиын болды. Біраз әуреге түстік. Ақыры ала алмай, 1-семестрден кейін береміз деген сөзге бір үміт, бір күдікпен қарап, пәтер іздедік. Дереу дұрыс пәтер табыла да қоймады. Айымхан екеуіміздің сандалып жүргенімізді білген группаластарымыз өздері тұратын жекеменшік жатақханаға шақырды. Жатақхана деген аты ғана. Ұзын бір дәлізге 12 бөлме салған. Оның бір бөлмесінде ғана ұлдар, қалған 11 бөлменің бәрінде қыздар тұрады. Алғашқыда жаман көрдік, кейін амал жоқ уақытша болса да тұрайық деп тұрақтадық. Кейін үйреніп кеттік. 12 бөлменің тұрғындары өзара тату еді. Ұлдар тұратын бір бөлмеде 8 ұл тұрады. Сол сегіз ұлдың төртеуі өзіміздің группаласымыз. Қыздадың санын білмейміз. Айымхан екеуіміз кісімен араласа алмаймыз, бөлмемізден шықпай, сабақ оқып отыра береміз. Бір күні тефаліміз өзінен өзі істемей қалды да, ұлдардан сұрауға мәжбүр болдым. Сол жатақханадағы ең үлкеніміз Дәурен есімді жігіт, 4-курс оқитын. Енді оқуға түскен біздер оған қызығып қарайтынбыз, сол баяғы есеюге деген әуестік шығар... Дәурен тефалін ескертіп берді, бір жері дұрыс тимейді абайла деді. Мен ішіне су толтырып, шай қоймақ болдым, Айымхан сабақ қарап отырған. Токқа қосқан кезде, қатты дыбыс шықты да, мен ұшып түстім. Тоқтың қатты итергені сонша басыммен краватқа соғылып, естен танып жатырмын ғой. Жатақхананың іші бір демде у-шу болды. Әлгі сегіз ұлдың бесеуі мәдениет сарайында квн-ге дайындықта болатын. Барлық бөлменің қыздары шулап, жиналып қалады. Ұлдар жақтан Нұралы (өзімізбен жасты, ағылшын-қытай тілдері мамандығының 1-курс стденті еді) жүгіріп келсе, қыздар менің бетіме су шашып жатыр екен. Ал мен су шашқан сайын есімді жоғалта түсем. Нұралы көтеріп алып, далаға шығады. Ток ұрған адамды топыраққа жатқызу керек дегенді естігені бар екен. Сомен мені жерге жатқызып, болмай бара жатқан соң сасқанынан мені көтеріп алып, жатақханаға бір кіріп, бір шығады ғой. Бұл уақытта қыздар жедел-жәрдем шақырып қойған. Қасымдағы Айымхан мені көріп, ол талады. Өзі өте қорқақ қыз еді. Қыздар оған су шашып, аяқ-қолын уқалап әуреге түседі. Сонымен екеуімізде ес жинай алмай жатқанда скорый келеді. (бұл уақытта мәдениетте квн-ге дайындалып жүрген жігіттерге де хабар жеткен, ұшып жүгіріп олар келе жатыр екен)

-Ток ұрған қайсы?

-Міне, мынауысы.

-Ал анаған не болған?

-Білмейміз, ағай, ол өзінен өзі тала береді.

-Мына қызға не істедіңдер?

-Есін жисын деп су шаштық.

-Ақымақтар-ау, өзі ток ұрып жатқан адамды, су шашып жағдайын одан бетер қиындатыпсыңдар ғой. Естеріңде болсын, ток ұрған адамға су шашуға болмайды!

-Ағай, енді не болады, жағдайы қалай?

-Әкетеміз. Тексеру керек.

Осылайша жедел-жәрдемшілер, менімен қоса талып жатқан Айымханды да салып алады. Жедел-жәрдем жүруге айналғанда жүгіріп жеткен группаласымыз Айбол (оның аяқтары ұзын және тез жүгіретін, қалған балалар әлі жетіп үлгермеген) скорыйдың ішіне кіріп үлгереді. Енді дұрыс қой, науқастармен бір адам бару керек .  Маған укол салыпты, бір уақытта скорыйдың ішінде есімді жидым. Көзімді аша алмай жатып, Айболдың дауысын естідім.

                «Жаным, Айкааа, көзіңді ашшы, тастама бізді... Жаным, Ботаааа, кеткенің бе осылай... бізді қалай тастап кетесің... Жаным, Ботам, жас едің-ау...» жылап-сыңсып, зарлаған дауыс құлағыма жаман тиді. Сосын «еее мен шынымен өлген екем ғой, бір кездегідей мынаны да денемнен шығып көріп тұрған шығармын» деп ойладым. Өзіме арналған жоқтауды естіп, есімнен тағы тандым... Ары қарайғысын білмеймін... Ертеңіне есімді жисам, ауруханада жатырмын. Сол кеште бізді жедел жәрдеммен алып кеткен соң жүгіріп жеткен жігіттер, біздің жоқтығымызды көреді. Бұл жағдайға мен кінәлімін, Ботаға шайды өзім қойып беруім керек еді деп ашуланған Дәурен қабырғаны жұдырығымен бір ұрып, саусақтарын сындырыпты. Алдында ғана мені сабақта ренжітіп ем, бәріне мен кінәлі деген Заманбек дәлізде тұрған айнаны ұрып сындырып, қолын қан-қан қылып жырады. Ол екеуі де кешкісін сол больницада болыпты. Заманбек қолын таңса, Дәуреннің саусақтары үшін гипс салыныпты. Есімді жиып, су сұрағанымда, медбике келіншек әбден күледі. Не деген бақытты ең дейді. Құрбың есінен танып, достарың өздерін сен үшін жаралап жүр деп жымияды. Алғашында түсінбедім. Түс қайта артымнан келген 12 бөлменің 47 тұрғыны палатаға кіре алмай, мен аулаға шықтым. Қарасам шынымен Дәурен мен Заманбек жаралы. Ол екеуін де қолдарын таңып, Айканы укол салып тыныштандырып, түнде қайтарған екен. Ал мен 1 жетідей ем қабылдап шықтым.

P.S. Кейін көпке дейін күліп жүрдік. «Ботаны тоқ ұрып, Айка не үшін талды? Сонда біреу арақ ішсе, екіншісі мас бола ма?» деп қалжыңдайтын болды жатақханадағылар . Заманбек пен Дәуренге тіпті күліп жүрдік. Сол кезде біз үшін трагедия болған жағдай бәрімізді бір-бірімізге жақындатып, кейін еске алып күліп отыратын кезге айналды.



Бөлісу: