Айтыскер Амангелді

Айтыскер Амангелді
жеке
блог

   Қазақтың төл өнерінің бірі – айтыс. Жастан кәріге дейін аламан айтысты сүйіп тыңдайды десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын суырып салма ақындар көпшіліктің көзайымына айналған. Солардың бірі – арамызда жүрген жас дарын иесі Амангелді Сейтқан. Қостанай өңірінің тумасы. Ол өзгелерге ұқсап өнерге ерте араласпаған, айтыс алаңына 10 сыныпта аяқ басқан. Қуаныш Қазымбеков есімді ұстазы оны бәйгеге баулып, ең алғаш рет «Жас тұлпар» атты айтысқа қатыстырған. Содан бері Амангелді киелі өнердің көшінен қалмай келеді. Оның бойындағы суырып салмалық қасиет атасы Ахметтен дарыса керек. Себебі, бұл екінің біріне қона бермейтін бақ. 

   Амангелдінің ең алғашқы айтысы жайлы естігенде езу тарттық. «Ең алғашқы айтысқа шығарда қорқып, әуел баста бас тарттым. Оған дейін ешқандай сөзден ұтылып көрмеген мен үлкен сахнада ұтылармын деп ойладым. Ұстазым «өзім өлең жазып үйретемін» деген соң, әрең келісім беріп, айтысқа шықтым. Алғашқы айтыс қыз баламен өтті. Әуел баста ұстазым жазып берген бүкіл жырды айтып қойыппын. Қарасам уақыт бітпеген, содан тығырыққа тірелгенімді сезіп, әзілдеп қызға тиісіп, өз жадымнан өлең шығарғаным бар еді», – дейді Амангелді.

Амангелді

    Ол бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті  журналистика факультетінің 4-курс студенті. Арнайы  музыкалық білімі жоқ, бірақ мұнысына қарамастан Амангелді  Сейтқан өз бетінше талмай еңбектеніп, әрдайым ізденіс  үстінде жүреді. Содан болар, талай дүлділ жарыстардан  топты жара шыққан. Өнер көкке жеткізер демекші облыстық  айтыстарда қатарынан екі жыл бас бәйгені ешкімге  бермеген. Алматы қалалық әкімдігі мен «Арда» жас ақындар  үйірмесі ұйымдастырған «Махаббатсыз дүние бос» атты  «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күніне арналған айтыста бас  жүлдені қанжығаға байлаған. Хабар арнасы ұйымдастырған  «Жастар жырлайды» жобасында ақтық мәреге дейін жетіп,  көрермен көзайымына айналған.

   Қарап отырсаңыз, бүгінгі айтыс жайлы пікір қайшылығы  көп. Осыған байланысты Амангелдіге сұрау салғанымызда  ол Дулат Исабековтың пікірімен келісетіндігін айтты.  «Айтыскерлерде суырып-салмалық қасиеттің суи бастағаны рас. Өйткені, жазып алып «Дайын айтыс» жасауға көп ақындарымыздың еті үйреніп кетті. Сол арқылы, өзінің бойындағы негізгі өнері – суырып-салмалық қасиетті өлтіріп алып жатады», – дейді жас айтыскер ақын. 

   Расымен де, айтыстан да ажар кеткен бе дейсің кейде. Әрине, өкінішті себебі ақын деген ардақты атқа сын келтіру бізге де ұнай қоймайды. Дегенмен, айтыс – халық хабаршысы болған үлкен дода. Қол өнері – кілемде, сөз өнері – өлеңде. Өлеңіміздің тұшымды болғаны қай кезде де дұрыс емес пе?

   Ал жасына қарамастан аламанның «алпауыттарына» айналған айтыскерлермен шамасы келгенше шаба білу, кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, бозжігіттің таланты мен дарыны тек қошеметке ғана лайықты.

Айтқандай, кеше жастардың арасында айтыс болып өтті. Он айтыскер бақ сынасты. Көп жастар айтыстың арқасында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театырының ғимаратын көріп қайттыFoot in mouth. Әрине әзіл ғой. Түсінген адам түсінеді. Айтысқа қазақ жерінен бөлек Қытай мен Қарақалпақстаннан келген қазақ қандастарымыз да қатысты. Қазылар алқасында елге танымал Айнұр Тұрсынбаева, Амангелді Сейтқан, Мұхамеджан Тазабек сынды азаматтар болды. Аламан айтыстың бас жүлдесін Қытайдан келген қандасымыз - Анаргүл Беделханқызы алса. Бірінші орынды біздің кейіпкер Амангелді Сейтқан алды. Анаргүл үй жеңсе, Амангелді 150 мың теңге ұтты. Ал Амангелді су жаңа жүлдең құтты болсын!!!!

                                                                                                                                    Гүлжан Серік