Ана жігіт ше, мама

Кеше үлкен қызым жанымнан айналшықтап шықпай жүрді. Бір нәрсе айтқысы келгенін білдім де:

-Қызым, не болды балапаным, айта ғой,-деп құшақтадым. Сөйтсем құдай-ау кішкентай көздері жылт-жылт етіп:

-Мама-ау, мен үйленетін болдым,-дейді. Күлкім келіп кетті. Бірақ байсалды күй танытып:

-Кімге, қызым?- деп сұрадым.

-Әншіге,- деп қояды.

-Ол қайсы әнші?- деп таңқалдым. Далбасалап тұрған шығар деп ойладым. Сөйтсем:

-Әли..... Оқапов ше, соған,- дейді- Әдемі ғой, өлеңі де әдемі.

Шыдай алмай кеттім, күліп жібердім. Менің күлкіге айналдырғаныма бұртиып ренжіп қалды, бір жағынан өзі де ұялып қалды, білем.

-Сен күлесің, енді айтпаймын-деді.

Қызық сезімде болдым. Негізі қыздарыммен сырласуға дайындалып жүргем. Бірақ  сол сәтке әлі 10 шақты жыл бар десем.  -Балапаным-ау сен алдымен 1 сыныпқа барып алшы,-дедім. Бұртиып басын шайқады да, бөлмеден қашып шығып кетті.

Жаным-ау, кіп-кішкентай, кіршіксіз, арамдық атауынан пәк жүрегіңнен айналайын.



Бөлісу: