Екі дүниенің барына сенем

Расында кейде «ана дүниеге барып келдім» деген әңгімелерді естіп жатамыз. Бірде сенсек, бірде сенімсіздікпен қараймыз. Мен екі дүниенің барына сенем. Оған о дүниеге барғанда көзім жеткен.

Бесінші сынып оқып жүргенімде, 5 қабатты үйдің 3 қабатында тұрамыз. Үйден шықпаймын. Қысқы демалыста мамам ауылға тойға баратын болды. Әкем іссапарда. Қыздарды тастап кете алмай, бәрімізді алып кетті. Сомен қақаған қыста маманың төркініне бардық. Бірақ ауыл қыс болып, қар жауып тұрса да жылы еді. Оңтүстіктің ауа-райы жылы ма, адамдарының жүзі жылы ма, білмедім... Үлкендер той қамында. Ал бала-шағаның әуресі одан да маңызды. Қырдан сырғанап төмен түседі, ентігіп шаршап, шанасын сүйретіп қайта көтеріледі. Бұл да оңай шаруа емес еді.

Бір кезде нағашымның қызы жүгіріп келді. Өзі әзер сөйлеп тұр ентігіп. Екі беті мұрнының ұшына дейін қызарып кеткен. Маған жүр дейді ғой ойынға. Анандай үлкен қырдан сырғанайық дейді (өскенде байқадым, ол оншалықты үлкен де емес екен). Мен ат-тонымды ала қаштым. Шынын айтсам, сырғанап көрмегем ғой. Есіктің алдындағы жазда сырғанайтын темір сырғанақты мұнымен салыстыруға болмайды.

Сандуғаш та өтініп қоймады. Өзі мені 2-3 жылда бір-ақ рет көреді ғой, қан тартатын шығар, әйтеуір жақындығымды біледі. Мамам да менің ойнағанымды, сырғанап көргенімді қалаған сияқты. Бар деп қолқалады. Амалсыз ердім. Тізем дірілдеп келеді. Жаурап емес, қорқып. Оны туыстарыма білдіргім келмейді. Сомен қырдың басына шықтық. Сырғанайтын төменді көріп басым айналды. Қатты қорқып тұрғанымды білем, бірақ білдіртпеймін. Сандуғаш мені бір шанаға отырғызды да, мықтап ұста деп, арқамнан итеріп жіберді. Шананы ұстап отырмын, бірақ көзімді қатты жұмып алғам. Бір кезде көзімді аша алмаймын, басым айналып барады. Қатты бір нәрсеге соғылғанымды білем. Столбыға соғысыппын.Көзімді ашсам ауылдың барлық баласы төніп қапты. Қатты намыстанғаным-ай... Орнымнан атып тұрдым да, қайтам деп үйге кетіп қалдым. Үйге келіп, шаршадым, жатқым кеп тұр дедім. Үлкендердің бәрі күлді. Бір сырғанап шаршап қалды, біздің балалар сонда таң атқаннан кешке дейін деп мақтанып жатыр. Оны тыңдауға шама келмеді. Ұйықтап кеттім. Оянсам, бәрі тойға кетіпті. Бала-шаға мен бір туыс үлкен әпкем ғана үйде жүр. Үнсіз отырдым. Жаныма бір нәрсе батып барады. Не екенін өзім де білмеймін. Сондағы шыдамдылығыма таң қалам. Түнде мамамдар келді. Мамамды көре сап жылап жібердім. Мамам кеп құшақтағаны сол еді, құса бастадым. Көкпеңбек ащы әрі   жаман иісті еді. Мамам медицинаның адамы, орнынан атып тұрды. Скорый шақырыңдар, мына қыздың іші дұрыс емес деді. Жедел жәрдем келгенше, мамам сұрақтың астына алды.

-Қызым, не болды? Қай жерің ауырып тұр?

-Еш жерім мама, тек ішім біртүрлііііі боп барад.

-Неге? Қалай болды?

-Жаңа кешкісін шанада құлап қалып ем...

Ары қарайғысын білмеймін. Есімді жоғалттым. Бір кезде көзімді әрең аштым, ақ халат киген ағалар жүгіріп жүр, менің төбемнен светтер жағып қойыпты. Қайтадан ұйықтап кеттім.

Сосын не болғанын білесіз бе? Мен бір уақытта өз денемнен шықтым. Өзімді көрдім. Ақ халат киген бір апай ағайдың терін сүртіп жатыр екен. Бәрі бас шайқасып жатыр. Бір уақытта қолында бір темірлері бар ағай көзіне жас келіп тұрып, менің бетімді ақ жапқышпен жапты. Ал мен асықтым. Әлгі бөлмеден ақ халат киген кісілерден бұрын шығып кеткі келді. Жабық тұрған есікті ашпай-ақ, арғы бетке өтіп кеттім. Бұл беті қап-қараңғы түнек екен. Қорқып тұрмын. Қап-қараңғы әрі қорқынышты болды. Сол түнектен кішкентай ғана дөп-дөңгелек саңлақ жарық көрінді. Қуанып кетіп, сонда қарай беттедім. Барсам, кіре бергенімде-ақ көп ақсақалдар күтіп алды. Бірі өз атам (әкемнің әкесі) екен деймін, бірі нағашы атам т.б. Сол көп қарияның ішінен Төле би маған жақындады. Иә, кәдімгі үш бидің төбе биі Төле би. (менің әкем Төле бидің 10-шы ұрпағы. Әкемнен ұл болмаған соң сол шежіре менің әкеммен тоқтап қалған) Төле би бабамыз маңдайымнан сипады да, жетектеп өз атама қол ұстастырды. Атам маған ұрсып жатыр. «Неге келдің? Мұнда саған орын жоқ. Әлі қаншама адам бар. Сен баласың ғой» деген сөздерді ап-анық естідім. Солай ұрысты да әлгі өзім келген қара түнекке қарай итеріп жіберді. Қара түнектің бергі бетіне келсем, әлгі өзім жатқан жерден бір-ақ шықтым.

P.S. Кейін ауруханада 3 ай жатып, үйге шықтым. Сосын білдім ғой, дәрігерлер «ота үстінде айырылып қалдық, қыздарыңызды аман алып қала алмадық, дайындала беріңіздер» деп үйдегілерге естірткен екен. Тоқтаған жүрегім 10 минуттан соң өзінен өзі соғып кетіп, ота қайта жасалыпты. (столбыға соғысқанда ішпен соғысып, бүйрек бен бауыр езіліп, артынан жүрекке қан кеткен екен) Бұл сол аудандағы дәрігерлердің тәжірибесіндегі алғашқы жағдай болып тіркеліпті.



Бөлісу: