Жын-перілер өмірде бар ма?

Түнімен егін басын күзетіп, жапан далада кереует қойып, жалғыз түнеген Мансұр таң қылаң бере ұйқысынан: Балам оян! –деген дыбыстан тұрды. Таза ауада тәтті  ұйқыға батқан ол - зәресі  қалмай жастықтан басын жұлып алды.  Көзін ашып қараса жанында қап-қара болып киінген әжей отыр. Бөгде жаннан шошынғаны соншалық, тілі күрмеліп, іс-әрекетке шамасыз қалды.  Осыдан соң жұмбақ кәрия қолындағы таяғын алып, бір-екі аттап ғайып болады. Бұл Мансұр атты жігіттің басынан өткен, өз аузынан шыққан оқиға. Келесі ұсынылған оқиға нұсқасы Рахат атты жігіттің өмірінен:

      Рахат әдетте дос-жарандарымен бас қоса қалса, сыраханадан шықпай, талай бөтелкені сіміре ішіп, жастықтың тойын тойлайтын.  Осындай отырыстан әбден масайрап келген соң  даладағы нарға  құлай кетті. Ештемені сезбей қатып ұйықтап жатқан кезде тынысы тарылып, қысылып, әрең ес жиды. Ояна салысымен, түрінен адам шошырлық қара кемпірді көзі шалды. Өз көзіне сенерін білмей жанталасқан жігіт -  қылғындырған құбыжықпен  алыса кетті.  Кәлимаға тілін әрең келтіріп, бар күш-жігерін жинап, өзіне тарпа бас салған күш иесін бір ұрған еді, сауылдаған құм сияқты шашырап кетті.  Ертеңіне болған оқиғаны әрі ойлап, бері ойлап шындыққа мүлдем жанаспайтындығына өзі де таңданып, түсім болар деген оймен ұмыта бастады. Осылайша күн артынан күн жылжып, тағы да Шымкентке жолға шықты. Созылған темір жолмен жүйткіген поездың ішінде отырып, еріксіз қасындағы намаз оқыған жігітке назар аударды. Сапарласына таяу келіп, әңгімеге тартты. Сөз арасында Рахат жанындағы жігіттің білдей бір мешіттің имамы екендігін естіді. Осындай жас жігіттің не себеппен дін жолына түскені Рахатты қатты қызықтырды. Оны өзі сұрап та алды. Әлгі жігіт: «Мен айтсам сенбейсің, бірақ...» деп Рахатқа дәл оның басынан өткен сол бір қара кемпір қылғындырғандағы әңгімесін айтып берді. Оған таң-тамаша болған Рахат ләм-мим деместен үнсіз ойға батты.

       Аман-есен үйіне оралғанда да қызық бір оқиға болыпты. Рахат қарындасы Араймен үйде жалғыз қалған бір түні  ұйықтап жатқан жерінен тұрып, ұйқылы-ояу қабырғаға қарап, қатты айғайлаған екен.


      

    Жындар мен періштелердің бар екендігіне сенбейтін материалистер мен оның барлығын дәлелдеген Еуропа ғалымдарының зерттеулерін саралап, өзіндік баға берген Шәкәрім Құдайбердіұлы "Үш анық" атты еңбегінде былай дейді:

     "Келдi, кеттi,
      Толды, солды,
      Өзгелендi бұл әлем.
      Туды, өлдi,
      Жанды, сөндi,
      Өршiп өндi қайтадан,- бұл өлең жолдарынан өлімнен соң өмір бар екендігіне дәлел табамыз. Шәкәрімнің аталмыш еңбегінде жанның мәңгі екендігін айғақтайтын терминдер кездеседі. Олардың анықтамасын былай деп жазады:
      Магнитизм – бiр адамның жанына жанның қуатымен әсер берiп, ерiксiз ұйықтатып, сонан өткен бiр iстi немесе келесiде болатын бiр iстi сұрап, ғайыптан хабар айтқызады, тағы басқа iстер iстейдi.
      Спиритизм – өткен адамдардың жанын шақырып алып, кейде ғайыптан хабар алғызады, кейде қағаз да жазғызады.
      Телепатия – тiптi алыстағы тiрi адам жаны мен өз жанын хабарластырып, оған ойлағанын iстете алады". Осылардың ішінде спиритизмге жасалған түрлі сынақтар туралы мысалдарды көп келтіреді. Соның бірінде былай дейді: "Америкада бiр адам өзiнiң жақын қарындасын қиянатпен алдап, көңiл қосып қояды. Ақырында әлгi қыз жүктi болып қалады. Жұрттан именген ол өзiн елеусiз орынға тасаласа да жұрт бiлетiн болған соң, әлгi сұмырай қызды өлтiрiп, көмедi. Кейiн әлгi жас өлiк қабiрiне жақын тұратын бiр темiршiге өлген қыздың жаны келiп тiл қатып, үрей тудырады. Ол аруақ қыз былай дейдi: “Менi өлiмге қиюшы ломмен ұрып қатырды да, пәлен жерге киiмiмдi, пәлен жерге денемдi тықты. Сол оқиғаны судьяға айтпасаң, өзiңдi жазым қыламын”. Сонда қыз сөзiн тыңдаушыға қыздың мылжаланған миы бұрқырап, қаны ағып, иығынан жоғары дене суретi түгелiмен жас баланың сәулесiндей боп көрiнiп тұрады. Мұны естiген темiршi судьяға бiрден мәлiмдей алмай, үш күн өткiзедi. Аяғында болған шындықты судьяға мәлiмдеп, тексеру жүргiзсе, оқиға болмысы өлген қыз айтқандай болып шыққан. Мұны естiген спириттер сол қыздың жанын шақырып алып, бөлменiң төрт бұрышына сегiз жерден сурет тартатын аппарат қойып, соған қыздың жаралы пiшiнiн, иығынан көрiнген баланың сәулесiн түсiрiп алыпты. Сол сурет бүгiнде ғылыми жиналыс үйiнде сақтаулы тұр.
      Спиритизмдi алғаш ашқан Кэткеризм деген екен. Американың иелiгiнде спириттерге келгенде сурет тартатын аппаратпен алынған суреттер бар дейдi".  Шәкәрімнің бұл еңбегінде үлкен философиялық астар бар. Ол: "Адам ақиқатты бас көзiмен көрмейдi, ақыл көзiмен көредi. Бiлiп жаратушы – тәңiрi, өлiмнен соң бiр түрлi тiршiлiк бар. Екi өмiрге де керектiсi – ұждан. Ұждан дегенiмiз – нысап, әдiлет, мейiрiм"-дейді.

           Шәкәрім Құдайбердіұлы келтірген терминдерден өзге "реинкарнация" түсінігі бар. Ол - адам жанының мыңдаған жалдар бойы әр түрлі денеге: жан-жануарлар мен барлық тірі ағзаларға  қоныстанып, өзінің шырқау шегіне жеткенге дейінгі орын ауыстыруы деген мағынаны үстейді. Бұл жөнінде әйгілі буддолог-ғалым  Эдвард Конзе зерттеу жұмыстарын жүргізген. 

          Кейде бір адамның денесін өзге жан келіп иемденген жағдайларды естіп, не фильмдерден көріп жатамыз. Католиктердің дәстүрінде сол бөгде жанды денеден аластауды "экзорцизм" деп атайды.

          Адам жанын зерттейтін ғылымды - "психология" деп атайды. Бірақ бұл ғылым жанды емес, көбіне адамның  ес-ақылын қалыпқа келтіруге назар аударады. Сонымен қатар, "парапсихология" түсінігі де бар. Ол қарапайым адамның санасы қабылдамайтын болмыстарды зерттейді. Бұл ұғымды 1889 жылы немістің философия ғылымдарының докторы Макс Дессуар  алғаш ғылымға енгізген. 

         Екі өмірді де бірдей сыйлайтын Аллаһ Тағала " адамды не мақсатпен жаратты?"  деген сұрақ бізден де бұрын талай жанды толғандырған. Бұл сауалды біз "Нұр Мүбәрәк" мешітінің ардақты ұстазы, дін тақырыбындағы 20 шақты кітаптың авторы Мұхитдин Исаұлына қойған едік:

        "Аллаһ дүниені не үшін жаратты? Ең алдымен ол өзінің құдіреттілігін, өнерін көрсету мақсатымен табиғатты үлкен көрме етіп, жер бетіне тіршілік дәнін екті. Осының барлығын түсіне алатын, сезінетін ақылды жандарды көргісі келді. Содан ол періштелерді  жаратты, оларда ерік бар, бірақ  жаманшылыққа емес, 99,9% жақсылыққа бұрылады. Одан кейін жындар бар, олар оттан жаратылғандықтан, метафизикаға көбірек бейімделеді және көзге көрінбейді. Үшінші адам Халифа болып жаратылды, сөйтіп жынды оған табындырып қойды. Ібіліс өзінен артық ешкімді қабылдағысы келмеді, оның алдында ол тақуалығымен аты шыққан періштелердің ұстазы еді. «Мен адамнан биікпін, үстеммін!» деп мойындамағаннан кейін Аллаһ оны жұмақтағы орнынан қуып жіберді. Кейін ол Ғазірет адам мен Хауа ананы жер бетіне түсіргеннен соң, оларды азғыруға кірісті. Осыдан адам мен шайтанның арасындағы мәңгілік талас басталды. Ібіліс жұмақтан айырылып, тозаққа баратын болғандықтан, өзімен адамның ұрпағын да алып кеткісі келді. Адамнан қай уақытта бала туылса, шайтан оның артына өзінің шәкірттерін қойып қойды. Осы жерде шәкірттер қайдан пайда болды?-деген сұрақ тууы мүмкін. Оның жауабы: адам пайда болмас бұрын жер бетінде жындар өмір сүрді. Аллаһ тағала  «Зәриәт» сүресінің 56-аятында: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық қылуы үшін жараттым» деген.  Байқасаңыз, жынды бірінші атап көрсетеді. Олар жер бетін жайлаған уақытта араларында қатты қақтығыс шығып, бұзықшылық жасады. Жаратушы аспаннан Жебірейіл періштені әскерімен жіберіп, жер бетінен қуды, жазалады. Біразын тауға, біразын теңізге тастады. Содан бері жындар кәдімгідей алшақта тұрса да, адамдармен етене аралсып кетті. Олардың өздері құрған орталықтары бар, жердің сол аймағында жұмбақ оқиғалар болып жатады. Олардың өмір сүру ұзақтығы 2000 жылдан 6000 жылға шейін жалғаса береді. Бізбенен параллелді түрде өмір сүргендіктен, белгілі бір уақыт аралығында олардың Алланың есімдері арқылы жіберілген кодын пайдаланып, біздің әлемге өтетін уақыты болады. Олар  біздің өмірімізге әр түрлі кейіпте өтеді: шыбын не жылан сияқты жан-жануарлардың түрінде көрінеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Егер шыбын немесе жыланды көре қалсаңдар, алдымен 3 рет «Алла разылығы үшін кет!» деп айтыңдар. Себебі жын сендердің бауырларың болуы мүмкін» дейді. «Жын бауырларың болуы мүмкін» дегені жындар мұсылман және кәпір болып екіге бөлінетіндігінен. Сол сияқты олар адам кейпінде де келуі мүмкін".




Бөлісу: