Сіздің пәтеріңізді өзге де аша алады

Иә, көзімді ашсам, еңгезердей екі еркек үйді алаңсыз аралап жүр... Әдетте түнде оянатын әдетім де жоқ еді...

Ол уақытта Абай-Қонаев көшелерінің қиялысында орналасқан бес қабатты ескі үйлердің бірінде тұратынбыз. Пәтер болғандықтан, «сенің бөлмең», «менің бөлмем» деген әңгіме де жоқ. Залда әдетте теледидар көріп, демалатынбыз. Ас үйде тамақтанып, келген қонақты да кухняда күтетінбіз . Ал жатын бөлмеде мамам, екі әпкем, сіңілім бәріміз жатамыз. Тар бөлмеге құрылған екі төсек, мен мамамның қасында жатам, сіңілім екі әпкемнің ортасында жатады.

Сол мен мектеп бітіретін жылы ғой, әдеттегідей улап-шулап (өңшең етектіміз) кеш жаттық. Мамам күндегі әдетімен сыртқы есікті мықтап бекітіп, терезелерді бақылап, бәріміздің жатқанымызға бір көз жүгіртіп, жарықты сөндірді.

Бір кездеееее... Бір кезде көзімді ашсам, қою қараңғы бөлмеде фонариктің жарығы сығалап, екі кісі аяқ жағымызда жүр. Ұқпадым. Тілге де келе алмадым. Біраааааз жаттым. Бір кезде тіл қаттым, әрине, ол кісілерге емес, мамама қарай.

-Мама, үйде көршілер неғып жүр? (неге көршілер дегенімді білмеймін, бірін астыңғы қабаттағы Саша ағайға ұқсаттым ғой деймін)

-Қайдағы көрші, қызым? (мамамның да ояна қалғанын, мені дер кезінде естігенін айтам)

-Білмейм, қараңызшы, екі кісі жүр ғой.

Осы кезде әлгі екеуі апыр-топыр сыртқы есікке қарай жүгірді. Бірі қабырғаға соғылған да сияқты. Үйдің іші бірден у-шу болды. Бұл кезде ұйқыдағы арудың бәрі оянып алған еді. Мамам тұрып жарықты жақты, ешкім жоқ. Бәріміз бір-бірімізге қарастық. Сыртқы есік айқара ашық тұр. Ал сосын ұйықтап көр! Таңды көзбен атырдық. Күн сәскеге көтерілгенде біріміз оқуға, біріміз жұмысқа жиналдық. Сонда білдік, әлгі екеу «байқамай» үйдегі үш ұялы телефон мен бір алтын жүзікті алып кетіпті. Өздерініңкі екен деп қалған шығар . Қазақшалап бар бәле-жала сонымен кетсін дестік.

Ертеңгісін бір үйдегі 19 пәтердің заттары ұшты-күйлі жоқ боп кеткені туралы гу-гу әңгіме жүріп жатты.

Ал мен біраз уақыт есімді жинай алмай жүрдім. Әлгі көршіме ұқсатқан кісінің бейнесі көз алдымда ұзааааақ тұрды...



Бөлісу: