АҚШ

АҚШ
жеке
блог

Алғы сөз:

Тақырыпқа қарап, Америка туралы жазыпты деп ойладыңыз ба?! Америкаға әлі жолым түспеді. Бұл Айгерім және Шыңғыс атты (есім өзгерген....Embarassed) екі жастың хикаялары.


Олар бір мектепте, бір сыныпта, бір партада отыратын. Бірінші сыныптан бері бірге оқыған олар махаббат деген сезімді 4-5 сыныпқа келгенде білген шығар... Шыңғысты қайдам, бірақ Айгерім сыныптастарының Шыңғысқа қоса беретініне ызаланады. Өйткені, Шыңғыс оған аса ұнай қоймайды.

Шыңғыс сыныптағы үлгілі оқушы: математик, өлең жазатын қабілеті де бар және суретші. Бірақ тәртіпсіз: 6 сыныптан бастап темекі тартқан, төбелестердің негізгі ұйымдастырушысы еді. 

Бәрі олар 6-сыныпта оқып жүргенде басталды. Шыңғыстың күнделігі, сөмкесі, барлық дәптерлерінің бір бұрышында "АҚШ" деп оюлап жазылған жазу бірден көзге түседі. Ол отыратын партада неше түрлі етіп, әдемілеп салынған белгілер: "АҚШ". Айгерім оның қасында отырса да, сол сөздің алғашқы әрпі өз есімінің бас әрпі екеніне миы жетпеген. ;)) Ал сыныптастары бұл екеуіне "АҚШ" деп айтуға үйреніп кеткен. Бір күні Айгерім АҚШ деген қысқарған  Америка сөзі емес, "Айгерім Қосу Шыңғыс" деген сөздердің бас әріптері екенін біледі. Біліп, ызаланады (Айгерім злюка)... Шыңғысқа енді олай жазбауын өтінді. Тіпті қасынан басқа орынға отыруын мұғалімнен сұрап, орнын ауыстырды... 

Шыңғыс Айгерім үшін бәріне даяр. Барлық мейрамдарда сыйлық пен әдемі өлеңін жолдап, Жалғасбек досынан беріп жібереді. Тіпті 22 наурыз бен 16 желтоқсан секілді мерекелерді сылтау етіп, әдемі сыйлықтарын ұсынып тұрады. (Айгерімнің бөлмесін ойыншыққа толтырды ғой) Қанша бұзық, сотқар болса да, Айгерімге келгенде ұялып қалады. Биология пәнінің мұғалімі конспект жаздырғанды ұнататын. Шыңғыс алдымен мұғалім оқып отырғанда, Айгерімнің дәптеріне жазып беріп, кейін өзіне көшіреді.

Жылдар өтті.... 8-сынып, 9-сынып... Шыңғыстың Айгерімге деген махаббатын бүкіл мектеп біледі. Тіпті мұғалімдер де...  Шыңғыс жасырмай Айгерімге сезімін білдіретін болды. Ал, Айгерім теледидардан көрген әнші-актерлерге ғашық болатын... Соларды армандайды.Frown 

Ақындық өнерімен мектепке танылған Шыңғысқа өзге сыныптардың қыздары ғашық бола бастады. Айгерімде сезім пайда болмаса да, Шыңғысты өзге қыздардан қызғанатын. Тіпті разборкаларға да барып жүретін. ;)

Олар енді бір партада отырмайды... бірақ бір сыныпта оқиды.

9 сынып аяқталысымен, Шыңғыс Астанаға оқуға кетті. Айгерім болса, 10 сыныпта оқып жүр. Қысқы каникулға Шыңғыс қалаға келіп, Айгерімге деген сезімін екі бет А4 қағазға тізбектеді. Ол жерде Шыңғыстың 1-сыныптан бері Айгерімге ғашық екені, сезімінің мұхиттан терең, Сахарадан ыстық, көк аспаннан кең екені және Айгерімге ғашық болғанына 10 жыл болғаны жазылыпты... Айгерім хатты оқып, ұзақ ойланды... Бірақ жауап қатпады, ұмытып та кетті. Шыңғыс Астанаға қайта кетті... Бір жыл өткен соң Айгерім оқуға Алматыға аттанды... Алматыда басталған оқу жылының алғашқы айында, Шыңғыстан поштамен хат келді. "Алматы" деген өлеңін жолдапты. Шыңғыстың бұл Айгерімге соңғы рет білдірген сезімі... Сотқар бала ұзынбойлы, салмақты жігітке айналса да, Айгерімнен әлі ұялып жүр....

Айгерімді дәл Шыңғыстай сүйген жан болмады. (болашақта болатын шығар) Қазір оны жиі есіне алады. Мені дәл Шыңғыстай сүйетін адам болса екен деп те армандайды. Өзінің бір рет болса да Шыңғысқа жылы шырай танытып, сезіміне жауап қатпағанына өкінеді...

Жасы жиырманы орталаса да, Айгерім махаббат сезімін бастан өткермеді... Шыңғыс туралы естиді, бірақ одан хат, қоңырау келмейді. Шыңғыстың ешбір әлеуметтік желіде отырмайтыны өкінішті. Айгерім телефонына хабарласқысы келеді, бірақ не деп әңгіме бастарын білмейді. Байланыс баяғыда үзілген...:(


Сені біреу сүйсе, ол да бақыт! Балалықпен әлде көкірек пе, Айгерім сол бақытты бағаламады. Шыңғыстың хаттары мен сыйлықтары сақтаулы. Қазір олар Айгерімнің ең бағалы естеліктері!

ПЫСЫ: Сезімдерді бағалайық!!!