Достық па, махаббат па?

Расында, қайсын таңдар едіңіз? Достық па, махаббат па? Шынымен, екеуін тең дәрежеде, бірдей қарауға болмай ма? Менің осыған еш ақылым жетпей-ақ қойды. Меніңше достың да өз орны, махаббаттың да өз орны болу керек.

Бастауыш сыныптан тай-құлындай тебісіп өскен Асыл есімді «досымыз» бар. Біздің мектеп арнаулы мектеп болғандықтан 1 сыныпта 12 оқушыдан аспайтын. Ал біз 11 оқушы бітірдік. Мектеп бітірген соң мен Түркістанға, Асыл Астанаға оқуға түстік. Ал қалған тоғызымыз осы Алматыда қалды. Бәріміз жоғары білім алып, армандарға қанат қақтық. Әр кездескенде сағынысып көрісетінбіз. Бір үйдің балаларындай едік. Тек Асыл ғана Астанаға оқуға түскен соң қатты өзгерді. Бізбен байланысын үзе бастады. Өзі шымкенттік арумен жұп құрды. Бірде айтқаны, «сендермен араласам деп, Гүлзираны ренжіткім келмейді, бәрің аман жүріңдер». Соңғы сөзі осы. Қызы ренжитіндей, біз не істедік? Керек десеңіз ол қызбен танысқан да, біліскен де емеспіз. Осы қылығы үшін сыныптастар бәріміз көңіліміз қалып, ренжіп жүргенде, Сырым (Асылдың ең жақын досы болатын) «достар, біз оған уақыт берейік. Ол қазір махаббаттың буымен жүр ғой. Күтейік. Уақыт өте келе ол өзі ортамызға оралады. Тағы келін баланы алып кеп, бізбен таныстырады, тобымызға қосады әлі-ақ» деп бізді сабырға шақырған. Сол үшін сонша шырылдаған ең жақын досы сырым осыдан бірнеше жыл бұрын жол апатынан қайтыс болғанда Асылымыз келмеді. Бір уыс топырақ салуға да жарамады. Жетісі, қырқы, жүз күндік асы, жылы ешқайсына келмеді. Сондағы жіберген хабары, «барсам, сендермен көрісуге тура келеді. Мен сендермен кездесіп, Гүлзираның көңілін қалдырғым келмейді». Құдайым-ау, адам өліп жатқанда да үш жыл бұрынғы әңгіме қайталанды. Не біздің «досымыздың» есі дұрыс емес, не тапқан ғашығы бір түрлі... Не біз «түсінігі жоқ, нашар доспыз»...

Кеше  сол Асылымыз Whatsapp желісінде жазып отыр. Таң қалдым.

-Сәлем!

-Сәлем!

-Қал қалай?

-Шүкір. Өзің?

-Жаман емес.

-Не жаңалық?

-...

-Сөйлескің келмейтінін білем. Бірақ мен сендерді сағындым. Бәріңді сырттай біліп жүрем. Сенің мақалаларыңды оқып жүрем. Мейіржанның министрлікте қызметте екенін естіп іштей қуандым. Жұлдыздың ана болғанына да қуандым. Айдананың АҚШ-қа оқуға кеткеніне де мақтанып қалдым. Мен сендермен байланысымды үзсем де, бәріңнің барлық жағдайларыңнан хабардармын.

-Ммм... Ғашығың қалай?

-Жақсы ғой. Былтыр үйлендік.

-Ааа. Сәлем айт (айта алсаң, айтуға болса, әрине)

-Сөздерің қандай жанға бататын, ауыр сөз еді... Айтайын сәлеміңді!

-Сенде ондай батылдық бар деп ойламаймын. Ол ащы да болса, шындық!

-Қатты көңілдеріңді қалдырыппын. Бірақ Гүлзира сол сыйлағаныма лайық қыз!

-Біздің Гүлзираның жақсы қыз екеніне күмәніміз жоқ! Өкпеміз де жоқ! Тек досымыздың жігіт сияқты мықты болғанын қалаймыз. Жасықтық саған жараспайтын еді... Қызыңды сыйлау, достықты құрбан ету деп түсінсең, өте қателескен екенсің. Ол сыйлауға жатпайды!

-Жарайд, рахмет, аман бол!

-...

Осымен 4 жыл бұрын үзілген байланысымыз тағы үзілді. Бұл жағдайды сыныптастарыма айтсам, күйіп-пісетін шығар, айтпай-ақ қояйын деп шештім. Тек сіздермен бөліскім келгені... Шынымен достардың олардың махаббатына не қатысы, не зияны бар, соны ұқпадым... ішімнен, әйтеуір үйленіпсіңдер, бақытты болыңдаршы! Әй, менің ақымақ сыныптасым-ай деп қала бердім...



Бөлісу: