Абу-Даби сапары жайлы

Абу-Даби сапары жайлы
жеке
блог

 

Бөтен елге шыққанда нені ескеру керек? Әрбір турист жол жүрерде осыған бас қатыратын шығар, дегенмен ойлағанының бәрін істей бермеуі мүмкін. Қателік жіберіп, өкінген соң ғана «келесіде міндетті түрде ескеруге» бел буады. Сапар сонысымен есінде қалады.

 Ең басты нәрсе, әрине, ақша. Ұлттық валютаны айырбастап алуды естен шығармау қажет. Мен естен шығармадым, бірақ Араб Әмірліктері қазақстандықтар жиі баратын ел болғандықтан, ол жақта айырбас қиындық туғызбайды деп сеніппін. Сөйтсем, қателестім. «Эйр Астана» қызметкері болмағанда, теңгелерімді құшақтаған күйі қалатын едім.

 «Жергілікті валютаны отельде айырбастамаған жөн» деген кеңестен хабарым бар. Бірақ жағдай солай болды. Елден шыққанда ескермегендіктен, қонақүйде айырбас жасауға тура келді де, тағы да желіндім. Бірақ бұған әсте өкінбедім. Бір доллар 3,67 дирхамға, ал бір дирхам 41 теңгеге тең. Абу-Дабиде дирхаммен сауда жасаған тиімді, ұтылмайсың, әйтеуір, бұл кеңеске құлақ астым.

 

Абу-Даби – әлемнің ең ыстық қалаларының бірі. Қыс кезінде ең төменгі температураның өзі 13 градус жылыдан кемімейді. Сондықтан жылы киімдерді бір пакет қылып апарудың қажеті жоқ.

 

Шейх Зайд мешіті – Абу-Дабидегі ең басты көрнекі орын. Әлемдегі ең ірі алты мешіттің бірі Әмірліктердің тұңғыш президенті Зайд ибн Сұлтан ән-Нахайянға арналған. Ұлы шейхтің өзі осы қасиетті орында жерленген. Мұнда сегіз адамнан аз топ болып келген дұрыс. Сегіз адамнан тұратын топ арнайы рұқсат алуы қажет болады. Мешіттің атын, әсіресе, шейхтың атын дұрыс білмесеңіз, естіртіп айтпағаныңыз жөн. Біздің гидіміз украиналық Андрейдің айтуынша, бірде «Зияд шейх мешіті осы ма» деп сұраған америкалықты жергілікті полиция жауапкершілікке тартқан.

 

Мешіт ішінде құбылаға арқаны беріп отыруға, сырттағы бассейннің ернеуіне отыруға және ұлы шейхтің мешіт жанындағы қабірін суретке түсіруге рұқсат етілмейді. Бірақ мен хауыздың жанына отырып суретке түсіп алдым.

 

Абу-Дабиде шейх тұратын аудан бар. Бұл жақта көгал, жасыл желек көп. Өйткені Әмірліктерде дәулет адамның қанша жасыл желек отырғызғанымен өлшенеді. Бұл ауданда туристердің көшелер мен үйлерді, адамдарды фотосуретке түсірмегені абзал. Рұқсат етілмейді!

 

Халықтың 15%-ы – жергілікті арабтар, олар ауқатты тұрады. Ал халықтың 85%-ы алыс-жақын шет елдерден келгендер. Мемлекеттік қызмет пен бизнесті басқару саласында араб елдері азаматтары болса, сауда, қызмет көрсету саласында, негізінен, Бангладеш, Шри-Ланка, Мысыр, Филиппин, Непал, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдердің азаматтары. Әсіресе, такси қызметін пәкістандықтар жекешелеп алған десе де болады.

 

Заң қатал болғандықтан бұл елде ұрлық аз. Көпшілік орындарда қалдырып кеткен сөмкеңе ешкім тиіспеуі мүмкін. Әрине, сынап көрудің қажеті жоқ. Жергілікті жұрт үйлерінде ит ұстамайды, бірақ бұл ұрлық аз болғандықтан емес, этникалық арабтар итті арам хайуан санайды.

 

Абу-Дабиде бәрі көлікпен жүреді, жаяулар жоқтың қасы. Соған қарамастан, көшеде кептеліс те жоқ. Бос жатқан жолдарға қарап, жүздеген мың адамның көлікпен жүретіні қайда деп ойлайсың. Сөйтсек, гәп көлік инфрақұрылымы жүйесінің асқан даналықпен ойластырылғанында екен. Олардың жолайрықтары біздегіден ақылдырақ.

 

Көшелер тап-таза. Жаяулар жүрмейтін болғандықтан, көшені ластайтын да адам жоқ шығар, бәлкім. Негізінде, мәселе мәдениетте. Жергілікті жұрт қоршаған орта, табиғат, ағаш, ауа, су дегенді аса жоғары қастерлейді. Бұл жақта ағаш егілген жерге құрылыс салынбайды.

 

Басты сұрағымызға қайтып келсек, әрине, Абу-Дабиде ағылшын тілін білген дұрыс. Тіл табысудан қысылмау керек, өйткені, айналаңда сырттан келгендер көп болады. Бұл жақта адамды емеуріннен түсінетіндер көп. Іші пысқан, қызық пен ермек іздегендердің жанынан табыла кететіндер бар. Бұған әлемдегі ең жылдам америкалық аттракционы бар Ferrari World-те тағы көз жеткіздік. Алып ойын-сауық орталығының қызыққа толы әткеншектері мен үрейлі бөлмелері тамаша!


  

Егер сіз жергілікті ас мәзірлері жайлы білмесеңіз, керегіңді ала алатын швед үстелі бар мейрамханаларды таңдағаның дұрыс. Біз бір жолы тойып тамақ ішіп жүрген швед үстелінің ашылуын күтпей, тапсырыс беріп көрген едік. Мәзірден таңдаған тағамдарымыз біз ойлағандай болмай шықты, құрамы жағынан, сұрқы мен дәмі жағынан, тағы басқа.

 Болды