"Шайтанарбаңның дөңгелегін астауда жуып, қылтимаға шығарып қой"

 Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тіліне көптеген жаңа сөздердің енгізілгені көпшілікке белгілі. Бұл жайтқа байланысты халық арасында да, интернет-форумдарда да (ғаламтордағы ойталастарда) сан алуан пікірталастар жүргізілуде. Мұның басты себебі, бұл жаңа сөздердің үлкен бөлігі жұртың көліңінен шығар емес. Біреулердің ойынша, тілді қолданатын халық, ал егер осы сөздер халықтың ойынан шықпаса, оларды күнделікті қолданысқа енгізу мүмкін бола қоймайды. Ондай жағдай тілдің дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді, өйткені ресми тіл мен ауызекі тілдің арасында тым көп өзгешеліктер пайда болады. Ал басқалардың айтуынша, тек қазақ тіліне тән сөздерді қолданбай, кірме сөздермен тілімізді “ластай” берсек, уақыт өткен сайын қазақшамыз мүлдем бірегей тіл болудан қалады. Ал тікелей жаңадан енгізіліп жатқан сөздерге келер болсақ, бірталай жылдан кейін ол сөздердің қолданысы қалыпты жағдайға айналады.

 Расында, бұл екі пікірді де қолдаушылардың сөздерінің жаны бар. Екі жақтың да айтар уәждері мен келтіретін дәлелдері өте орынды болып көрінеді. Дегенмен, келешекте жағдайдың қай бағытта өрбитіні бәрімізге де ой толғарлық сұрақ болып қалуда. Ал осы әңгіме болып отырған сөздердің кейбіреулері жұртты тек ойландырып қана қойса, өзгелері мүлдем күлкісін келтіреді.

Ванна - Астау

Мышь - Тінтуір

Балкон - Қылтима

Пластилин - Ермексаз

Степлер - Тістепілер

Интернет - Ғаламтор

Кондиционер - Ауабаптағыш

Штукатурка - Құмсылақ

Велосипед - Шайтанарба

Шампунь - Сусабын

Траурный Венок - Азагүл

Рак (ауру) - Бейдауа

Отзыв - Бағажат

Курорт - Даужай

Санаторий - Шипажай

Пляж - Жағажай

Дом отдыха - Дамылжай

Робот - Құлтемір

Дом творчества - Өнержай

Меню – Тағамат

Фильтр - Сүзгі

 Жоғарыда келтірілген сөздер әлі жаппай қолданысқа кірмеген, тек кейбір басылымдарда ғана кездесіп жүрген баламалар. Мен бұл жерде тек мысал ретінде ғана азғантай сөзді келтіріп отырмын. Ауабаптағыш, өнержай, азагүл, тағамат секілді сөздер маған ұнады. Себебі бұл баламалар сөздің мағынасын толықтай ашады. Кондиционер сөзінің түбірі ағылшындағы “air conditioner” сөзінен алынған. Ал бұл сөздің тура мағынасы – ауабаптағыш. Орыс тіліндегі сөздерді жай ғана сөзбе-сөз аударып қоя салмай, мәнін ашуға тырыссақ, көптеген жақсы баламалар туындар еді деп ойлаймын. Арасында ерекшелеп қойған сөздер - менің жеке көңілімнен шықпаған баламалар. Әрине, еңбектеніп, балама табуға көп уақыт арнаған адамдарға шексіз алғысымды білдіремін. Алайда, бұл салада өз мамандары болғандықтан халықтың олардан құлаққа жағымдырақ келетін, ерсі естілмейтін сөздерді талап етіге құқығы бар деп ойлаймын. Мәселен, осы уақытқа дейін қазақ тіліне сәтті енгізілген біршама баламалар бар. Олардың бір бөлігі ескі қазақшадан алынған болса, басқалары жаңадан туындаған сөздер.

Остановка - Аялдама

Перекресток - Қиылыс

Самолет - Ұшақ

Вертолет - Тікұшақ

Овощ - Көкөніс

Помидор - Қызанақ

Жираф - Керік

Мировоззрение -  Дүниетаным

Читатель - Оқырман

Цивилизация - Өркениет

Болельщик - Жанкүйер

Светофор - Бағдаршам

Проспект - Даңғыл

Мороженое - Балмұздақ

Космос - Ғарыш

Ракета - Зымыран

Класс - Сынып

Телевизор - Теледидар

Холодильник - Тоңазытқыш

Аэропорт - Әуежай

Процедура - Рәсім

Сотовый - Ұялы телефон

Зонт - Қолшатыр

 Бұл сөздердің барлығы халыққа бірдей ұнайды деп айта алмаймын, бірақ олар бірте-бірте тілімізге сіңіп келеді, бұрынғыдай құлаққа ерсі естілмейді. Менің ойымша, барлық сөздерді жаппай аудара беру орынсыз. Сүзгіден (фильтрден) өткізе отырып, кейбір сөздерді (мысалы түбірі латын, ағылшын, грек тілінен болған сөздердің көбісін) өз қалпында қалдыруға да болады. Ал барлық сөздерді кірме сөз ретінде тілімізге қоса берсек, ана тіліміздің қадірі жоғалатыны сөзсіз.



Бөлісу: