Әзірге соңғы жазба. Рахмет, Массагет

13-қыркүйек, 2013 жыл. Массагеттегі ресми бірінші күнім. Менің алғашқы жазбам. Анам туралы.

Массагетті оқып жүргеніме бір жылдан асты шамасы. Бірақ тіркеліп, жазба қалдыруды ойламаппын, тіпті олай жазуға болатынын да білмеппін. Құныптамағандығым ғой. Сөйтіп, есімде жоқ күні, әйтеуір, тіркелдім. Алғашқы жазбамды да қалдырдым. Қызық көрдім. Тағы біреуін жібердім. Бір күнде үстемелеп. Әркімнің пікіріне жауап жазбасам ренжіп қалар деп, басында барлық пікірге жауап, алғыс қалдырып жүрдім. Жүре келе, біршама қалыптастым. Күнара жазып отырдым. Ортақ алғыс білдіріп те үйрендім. Бүгін 2 ай 9 күн болыпты, Массагет, менің сенде «өмір сүріп» жүргеніме. Осы уақытқа көп рахмет! Шынымен де, Рахмет!

         Массагет, сен – виртуалды үйсің, біз – балалар. Интернатсың, біз – ата-анамыз оқуға жіберген «кішкентайлармыз». Бірі саған мұңын шақты, сырын айтты, қуанышымен бөлісті, ашуын шығарды, алғыс айтқысы келгендерге сен арқылы алғысын айтты, сезімін білдірді... солай. Сен арқылы әпкелі-сіңлілі, ағалы-інілі, қарындасты болдық. Сен арқылы дос, сырлас таптық. Сен арқылы "өмірде жақсы адамдар бар екен-ау" деп те ойладық. Бірақ бәрі тек виртуалды ғана. Сонда да рахмет! Әрбір сөзімде саған деген алғыс барын сезіп тұрған шығарсың.

         Мен де көптің біріндей бірде саған келіп анама деген, әлдекімге деген сағынышымды айттым, сезім-сырымды шерттім, өкпе-назыммен бөлістім, тек монитор экраны болып қатып тұрсаң да, саған қарап, жазып отырып жылап та алдым талай, жынды адамша ішек-сілем қатып күліп те алдым, ойға да шомдым... бәрі-бәрі болды. Рахмет саған!

      Массагет, артық кеткен, асыра, мәнсіз, орынсыз жазған жазбаларым болса, айып етпеші? Иә, үн-түнсіз жәй ғана жоқ болып кетуге болатын еді, жазба қалдырмай-ақ. Оған дәтім бармады. Массагет - кім көрінген қалаған уақытында келіп-кететін жер емес. Бұл да бір "құтты" мекен. Сондықтан, жөнімді айтып кетуді жөн көрдім. 

    Ал, Менің Массагеттіктерім! «Менің» деуіме қарсы емес шығарсыздар? Сіздерге де айтар алғысым көп. Менімен бірге қуанып, бірге күліп, бірге жылап, сырымды ұққандарыңызға, ұғуға тырысқандарыңызға, ерінбей пікір қалдырғандарыңызға, керек кезінде сынға алып, "ұрысқандарыңызға", менің де өмірде бар екенімді есіме салғандарыңызға, қысқасы, бәрі үшін де Рахмет! Егер де мен біреу-міреудің жазбасына бұрыс пікір қалдырып, не тек оқып, пікір қалдырмай кеткен болсам, ренжімеңіздерші? Бәріңіз кереметсіздер, ақылды да, талапты, ізденімпаз, ұтқыр ойлы адамсыздар! ҚЫМБАТСЫЗДАР МЕН ҮШІН! Аман болыңыздар!

         Бұл – әзірге соңғы жазба. Күзде келдім Массагетке, күзде кетейін. Енді ешкімге пікір жазбаймын, жазба қалдырмаймын. Бірақ ол мен Массагетті оқымаймын деген сөз емес! Оқимын! Қараймын! Сіздермен бірге қуанып, тілеулес боламын, сырларыңызды ұғуға тырысып, бірге жылаймын. Бәрі бұрынғысынша, тек "мүлдем-мүлдем" сырттай. Мен бармын, бұйыра, боламын да. Қашан, қандай күйде келетінімді білмеймін. Ораламын ба оны да білмеймін. Тырысамын... түбі бір келуге. Әзірге сіздерді өзіммен шаршатқанымды доғарып, сіздерді менен азат еткім келеді. Алысқа кетпеймін. Әйтеуір осы маңдамын. Бәлкім, көктемде өмірге басқаша көзқараспен қарайтын, «жылаңқы» емес, «бақытты» дүниелер жазатын адам болып келермін немесе өзімді басқа арнадан табармын. Білмеймін. Бірақ тырысып көремін. Құрып кеткім келмейді, сөзсіз. Өзімді өзім табуға тырысамын. Тапқан күні... келемін! Мүмкін сіздер мені ұмытып кеткен күні келермін, мүмкін ертең, арғы күні, екі ай... білмеймін. Білмеймін, ішкі дүниемнің қалауын табуға қанша уақытым кетерін... білмеймін.. Бір білерім – қатты шаршадым. Жөнсіз, орынсыз жазбалармен блоктан мәнсіз орын алып, сіздерді де шаршатқым келмейді. Мені күзбен бірге кетті деп біліңіздер. Ал, мезгіл қайталанады емес пе? Бір жылда. Алақай, қыс та келді! Менің Сарымды менің әзірге жоқ Аппағым алмастырар...

  Ал, Массагетім, Массагеттіктерім! Аман болыңыздар! Әрдайым көктемдік көңіл күйде жаздай жайнап жүріңіздер! Сіздер «әйбатсыздар"! Сіздерді дүниеге әкелеген «қос жүрек» тіпті керемет! Дәл қазір жандарыңызда бар адамдарды барынша бағалап, өмірді «әйбат» сүріңіздер! Мәнді де, мағыналы, сырлы да, мұңды, тәрбиелі де, «ерке" жазбаларыңыз көбейе берсін! Сіздерді және істеріңіздің соңын  Аллаға аманаттадым! Алла жар болсын! Менің Ағаларым, Әпкелерім, Іні-Сіңлілерім, Құрдастарым, бұзық «Балапандарым», Бәріңізді қатты-қатты құшақтап, сүйдім... ))

ПыСы: ...бұл – 53-нші жазбам екен. Қызық. Сәйкестік болар. Анамның жерді мекен еткен жылдары да 53 еді... Күзім, сені сүйемін...



Бөлісу: