Шүкірсіздік

ШҮКІРСІЗДІК 

 

Ескі OPEL VECTRA-сы бар ер кісі таксовать етеді. Үйі толы адам. Шешесі, енесі, балалары…

Әйелімен әңгімелесіп отыр. 

Әйелі: - Бүгін қанша таптың? 

Күйеуі: - Өзі кішкентай қала ғой, адам да аз. Бензиннен қалғаны жеті жүз теңге.

- Жарайды, бірдеңе қып жеткізерміз.

- Еей, осынша адамды бағу оңай емес. Бір өзімнің табысым не болады? Бәрінің де ауызы бар, бәрі де тамақ жеу керек. Тым көппіз ғой. Адам азырақ болғанда, қиналмас едім. Мынаның бәрін қайтіп бағам?

- Қой, олай деме! Ризық беруші – Алла ғой! Ауызды берген Алла азықты да береді. Әркімнің өз несібесі бар, шүкіршілік етейік.

- Әй, қойшы! Қайдағыны айтпай, осы идеалистігің қалмайды екен. Адам деген материалист, реалист болуы керек емес пе?! 

Әйелі жағасын ұстап: - Астағфируллаһ! Тәубе қыл! – дейді. 

Таксист қолын бір сілтеп, үйден шығып кетеді.

Көшеде біреу: «Такси-и-и! Такси-и-и!» деп тоқтатады:

- Аэропортқа барып келейікші?! 

Біздің таксист: - Мына машинамен қашан жетеміз ол жаққа?

- Түнімен жол жүріп, таң ертең осында боламыз. Бензиніңді құйып беремін. Үстіне он мың теңге беремін. Кеттік па?

- Кеттік!!!

Екеуі жолда келе жатыр. Таксист машинадағы магнитафонды қояды. Жолаушы: «Мына бір дискті тыңдайықшы. Бүгін сатып алған едім». (диск қояды, онда шүкірлік туралы уағыз бар екен). Екеуі үнсіз тыңдайды.

Таң атты. Жолаушы ақшасын берді. Бұл ақшаны санап алып, қуанып, екі мың теңгені басқа қалтасына салып қояды. Үйінің қасына келіп, сигнал басады. Ешкім шықпайды. Есікті ашып кірсе, үй ішіндегілердің бәрі газға уланып өліп жатыр. Жылайды. Ағайындар жиналады. Бәрінің жаназасын қатар шығарады.

Үйде таксист жалғыз өзі кеше ғана әйелімен болған әңгімені есіне түсіріп отыр: «Еей, осынша адамды бағу оңай емес. Бір өзімнің табысым не болады? Бәрінің де ауызы бар, бәрі де тамақ жеу керек. Тым көппіз ғой. Адам азырақ болғанда, қиналмас едім. Мынаның бәрін қайтіп бағам?». «Қой, олай деме! Ризық беруші – Алла ғой! Ауызды берген Алла азықты да береді. Әркімнің өз несібесі бар, шүкіршілік етейік» деген сөздер есіне еміс-еміс түседі.



Бөлісу: