Ешкім ренжітуге қақы жоқ

Ешкім ренжітуге қақы жоқ
жеке
блог

Бүгін демалыс екенін пайдаланып, таңға дейін бұрын оқи алмаған блогтарымды бірін қалдырмай оқып шықтым. Соның ішінде қатты әсер еткені мына блог болды. Соңғы кездері «осы тақырыптағы жазбаны көп оқыдым», "бір сарында жазасыздар" деген сияқты пікірлерді жиі оқып жүрмін. Қайтейік, бір жазба қатты әсер етіп тұрса өзіміз де жазғымыз келеді. Ендігі жазатын жазбамнан бұрын, түсініксіз болып қалмауы үшін бірінші курста мұғалім тапсырмасымен асығыс жазылған туындымды енгізейін. 

"Ана!.. Осы бір үш-ақ әріптен құралған сөз бойына қанша қасиетті жиып тұр десеңізші! Ана туралы өлең жазбаған, ән шығармаған адам бұл жалғанда кемде-кем. Кез-келген шығармашылық адамының өзі шығармашылық жолын бала махаббатымен, сәбилік сезімімен анасына арнаған туындысымен бастайды. Жердегі періште, әлемдегі ең асыл жан аналар туралы тебірене беретін болсақ, том-том кітап жазып тастау да аздық етеді. Ал енді мен үшін әлемнің бар байлығына айырбастауға келмейтін, өзіме абзал жан туралы сөз қозғайын. Аты-жөні Айшуақова Дина Жаңбырбайқызы. "Көкорай шалғын, бәйшешек ұзарып, өсіп, толған шақта", өмірлік жолдасынан он бес күн бұрын, қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан зеректік танытып, сабағын өте жақсы бағаға оқумен қатар, анасына қолғабыс етіп үй шаруасына да үлгерген. Ол кезде ауылдың бетке ұстар қыздары қалаға оқуға кетсе оралуы екі талай. Сол себепті мектепті бітіре салысымен параллель сыныптың ұлы анамды алып қашып кеткен. Ол – менің әкем еді. Көп жанды отбасыға келін болып тұскен соң, поштаға қариялардың зейнетақысын үйіне апарып беру қызметіне орналасады. Одан кейін балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Жас кезінен балаға мейірімділікті, қалай тәрбиелеуді бойына сіңіреді. Бір жылдан соң дүниеге алғаш сәбиі, тұңғыш қыздары мені алып келеді. Бізде баладан да тәтті болатын алғашқы немере ата-әжесінің қызы болып есептеледі. Сондықтан мен ата-әжемді – папа-мама, ал ата-анамды – көке-жеңеше деп атаймын. Ес білгенше қозы-лақтың арасында жүріп, ата-әжемнің тәрбиесінде өстім. Анамды – үлкен ағамның келіншегі деп есептеп, бөтен адамдай араласатынмын. Он жасыма дейін анамды мойындамай өстім. Әкемнің інілері менің ашуыма тигісі келсе, «Динаның қызы» деп мазақтайды. Мен қатты ашуланып, бақырып-шақырып, ызаланып, атама шағымданатынмын. Ал қазір еске түссе тіпті күлкім келеді.

         Менің осы күнге дейін жеткен жетістігім, шыққан биігім анамның арқасы. Сүрінсем демеп, өрлесем қолдап отыратын – анам. Құтты үйден қонақ арылмайды. Біздің үйге де екі күннің бірінде қонақ келетіні де анамның қабақ шытпай, күліп қарсы алатын ақжарқындығының белгісі. Жетім көрсе басынан сипап, жоқ-жітіктің барлығына жәрдемін тигізетін мейірбан жан. Кез-келген жанға көмегін тигізуге құштар болып тұрады. Үйге менің достарым келсе де, бала ғой деп жеңіл қарамай, дастархан жайып, Құдайындай құрметтеп, жағдайларын сұрап жатады. Сол себепті олар да өз анасындай көріп, біздің үйге жиі келгісі келіп тұрады. Балаларым ешкімнен кем болмасын, жәутеңдеп біреудің көмегіне зәру болмасын деп шырылдап жүреді. Асқан еңбекқорлығы, үлкенге де, кішіге де құрмет көрсетіп, өзіне жамандық ойлаған адамдарға да жақсылықпен жауап қайтаруы, «ниетіңе қарай Құдай өзі береді» деп үнемі айтып отыруы менің өміріме үлкен үлгі. «Ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсің» деген сөз бар. Мен бұл сөзді өзім үшін «Ата-ананың қадірін студент болсаң білерсің» деп өзгертер едім".

 

Жеңеше

Сен менің идеалымсың. Ренжіткен кезіміз болса, ӨТІНЕМІН, кешірші! Қанша ауыр сөз айтып, қанша рет жүрегіңді жараладым екен?! Басқа біреу ашуыма тиген кезде неше рет жынымды сенен алдым екен?! Сол кезде соншалықты ауыр тиерін білсем, солай етер ме едім?! Неге осы ең жақын адамдарымыздың көңіліне тиеміз? «Ол бәрібір ренжімейдіге» көп салындық-ау. Өткенге өкіну пайда әкелмес. Тек сен кешірші, ерке қызыңды! Білемін, мені тоғыз ай құрсағыңда көтеріп жүргенде қалай қиналғаныңды. Өмірге әкелер сәтте, он тоғыз жыл өміріңде көрмеген бейнетті көргеніңді өте жақсы білемін. Соны біле тұра, көңіліңе титтей де болса қаяу түсіруге қақым жоқ. Ендігі уақыттың зейнетін көруіңе барлық жағдайды жасау менің міндетім.

         «Неге осы «Сіз» деп сөйлемейсіңдер?» дейсің ғой кейде. «Сіз» десем алыс, жат адаммен сөйлесіп тұрғандай боламын ғой. Онда қалайша күніне бірнеше рет телефонмен сөйлесіп, не істеп, не қойғанымды, қайда барып, не бітіргенімді, бар сырымды ашық ақтарып айта аламын? «Сіз» деген салқындық бізде болмай-ақ қойсыншы.

         Тұңғышымның «мама» деп атағанын қашан естимін деп ойлайтын шығарсың кейде, мүмкін ойламайсың. Егер бірінші жазылғаны болса, түсінші, әжемнің көзі тірісінде саған «мама» деп кетсем, оған опасыздық жасағандай болатын сияқтымын. Түсінесің ғой, иә? Сен мені түсінбеген кезің болған жоқ. Бастысы қалай атауда емес қой. Онда тұрған не бар. Мен үшін әлемдегі «нөмірі бірінші», адамзаттың асылы екеніңді сөзбен емес, ісіммен дәлелдеуге нәсіп етсінші бір Аллам!

         Бұл сөздерімді саған оқытпаймын. Көңілің босап, алыстағы балапаныңа деген сағынышың арнасынан тасып, көз жасыңа ерік бересің. Қойшы, жылатпаймын. Енді саған мүлдем ашуланбаймын, дауыс көтермеймін, уәде беремін. Бауырларымды да солай тәрбиелеймін. Менің жүрегімнің періштесін ренжітуге ешкімнің қақысы жоқ.