9 мамыр. Соғыстың шындығын атамыз бен әжеміз айтсын!

Бұл күні дүниеге келмеген едім. Мен тұрмақ, анам мен әкем де тағдырлары өрілетін жұмыр жердің бір түкпірінде іңгәламаған да-етін. Тек атам мен әжем ғана  бір жұтым ауаның тәттілігін сезініп,  ұлтарақтай жерді қызғыштай қорғап, тірлікпен тайталасып жатқан-ды...

Күллі дала сілтідей тынып, біреудің шаңырағынан зарлай шыққан азалы үнді шаттық лебіне тұнған бақытты дауыс басқан күн, қасірет пен қуанышты қатар арқалаған 9 мамыр... Мен үшін тылсымға толы терең тарихтың құпиясы болса да, біреу үшін бүкіл арманы мен өмірі, тағдыры мен махаббаты...

Ұлы күн уақыт өткен сайын биіктей береді. Патша көңілді оқырман, тарих тағылым алып, тәу ету үшін жазылатын болса, 9 мамыр күні тағдырын тәрк етіп құрбандыққа барған ерлеріміз бен аруларымызға тағзым етпесек, бізге сын. Әсте, өткенін ұмытқан ел оңбас. Қан майданда от кешкен аталарымыз бен әжелеріміздің әңгімелері ұрпақ үшін асыл қазына, қымбат көмбе. Ұрпақ деген кім? Ол - сен, сенің балаң, балаңның баласы... Егер атаң не әжең, не туысқаның Ұлы Отан Соғысына қатысқан болса, не сол зұлмат заманмен бірге тыныстап, тірлік кешсе, тірі аңыздың аузынан әңгімесін қағып алып, бізге жібер... Сайттың оң жағындағы «Материал жіберу» батырмасын бір шертіп, соғыс куәгерінің әңгімесін бізге жолдау арқылы Массагетке ат басын бұратын қалың қауымды үлкен олжаға кенелт...

Күллі халық атаң мен әжеңнің әңгімесіне елітсін!..

сурет: liveinternet.ru



Бөлісу: