Бақытты жаттың сыңары...

Нәзіктігімді мойындамай жүргенімде сезімтал жырын жете елемейтін құрбыма кезіктім... "Жымысқы ойға"(алдын жарияланған жазбамның атауы) жазған Нұржігіт Айдарханның "әдемі поэзияны көргім келеді",-деген пікірінен соң көп ойландым...  Ойда-жоқта кезіккен нәзік жырларды оқығанда, "апыр-ай, мен жаза алмаған әсемдіктер осы ма еді?!"-дедім еріксіз... "Түркістанда ақын жоқ дей көрмеңіздерші",-дейтінмін ылғи... Міне сіздерді тағы бір ақынмен таныстыру бағы тағы бүгін маған бұйырып тұр екен...

Алиева Фариза биылғы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің дайындық бөлімінің студенті... Болашақ мамандығы журналистика саласы... "Өлеңдерім әлі өлімсіреп тұр ғой",-деген ақын қызға, Алла өлмейтін өлеңдер сыйласын деген тілекпен, қос жырын өздеріңізге ұсынамын... 


 

Өзің біл!

Бүгінгі таңда сен емес, маған тек қана сыңар мұң,

Сен жәбірлеп кеткен жанымды, жүрегіме еніп ұғар кім?!

Қайғыны сый ғып кетсең де, ұмытпай күнде еске алам,

Жасырсам-дағы шынымен сағынып жүрген шығармын...

 

Сағынып ойға батқанда, жүрген жолымда сүрініп,

Түсіңе кірсем егерде, мендік көңілдің сырын ұқ!

Соншама кең әлемге, сыя алмай кеттім не дейсің?!

Жұлмалап келіп тамаққа ыстық өксік тұр тығылып...

 

Қамығып, жасып жатқанда, жүрегім білем соғар көп,

Өрши де түсер өр денем, тұмшалап жасым жанарды от,

Әлсіздеу әлсін үздігіп, телефоныма қараймын,

Әдеттегідей сағынып, қоңырау шалып қалар деп...

 

Елесіне еніп бейбақтың жаныма жара салдың да,

Илана берем еріксіз, шабыт алатын ар-мұңға,

«Күйем-сүйем»,-деп жан берген, сөздерің қайда кешегі?!

Бір-екі күндік әлде мен ермегің болып қалдым ба?!

 

Көңілімде менің сен салған мұз болып қатқан күдік тұр,

Мөп-мөлдір сезім жанында бейкүнәдайын тұнып құр...

Үлпілдек, жұмсақ жаныма өзің кеп маған дерт салдың,

Дертімді жазып енді өзің ес-түссіз бәрін ұмыттыр!

 

Өмір сүрерсің, бәлкім, сен жалғанда жалғыз өзің құр,

Қыз қадіріне жетпесең, мәңгілік онда көзіңді іл!

Пәк жүрегімді сыйлап ем, қадірін әсте ұқпадың,

Ораласың ба жоқ әлде, жоғаласың ба өзің біл!

 

 

 Бақытты жаттың сыңары...

Тықылдап сағат маза бермейді,

Мұңымды қара түн ғана емдейді.

Шөліркеп тұрған соқыр сезімім,

Өзіңнен басқа пенде көрмейді...

 

Мен талай, аға, сынға да түстім,

Құрбаны болып бір ғана түстің...

Өзімді-өзім жоғалтып алып,

Соңынан ердім бір қара құстың...

 

Күрсіндіретін құрсын «әттеңім»,

Бұйырмаған ба маған бақ-демің,

Қолында қыздың жүруші еді,

Сезімге толы жыртық дәптерің...

 

Гауһарым сенсің, қазынамдағы,

Маған айтатын базынаң кәні?!

Сен секілдінің мыңға жуығы,

Маңдайымызға жазылады әлі...

 

Қайсарлығыңа қызығып қыран,

Жеткенше саған үзіліп тынам...

Ер мінезге тым үйір болсам да,

Саған келгенде сызылып тұрам...

 

Тынымсыз сезім баса көктейтін

Тыныш әлемнен таса боп кейпің...

Даттаған сені өсек-аяңдар,

Мен үшін бірақ әсер етпейтін...

 

Жан едім сырттай егеленетін,

Арманым сізбен ере кететін...

Бұйырмас сәттер санама тоғып,

Бос қиял сынды келе беретін...

 

Атыңды естісем жайдан жібиін,

Күндіз-түн тынбай айдан тілейін...

Бөлеген баққа басқаны, жаттың

сыңары екеніңді қайдан білейін...  

Мақпал Төребек



Бөлісу: