Атамның жұлдызы

Атамның жұлдызы
жеке
блог

 

Түн. Сағат үш-төрт шамасында еді. Менен басқасының барлығы ұйықтап жатыр. Мен болсам әлі ояумын. Өзім де түсінбеймін. Ұйықтайын десем, дұрыс дем алмай, оянып кете берем. Біресе оңға қарап жатам, біресе солға қарап жатамын. Бәрібір аунақшып, ұйықтай алар емеспін. Бөлменің іші өте ыстық болғандықтан, тынысым тарылып барады.
Біраздан соң маған бір ой келді. Көзім ілініп қоймаған соң, сыртқа шығып жатайын дедім де, көрпе-төсегімді алып шықтым. Үйдің сыртына шығып, жиналып тұрған алашаны жайдым да, төсегімді салып жаттым.
Шілденің ми қайнатпас ыстық күндері еді. Бірақ соған қарамастан тамаша жел соғып тұр екен. Мен терең тыныс алдым да, баяу дем шығардым. Алақандай ыстық бөлмеден, тап-таза ауаға шыққан керемет емес пе? Шіркін! Жүрегім орнына келіп, жаным жай тапқандай болды. Аспанда жап-жарық жұлдыздар. Мен соларға қарап, рахаттанып, жата бердім. Бірнеше уақыттан соң атамның ауылындағы бір жайт есіме түсті. Мен 5-6 жастар шамасында едім. Атам, әжем және мен киіз үйдің шығылымында жатыр едік. Атама көп сұрақтар қойдым, ол ерінбестен жауап берді. Енді кішкентай балалардың сұрағы таусылмайды ғой. Көбінесе атамнан өмірбаяны жайлы сұрадым. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра дегендей, қай жерде оқығанын, қандай жетістіктерге жетіп, қандай оқиғаларға күә болғаны жайында сұрадым. Мен қызығып тыңдай бердім. Кенеттен ұйқылы-ояу жатқан әжемнің даусы естілді:
- Атаңды сұрақтың астына алып, шаршатып жібердің ғой. Ұйықтаңдар енді.
- Жоқ, сұрай берсін. Немеремнің көп нарсе білгенін қалаймын. Мен жауап беруге дайынмын. Әлі ұйқым келген жоқ, - деді атам жылы дауыспен. Содан әңгімеміз жалғаса берді. Маған осы жайт есіме түскеннен кейін, атамның «Айналайын», - деп еркелетіп айтатын сөзі құлағыма шалынды. Менің атамның есімі - Жанахмет. Ол өте жақсы, адамгершілігі мол, білімді адам еді. Ол әрдайым бізге ақыл айтып, тәрбиелеп отыратын еді. Біз сол берген тәрбиесінің арқасында ақылды болып өстік. Ауылға барғанда атам маңдаймыздан сүйіп, йіскеуші еді ғой, жарықтық. Ол 2012 жылы ауыр дерттен қайтыс болды. 
Мен әлі жұлдыздарға тамсана қарай бердім. Атам жұлдыздар туралы көп айтушы еді. Оның астрономиядан хабары болатын. Көп әңгімелері есіме түсті. Бір жұлдыздың өзі көп жұлдыздардан тұратынын да айтатын.
Бірер уақыттан соң атамның ауылындағы киіз үйі, егіні, мал қорасы есіме түсті. Шырылдаған шегірткенің шырылы құлағымнан кетпей қойды.
Бір тынбайды шегірткенің шырылы,
Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры,
Бәрі таныс кісінеген құлыны, ғой
Ін аузында шаңқылдаған суыры, - деп Мұқағали Мақатаевтің таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң деген өлеңінің үзінділерін іштей қайталап жаттым.
Екі көзім әлі жұлдыздар әлемінде. Көзім тоймайды қарай берем, қарай берем. Көп жұлдыздардың ішінен оң жақтан бір жап-жарық жұлдыз көзіме ерекше болып көрінді. Өзі сондай үлкен. Мүмкін мені назар аударсын деп осыншама жұлдыздардың ішінен жарқырап, ерекше болып тұрған шығар, сірә. Бәлкім, осы жұлдыз атамдікі шығар деп ойладым. Атамның жұлдызына қарай бердім, қарай бердім. Мен сыртқа ұйықтаймын деп шығып едім ғой. Бар назарым сол жұлдызда. Енді амал нешік, атамның жұлдызы болғандықтан. Қарадым, тағы қарадым. Бірақ айнала қап-қараңғы болған соң, жүрегімді қорқыныш билеп алды. Екі көзім сол жұлдызда. Енді амал нешік, атамның жұлдызы сол болғандықтан. Қараймын, тағы қараймын. Бірақ ұйқым келді. Енді амал нешік, атамның жұлдызын бұрын көрмегендіктен! Сол жұлдызға қарап, атамның үні құлағыма шалынса, бейнесі көз алдыма елес болып келеді. Бір сәт көзімнен бір тамшы жас ағып кетті. Бұл менің атама деген сағынышым.
Атамның жұлдызына қарап, «Жатқан жерің жәннатта, топырағың торқа болсын»,-деп тіледім де, көзім ілініп, терең ұйқыға батып кеттім....