Менің мектептегі қызықтарым (ЭСТАФЕТА)

Алғаш мектеп табалдырығын 5 жасымда аттағам. Кәдімгідей тымпиып киініп, басыма ақ бантик тағып, арқама өзімнен үлкен сөмке арқалап барушы ем. Бәлкім, әрі қарай да оқи берер ме ем?! Егер, мені ШЫҒАРЫП ЖІБЕРМЕГЕНДЕ...

Мәселе былай болды, мен алдыңғы партада отырып, алдыңғы қатарда оқитын оқушы болдым. Тек ерке едім. Керек емес жерде еркелігім ұстап, әжеммен еріп, 1 тоқсан аяқталмай кетіп, 2 тоқсан біткенде бір-ақ келгем)) |Сол қалпы мені алмай қойды. Көп программадан қалып қойдың деп. Мен жер тепкілеп жыладым, менен де бойы кішкентайлар, оқи алмайтындар жүр ғой деп бұлдандым. Оныма қараған біреуі болмады. Үйдегілер жұбатты: "Келесі жылы барлығын біліп тұрасың" деп. Соған сендім де, сабақты қойып ойын баласы кейпіне ендім. Түн батқанша ойнаймын деп талаай таяқ та жегем. Не керек, қызық көөөп болды. Келер жылы өз қатарластарыммен бірге оқыдым.

2 сыныпта ғой деймін, қыста мені қарға көміп, итеріп жіберген сыныптасымды ағама айтып қойғам. Ағам келіп: - Әй, Әбілжан, бері кел демесі бар ма? Ол байғұс қорыққанынан, жылаған ештеңе емес, "жіберіп" қойды. Кейіннен мамасы келіп, құрсыын, балама тиіспеші деп жалынып жүрген. Мамасы да қызық, 10 жас үлкен жігіт 6 жасар балаға не деп тиіссін? Есімізге алып, әлі күнге дейін бір күліп аламыз)) Сол бала 7 сыныпқа келгенде маған өз сезімін білдірді. Бәсе, неге жыл сайын пластмасса гүл (немесе әйнек гүл, ішінде духиі бар) әкеп бере береді десем? Ең қызығы - өзі әкелмейтін, 7 наурыз күні түнде мамасы екеуі кеп, қара пакетке салып әкелетін. Ұялағаны болар?! Қабылдамадым. Өзі де берік адам екен, 9 сыныпты бітіргенше жақсы көрді, қазір де жауап берсем, дайын тұр)) 

Лагерьде топ басшысы бола беретінмін жыл сайын. Өзіңнен жасы үлкендерге бұйырасың: ана өлеңді айтасың, мына биді билейсің деп. Олар да көнетін,басқа амал болмағандықтан. Сағат 9да басталып, 15.00де бітеді. Барлық командамды алып, менің жаз үйіме кіріп кетеміз. Ақылдасу үшін. Күн сайын бір іс-шар ғой. «Әнші балапан» керек пе, «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» керек пе, бәрі табылататын. Эхх, менің 8 сыныпқа дейін қатысқан лагерім. Алғаш рет дискотека дегенді сол жерде көргенмін))

3-4 ай 1 класс оқып, тәжірибем барлығынан емес, былай да  сабақты жақсы оқыдым. Минутқа оқу, диктант дегендерден алдыма жан салмаушы ем. Тек қиналатыным - МАТЕМАТИКА. Жек көрдім, қазір де жүрегім жылымайды. Бастауышта барлығы мақтау қағазын алды қыздардың, есейе келе іріктелдік. Соңында 2 қыз қалдық. Бәсекелестікке қабілетті болдық. Тек айырмамыз - мен тілге шешен болсам, ол - есепке жүйрік. ЗавУч-тың сіңлісі болғандықтан ба, әлде жәәй бәрі жақсы көре ме екен, қайдам, әйтеуір менің диктантымды соған көшіртетін. Бірақ, математикадан сол жеңілдік маған болмады. Сол үшін талай оппозиция да боп жүретінмін. Көп мұғалімге сол күйі ұнамай кетсем де Құдай білсін))

8-9 сыныптарда тентектеу ем. Өзімнен бір жас кіші бір қызбен, одан 2 жас үлкен бір қызбен төбелесіп қалуға жаздағам. апайлар естіп, жиналыс та жасаған тәрбие сағаты ретінде. Қазір сол қыздармен еске түсіріп, бір күліп аламыз. 1 курс бітіріп келген қыздар толысыыып келетін. Соны айтқанымызды естіп қалып, олармен де келіспей қалғанбыз. Күлме досқа деген осы-ау, өзіміз де сол жағдайда жүрміз, толысып))

Қызық көөөп еді. Ұмытып тұрмын. Нағып есіме түспей тұрғанын? Сыныптастар арасында отырғанда бірден топ етіп еске түсіп, талқыға салып кететінбіз. Басында 21 оқушы болдық, кейін әр жыл сайын кетіп-кетіп, соңында 11 сыныпқа келгенде 6 оқушы боп қалдық. Аз болған соң, келісіп алып қашып кетуді шығардық. Содан тарих пәнінен тестке дайындық сабағы болуы керек еді, шаршааап тұрдық, содан қааааштық. Апай кабинетке кірсеее, ешкім жоқ екен. Содан апайдың ертеңіне айқаймен қоса айтқаны: не масқара мынау, білдей бір 11 класстың есігін ашып қалсам, шыбын да жоқ. Ұялғаннан есікті жауып, шығып кеттім. Ай, күлгенімізді-ай))

ҰБТ біткен кезең. 2 үміт ақталды. «Алтын белгі» иегері болдық. Қуанышта шек жоқ. «Үздік» аттестат иегері ғана ақтай алмай қалып, мен дерімізді білмей тұрып қалдық. Бейнебір біз тартып алғандай қатаржүрген жан құрбым сол сәтттен бастап араласуды қойды. Неге екенін қайдам? Сонша жыл сыр шертіскен адамым бір күнде сөйлеспей қалды. Қазірдің өзінде тек сәлеміміз түзу. Жәә, көңіл айтып қайтемін? Одан да қызықты айтайын. Дұрысы, таң қалдырғаны. ҰБТ-ны сәтсіз тапсырған сыныптасым бізбен ауылға қайтпады. Қалада қалғысы келген болар деп жүрсек, ол апам (біздің диалект) күйеуге шығып кетіпті. Шулады ауыл. Біз де таң қалдық. Мұны айтқаным – өмір өзі театр іспеттес екен. Әркім өзіне жазған тағдырды кешеді. Бірі қызықты, бірі тұманды. Менде тұманнан бұрын шуағы көп болды. Сол үшін де ризамын. Осымен қызықсыздау қызықтар легі таусылды. Сөз кезегін сүйікті әпкелерімнің бірі – Анара Мұстафинаға беремін.

 



Бөлісу: