Массагеттіктерден Жыр-Шашу!

Массагеттіктерден Жыр-Шашу!
жеке
блог

Кеш те болса студенттер күнімен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Оқығанды да, оқымағанды да. Жаңа ашып қарап жатқанды да, суретін көріп шолып шыққанды да. Студенттік шақтарды басынан өткергенді де, өткермегенді де, өткеріп жүргендерді де. Жалпы барлығын, барлығын...

Біздің «Массагет» ұжымының жартысынан астамы жоғарғы оқу орнын бітіргендер. Олар да студент болған. Кеше қара шаңырақ ҚазҰУ-де жылда шығып тұратын «Жез қоңырау» студенттер альманахын ақтарып отырсам біздің бірнеше әріптестеріміздің (сіздердің достарыңыздың) студенттік шақтарында жазған жырлары басылған екен. Мерекеге орай сіздерге ұсынуды жөн деп санадым.

Ардақ Құлтай


Көкмұнар


О! Тәңірім!

Жарқабақтан жасын ойнап жатқанда,

Аласұрдым арғымақты қамшылап,

Семсерліні бөрі болып қақпанда,

Күтудемін қансырап...

 

Менен алар кекте сан жоқ санасаң,

Таусылар боп қапаландың бар амал,

Үміт деген өз қолыңнан қарасам,

Түсіп кетіп еді талай орамал...

 

Жадау болып телмірмей-ақ жан-жаққа

Қолды шайнап кетуге де татырлық,

Бірақ маған мүшеленбей он саққа,

Ақ өлімді құшып өлу батырлық..!

 

Өз қалпымда қалған мұңлық мен ғана,

Жасын ойнап жар қабақта тұр әлі,

Өз қойнына алар бәлкім кең дала,

Көкте бірақ өр жанымның қыраны...

 Мейіргүл Оңғарова


Бөлек екен жолымыз


Біз екеуміз... Бөлек еді жолымыз,

Қалай ғана жолығысып қалғанбыз?!

Бұл танысу – екеуміздің сорымыз,

Өйткені біз... Екеуміз де жалғанбыз...

 

Сен қалада туылдың һәм ержеттің,

Қала-дағы тыныстаған сенімен.

Ал мен ауыл топырағында бойжеттім.

Ен даланың еркін өскен елігі ем.

 

Салт пен ғұрып жарқыраған шырағым,

Дәстүрімсіз жүрегімнің әні жоқ.

Күй күмбірі кеудемдегі тұмарым,

Ал сен үшін салт-дәстүрдің мәні жоқ.

 

Достарың да дәл өзіңнен аумаған,

Шуласады қылығыңды қоштаса.

Қазақилық жүректерін жаулаған –

Менің ортам...менің ортам-басқаша!

 

Оңым қайсы, қайсы, қане, терісім?!..

Екеумізді «Өмір» деген соқты жал..

Орыстарша тәлім алған сен үшін

Қыз арының еш қадірі жоқ шығар!

 

Өткен күннен қалған белгі – от қана,

Бұлдыраған естелікке сыйыппыз...

Екеумізге ортақ нәрсе тек қана –

Бірімізді-біріміз шын сүйіппіз...

 

Бекер бірақ! Берік емес іргесі!..

Ынтызарлық – екеуміздің сорымыз.

Бұл тағдырдың қалды екен кімге өші?..

Бәрібір де бөлек екен жолымыз.

Ақерке Әбілхан


Оянып жатыр Алматы

Жастығым – сағым,  көрпем –мұң,

Жамылып алып, өртендім.

Ұрысып қалып ұйқыммен

Төсегін түннің төңкердім.

 

Шабытым – қонақ, жырым – құт,

Оқы да, менің сырымды ұқ,

Сол сырды іште жасырған

Сөздерім бейне шымылдық.

 

Кәрі түн неткен ұзақ тым,

Жұлдыз боп көкте жүз ақтым.

Тұтқыны болып отырмын

Ой дейтін үлкен тұзақтың.

 

Құр қағаз бенен құр қалам

Ұйқымды солар ұрлаған.

Жо-жоқ, жылап отқам жоқ

Өйткені жасым құрғаған...

 

Жанарды көкке қаратып,

Жырымнан жұлдыз жаратып

Дәл менің үміттерімдей

Келеді қайта таң атып.

 

Көңілім – күзгі күміс шық,

Жүрегім жаздай тым ыстық.

Шіркін-ай, қандай жағымды

Таң атар кезгі тыныштық!

 

«Кісінеді» қоңырау зарлы аты

Қарасам, сағат таңғы алты.

Сәждеге басын қоймаққа

Оянып жатыр Алматы...

 Шерхан Талап


Алматыдағы алғашқы өлең

Ей, Алматы!

Жатсынба баласын қырдың.

Көтерген едім жасымнан наласын жырдың.

Белгісіз жаққа асыққан адамдарыңмен,

Келеді бірге тал түсте адасып жүргім.

 

Бағым ба, сор ма?

Білмеймін… шақырдың бүгін.

Жүректе күш бар көтерер батырдың жүгін.

“Ақын” боламын деп келген “ақымақ ұлға”,

Сыйлыққа тартып жүрмеші пақырдың күнін.

 

Қорғансызыңды қиында қалқалап көргін.

Жылап жатпайын төсінде шартарап белдің.

Ұсақта — ұсақ тиынды тергізіп қойма,

Құшақта — құшақ арманды арқалап келдім.

 

Тірілді қайта бейуақта жоғалған арман.

Ескертіп қоймас барыңды тонарда жалған.

Сұлуларыңды көзіме оттай баспашы,

Жан жүрегімнің жартысы Оралда қалған.

.

Айтса да кеше ауылдың құмдары сырды,

Айтпайды шынын тым жұмбақ, мұндағы құрбы.

Қақсаң да шетке жамбастап жатып аламын,

Алатауыңның қар басқан шыңдары сынды.

 

Ақынның жолы бұралаң, соқпақ келеді.

Кетпеймін енді қусаң да, боқтап та мені.

Арман қалам — ай, жағамнан жармаса берме,

Ақ Жайық маған: “Қадырды жоқтатпа” — деді…

Өзімнің де студенттік шақтарға қадам басқандағы бір өлеңімді арнасам айып болмас...


Есіңе мені алғайсың

Есіңе мені алғайсың,

                                      Аспанның жасы парласа,

Жанымды бәлкім көрерсің,

                                      Жасынмен жүрген жармаса.

Түнеріп тұнса қара бұлт,

                                      Қасқайып тұрса қара аспан,

Ойларсың мен деп қарағым,

                                      Беймезгіл келіп адасқан.

 

Есіңе мені алғайсың,

                                      Көк жүзі тұрса түнеріп,

Нөсер боп сонда төгілем,

                                      Бетіне жердің нұр егіп.

Жасын боп сол сәт жарқылдап,

                                      Ұйқысын жердің қашырам,

Теңізді сонда көрерсің,

                                      Тербеліп мендей тасыған.

 

Есіңе мені алғайсың,

                                      Естісең аспан дүрсілін,

Гүрілдеп кетсе кенеттен,

                                      Білерсің мен деп күрсілім.

Аспанның бетін тілгілеп,

                                      Жарқырар сонда қылышым,

Күресіп бәлкім жүрермін,

                                      Жамандық деген құрысын.

 

Есіңе мені алғайсың,

                                      Аспанның жасы тамғанда,

Кетті деп ойла арманда,

                                      Жұмбағын ашпай жалғанға.

Сыбдырлап тамған тамшылар,

                                      Сағыныш менен сол-дағы,

Жасым боп барған жауынға,

                                      Шомылып тұрсаң болғаны.

Жалпы прозада да қалам тербеп жүрген әріптестеріміз жоқ емес. Мейіржан, Ардақ, Мейіргүл шығармаларын да жинақтан кездестірдім. Енді ол шығармаларды бір күні өз рұқсаттарымен шығарамын деген үміттемін.