Билет қалтада, жеке куәлік жатақханада..

          Оқу жылының соңы таяп қалған болатын. Бір ай бұрын алып қойған үйге қайту билетін күн санап күтіп, тура бір бізге қанат бітсе ауылға ұшып кетердей болып жүрген кез. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылып жүріп  емтихандарды да бітірдік..

        Жолдорбамды күні бұрын жинап қойып, уақыт жеткенде топтағы «шығарып салушы» достарыммен бірге вокзалға келдік. Күту залында әрлі берліні еске түсіріп отырған сәтте «Тыңдаңыздар, Астана-Сарыағаш бағытындағы жолаушылар пойызы екінші жолға келіп тоқтады» деген жағымды хабарландыруды естідік. Мендегі уақыт 5.40, ал пойыз сағат 6.20 да жүреді. Сомен айналама көз жүгірте заттарымды түгелдей бастадым: сөмке, тамақ, билет, жеке куәлік.. жеке куәлік! Қандай қырсық шалғанын түсінген де боларсыздар. Құжатымды ұмытып кетіппін. Ойыма түк келмей сандырақтап, ақыры жатақханада қалған қыздарға хабарластым. Оқу бітті, сабақ жоқ болса есі дұрыс студент таңғы сағат алтыда оңайлықпен тұра қоя ма? Әрең ұйқысынан оятып, жеке куәлікті алып вокзалға дереу жетуін айттым. Әншейінде өтпейтін уақыт осындайда зымырайды-ау. Енді үлгермесе пойыздан қалып қоям ба деп тағы қорықтым. Сәлден соң «Келдім» деген қоңырауды ести сала вокзалдың алдына қарай жүгірдім. Қасақана эскалатордың да істемей қалғаны, жеке куәлікті ала сап, сол жүгіріспен баспалдақтарды екі-үшеуден аттап вагонға келдім. Байқасам, әлгінде ғана пойыз жанында жүрген «миллиондаған» адамның бірі де қалмапты.  Бұл да сірә, соңғы минутта жетіп келгенімнің белгісі шығар..

Пойыздан қалып қоя жаздаған осы күнді әлі ұмытпаймын. Десек те, өзіне магнитсіз тартатын туған жерге деген сағыныш студентке түсінікті болар..



Бөлісу: