Студенттік кез қызықтары

Студенттік кез қызықтары
жеке
блог

Студенттік кезге саяхат!

Ойымдағы нәрсені қағаз бетіне түсірмегелі де көөөөп уақыт өтті. Уақыт не деген жылдам десеңізші?! Алтын ұя мектебімде 9 сыныпты аяқтап, Атырау аграрлы-техникалық колледжінің табалдырығын аттағаным күні кеше еді. Осы қасиетті білім ордасын тәмамдағаныма да 8 жылдың жүзі болыпты. Арада 8 жыл өтсе де бірге оқыған курстастарымды, достарымды, ұстаздарымды ұмытқан емеспін. Колледж қабырғасындағы әр бір күн қызыққа толы болатын. Сол қызықты сәттердің кейбірін сіздермен бөлісейін:

... "перваштардың" арасында жыл сайын таланттарды іздеу сайысы өткізілетін. Осы сайысқа қатыспақшы болып, біздер де дайындалып жатырғанбыз. Сән сайысына үш жігітімізді үш "красавица" қылып киіндіріп қойдық. Әбден шығатын кезіміз келгенде үш жігітіміздің біреуін "дәрет қысқаны"...Бойы сырықтай, үстінде тап-тар "вечерний" көйлек, баста парик, беті бес батпан бояу. Дәретханаға баруы үшін киім ауыстыруға кем дегенде жарты сағат керек. Біреу жүгіріп барып "баклашка" тауып әкелген. Біздің "аруымыз" бұрышқа барып "баклашкаға" жібееерді...Біздер қыран-топан... Содан не керек жарыс та басталып кетті. Мен жүргізуші болып тұрмын. "Аруларымызды" ортаға шақырғанмын. Қызықтың көкесі енді басталды: жаңағы "красавица" қолында "дамский" темекісін бұрқыратып акт залына баса көктеп кіріп келе жатыр, құдды бір афро-американдық киножұлдыз секілді. Алдыңғы қатарда отырған ұстаздардан қысылатын болар деп ойлап тұрсам, "баклашкаға" неткен "аруымыздың" олардың дәл алдарына барып, қолдарын сүйгені әлі күнге дейін көз алдымда...

... ұмытпасам информатика сабағы болатын, апайымыз шуламай отырыңдар, мен қазір ұстаздар бөлмесіне барып келем деп шығып кеткен. Оның ізін суытпай бір тыңшымыз артынан ілесіп барып асханаға кеткенін біліп келді. Апай асханаға кетті деуі мұң еді, қарындары шұрылдап отырғандар улап-шулап қоя берді. Ол ол ма, ортаға бір дирижер шығып, "бір,екі,үш" деп, қалғанымыз "апай, апай, апай" деп хормен айқайлағанбыз. Оның үстіне ұстаздар бөлмесі дәл біздің аудиторияның қасында орналасқан. Содан бірнеше мұғалім кіріп келді. Не айқай, не шу деп? Апайларың қайда деп?...."апай асханаға кетті, апай тамақтанып жатыр" деп апайды ұстап бергеніміз бар...

...Сарайшыққа саяхат, 5 күндік армия, туған күн қызықтары, студенттік той... айта берсем қызықтарды тауысу мүмкін емес. Оның үстіне массагетте жазып отырған алғашқы жазбам. Сіздерге қызық болды ма, әлде қызық болмады ма білмеймін? Осы сайттың қолданушыларының көбі жастар болғандықтан, қызықтарымды сіздермен өзімше бөлісіп жатқаным ғой. Барлық студенттерді бүгінгі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!