Менің мектептегі қызықтарым (Эстафета)

Менің мектептегі қызықтарым (Эстафета)
жеке
блог

Ойламаған жерден эстафета таяқшасын алып қуанып отырмын. Көп рахмет сізге, Ұлан! Алғашқы эстафетам болғандықтан, қатты толқыдым. Басқа блоггерлердің жазбаларын оқып шықтым, сондағы менің байқағаным, бәріміздің балалық шағымыз ұқсас екен...

  1. Алдыңғы блоггерлер жазып өткендей, мен де тыным таппай, мектепке ерте барып қойған адаммын. Өзімнен екі жас үлкен әпкем мектепке барды, содан әліппе мен ана тілін екеуміз де жетік меңгеріп шықтық. Мектепке қабылдануым да қызық болды, қыс ортасында мектепке барам деп қиғылық салдым, анам сөзімді жерге тастамай мектепке алып келді. Мұғалім алғысы келмесе керек, алдында жатқан газетті емін-еркін оқып бердім, оқи алатыныма көзі жеткен соң ғана алды. Анам шығып кетісімен, мен өзімді жыртқыштардың арасында жалғыз қалғандай сезіндім. Бәрі келісіп алғандай, мені «Айжан» деп атайды, мен Айданамын деп айтқым келеді, бірақ жігерім жетпейді. Жатырқап жылап жібердім. Мұғалім не істерін білмей, әпкемнің классына апарып тастады. Кейін менің құжаттағы есімімнің Айжан екенін білдім ғой, оған дейін Айдана боп жүргенмін. (Ата-әжем үшін қазір де Айданамын)
  2. Класс жетекшім әжеммен жақсы араласып кетті, минуттап оқығанда, қатарластарымды шаң қаптыратыным тағы бар, өзім старостамын, әйтеуір «Құдайдың еркесі» болдым. Бір ғана кемшілігім – жазуымның нашарлығы (қазір де оңып тұрған жоқ). Маған әдейі жазуды үйіп-төгіп береді, мен барып тұрған еріншекпін. Бір әріпті жазып алып, «Ух!» деп, аяғымды аспанға көтеріп жатам. Біраздан соң, келесі әріпті жазып, тағы демаламын. Кейін, 11-сыныпта осы почеркімнің кесірінен шығармашылық байқауда екінші орын алып қалдым...
  3. Қыс мезгілі болатын. Ойнап тұрып, оң аяғымды шалшық суға батырып алдым. Бір аяғым құрғақ, бір аяғым шылқыған су. Апай ауырып қаласың, үйіңе қайт десе де, қайтпадым. Әжемнен қатты қорқамын, ұрыса ма деп қорықтым, ал апай сабақты жібергісі келмей тұр деп ойлап, мені мақтап келе жатыр. Содан кабинетке әкеліп, пештің қасына отырғызып қойды. Етігімді шешті, шұлығымды шешті, тағы бір шұлық, арасында табаны жұқарғандарын жоғары қаратып кигізіп жібергені бар, қысқасы 4-5 шұлықты кішкентай пештің үстіне толтырып жайып қойды. Өзім пештің үстіне аяғымды тіреп, кітап оқып отырмын. Қырсыққанда, сол сәтте директор мен завучтер кіріп келді. Ұялғаным-ай!
  4. Екінші сыныпта, екі сыныптың арасында эстафеталық жарыс өтетін болды, мені қатыстырмады, томпақ болғаным үшін шығар))) Жарыс болатын күн, мен көрермен болып отырмын, біздің сыныптың бір қатысушысы келмей қалыпты, бар үміт менде. Коммунистпін ғой, юбкамды шешіп, колготкимен сапқа тұра қалдым. Мешокпен секірдік, доппен жарыстық. Кейін үйге келген соң байқадым, колготкиімнің арты созылып кеткен, шатасып мектепке ескі колготки киіп кетіппін. Сондай колготкимен сыныбыма І орын алып бергенім бар...
  5. Үшінші сыныпта болу керек, мұзда сырғанап жүргенмін. Мұз ойылып, белуардан суға баттым. Үйге барғанша әжемнен қорқып жылап бардым, жеткен соң да кіре алмай біраз тұрдым. Ақыры кірдім, ешкім үстіме анықтап қарамады да, өз бөлмеме аман-есен жетіп, енді отыра бергенімде әжем мен мамам кіріп келді. Еденде су аяқтың ізі қалып қойыпты...
  6. «Екі көзіңнің арасын 500 рет тырнасаң, жолдан 500 теңге тауып аласың» деген «приколды» білетін шығарсыздар. Соған сеніп, мұрнымның үстіңгі жағын жара қылып жібергем...
  7. Төртінші сыныпта алғаш рет жігіттен хат алдым. Жыртып-жыртып бетіне лақтырып, гүлін аяққа таптап кеткем))) Бес жылдан соң, сол жігітке ессіз ғашық боларымды білсем, бұлай жасамас па едім, кім біледі...
  8. Қыс басталысымен, қыздар мен ұлдар арасында бітпес соғыс басталатын. Ұлдар бізді қарға құлатқысы келеді, мен бой бермей, оларды тепкінің астына аламын. Атам неше түрлі приемдар үйретіп қойған, ұлдар мені «Тайсон» деп атайтын.
  9. Біздің кезімізде «Анкета» деген дәптер болатын, ішіндегі сұрақтарға жауап беріп, фразы жазып, сурет жабыстырып дегендей... Класстың бәрінде бір-біреуден бар, қырсыққанда апай дәл мені анкетамен ұстап алды. «Жүрегіңде кімге орын бар?» деген сұрақ үшін мені жерден алып, жерге салған.

10.   Мектеп бітірерде ҰБТ-ға дайындалып, бір тест жаттаған емеспін, облыстық, республикалық жарыстарға кетіп қалып жүрдім (бұрын қаңғырғаным аздай). Сүлеймен Демирельдің гранты дайын тұрды. «Ұлан» газетінің жас тілшісімін, оған қоса «Жас Алашқа», «Ұланға», «Арайға» мақалаларым шығып, атағым дүркіреп тұрған кез. Соның буымен болар, сыныптастарым жайлы облыстық газетке қалжың мақала жазам деп, біраз адамды ренжітіп алғаным бар. Аман-есен ҰБТ тапсырып, мектебіммен қоштастым. Аттестатымда бір ғана төрттік болды. Математика емес, химия емес, қай сабақ дейсіздер ғой? Дене шынықтыру((((

 

Р/с: Көөөөп суреттер дайындап едім, сала алмадым))))))) 

 

Эстафета таяқшасын Жадыра Аққайырға табыстаймын!!!