Сізді жақсы көріп кеттім...

Дулат Исабеков. Осы есімді алғаш естігенім мектеп қабырғасында. Қай сыныптың кітабы екені есімде емес, әйтеуір соңғы жағына жаңа заман әдебиеті категориясына жайғасқанын білемін. Сабақ бітетін кезең, шығармаларын оқымадық. Апайға жалынып жүріп: ой, апай, сабақ бітеді ғой, оқымай-ақ қояйықшы деп. Апай да көне салатын ондайға. Аттап кеттік. Нақтырақ айтсақ, әдебиетті жауып қойдық. Өмірде бар адам, әлі талай оқырмын деген үмітпен мен де жаптым. Сол күйі қанша жыл Дулат ағаның шығармаларын оқымай жүрдік. Бәлкім, «Ұлан» мен «Ақ желкендік» достарым «Қарғынды» оқуға кеңес бермегенде. Барлығы мақтаған кітапты оқу – алдағы мақсаттардың бірі болды. Бір ойым – біздің кітапханада ол қайдан болсын? деген. Сөйтсем, ол ой тек жалқаулық екен. ҰБТ бітті, қам жейтін ештеңе жоқ. Кітап оқып, кітапхана табалдырығын тоздырғаннан басқа не қалды? Бардым кітаптар үйіне. Жаңа дүниелер келіпті. Ішінде «менің мақсатым» да бар. Кітапты жаздырып алдым да, үйге беттедім. Тезірек оқып бітіру керек. Бұл мақсат та бір күнде орындалды. Сол романды бітіргендегі сезімді білсеңіз ғой. Мойнымнан бейнебір ауыр жүк түскендей болды. Енді бәрімен талқыға сала аламын. Ұнады қатты. Жасын мен Сурға табынып кетпесем де, жазу шеберлігіне тәнті болдым. Не деген жаза білу өнері?! Сол сәттен бастап мен Дулат ағаны жақсы көріп кеттім. Оқымай қойғанымыз есіме түссе, бір қызарып аламын. Бағанадан бермен суын құрытқан Дулат ағам жайлы айтып өтейін:

Дулат Исабеков (20.12.1942 жылы туылған, Арыс ауданы"Ленин жолы" ауылы) — жазушы, драматургҚазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1992). Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген (1966). Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор (1967—68), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-70), "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі (1971—76), "Жалын" баспасында редакция меңгерушісі (1976—80), Қазақстан Республикасы Мәдениет министр репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-88), 1988— 97 жылы Қазақ теледидарының бас редакторы"Жазушы" баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Мәдениеттану ғылым зерттеу институтының директоры. Алғашқы әңгімесі "Жолда", "Замандастар" атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін "Бекет" (1966), "Ащы бал" (1969), "Мазасыз күндер" (1970), "Қара шаңырақ" (1973), "Тіршілік" (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қарғын" (1980) романы басылды. Тандаулы повестері "Екі жиырма" (1983) деген атпен жарық көрді. Бір-қатар шығармалары орыс тіліне аударылып, "Полынь" (1978), "Отчий дом" (1979), "Смятение" (1986), "Новоселье в старом доме" (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. Исабектің "Ректордың қабылдау күндері" (1975), "Әпке" (1977), "Ертеңгі күту" (1979), "Мұрагерлер" (1982), "Алыстан келген ананас" (1984), "Кішкентай ауыл" (1986), т.б. пьесалары республика, облысы театр сахналарында қойылды. Тандаулы пьесалары "Жеті желкен" 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойын¬ша "Гауһар тас" (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), "Дермене" (режиссерАсанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді. "Мұрагерлер" пьесасы үшін оған Қазақстан Жазушылар одағында Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығыберілген (1985). Қысқаша айтқанда, осылай. Дулат ағаны көзбен танитындар мақтайды. Даттайтындары да табылады. Айта берсін. Мен де танысып, біліскім келеді. Бір реті келмей жүр арнайы Жазушылар Одағына «Қарғынымды» құшақтап, қолтаңба алатын. Аман болсақ, бәрі де болар. Жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын! 

P.S Дулат аға жайлы мәліметтер https://kk.wikipedia.org сайтынан алынды.



Бөлісу: