Бір сәт!

Кезекті түсірілім жұмыстары кезінде елге белгілі суретші Жеңісбек Абдраман ағамен жолыққан едім. Әдеттегідей, танысып, жөн сұрасып жаттық. Бір кезде суреткер ағама өз кәсібі жайлы айтып беруді сұрадым. Аға бейнелеу өнерінің қыр-сырын айтып, аз-маз тарихына тоқталып, бұл саланың қызығы мен шыжығы туралы айтып жатты. Бір кезде ағамның ауызынан «Суретші бір сәтті есінде сақтап қалады. Қылқалам арқылы кейін сол сәтті суреттеп береді» деген сөздер шықты. Бір естігеннен-ақ бұл сөздің мәнін түсіну оңай емес. Терең үңілсең, астарында айтылмай қаншама ой жатыр.

Расында да, бір сәтті есте сақтап қалу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол, тіпті, мүмкін емес. Себебі, бұл сәт екінші рет қайталанбайды. Ешқашан да. Бәлкім, бір сәт басқа жағдайларда қайталануы мүмкін. Бірақ, сол сәт, сол уақыт, сол мезет ешқашан да, еш жағдайда да қайталанбайды. Ол сәт өтеді де кетеді. Оны ұстай да алмайсың, тоқтата да алмайсың, қайталай да алмайсың. Мысалы, бүгін делік, жан құрбыңмен кездестің. Ыстық шәй ішіп, жылы шырай білдіріп, дидарласып отырсың. Сол бір кездесудің өзіндегі құбылыстар қайта-қайта қайталанбайды. Әрине, амандық болса, сен құрбыңмен ертең де, келесі аптада да, он бес жылдан кейін кездесесің. Бірақ, бір де бір кездесу дәл бүгінгі кездесудей болмас. Бір сәт! Болды! Басқа қайталанбайды.

Адам баласы қанша мықты болса да ауызынан шыққан сөзді, зулап өтіп жақтан уақытты, сол бір сәтті қайтара алмайды. «Темірді қызғанда бас» дегендей, айналамызға күлімдеп қарап, бір-бірімізге жылы сөздер айтып, көңілге қаяу түсірмеуге ұмтылайық. Кеудеде толып жатқан ашу, наз, өкпе, наланың барлығынт өткен күндердің еншісіне тапсырып, өзімізбен бірге болашаққа тек қана игі естеліктерді алып жүрейік. Бір сәт ешуақытта қайта оралмайды. Бір сәтті есте сақтап қалатындай, әрқайсысымыз суреткер емеспіз. Сондықтан да, сол бір сәтті жіберіп алмауға тырысайық, достар! 



Бөлісу: