Үйлену оңай...

Үйлену оңай...
жеке
блог

«Үйлену оңай-үй болу қиын». Расыменде солай. Албырт сезімнің жетегене еріп жеңіл  шешім қабылдап, үйленем деп бекінген жастардың армандары аяқ асты болып, некелері баянды болмай қалып та жатады.  Оны тағдырдан, кейде шайпау енеден, кесапат келіннен, енді бірде келіссіз күйеу жігіттен көретініміз рас. Бұрындары ерлі-зайыптылардың ажырасуы екі жақтың ата-анасы, отбасы мүшелері үшін де ұят саналатын. «Сенің ағаң айырылысып кетіпті ғой», «Әпкең үйіңе қайтып келген бе?» деген секілді сөздерді естуі ата-анасын былай қойғанда, ес білетін ұл-қызына да ауыр тиетін. Қазіргі уақытта «ажырасу» жат ұғым болмай қалды. «Пәленшенің баласы ажырасып кетіпті», «Түгеншенің қызы балаларымен қайтып келіпті» десе, ешкім елеңдей қоймайды.  Бұл да бір өмірдің тұрақты заңдылығына айналғандай.
Өзім түп тамырым ауылдан. Арал өңірінің тумасымын. Біздің ауыл екі жүзге жуық отбасыдан тұратын таза қазақи ауыл болатын. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдастар бір-біріне мүмкіндігінше қарайласып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, берік ұстанатын еді. Жаз шыға бойдақ ағаларымыз үйленіп, бойжеткен әпкелеріміз тұрмыс құрып, тойдан-той, мәре-сәре болатынбыз. Осылайша той әлегімен ауыл адамдары қалай қара күздің келгенін де байқамай қалатын. Бір қызығы, сол жас отау иелерінің ешқайсысын «ажырасып кетіпті» дегенін мүлдем естімей-ақ  бойжеттік.
Ал қазір ауылға барсаң, сол баяғы бірлігі жарасқан елді аңсайсың. «Ананың келіні енесіне былай деп кетіпті», «мынаның келіні күйеуінің көзіне шөп салыпты» деген әңгімелер көп-ақ. Ағам Ақтөбеден келіншек әкеліп ата-анамызды қуантып еді. Көп ұзамай немерелі де болды. Артынан сіңлім дүниеге келді. Осылай өмір өтіп жатты. «Сиыр сипағанды білмейді» деген сөз негізі менің жеңгеме айтылса керек. Анам байғұс оқытып екі бірдей дипломды да алып берді. Ауылда жұмыс болмайтыны белгілі, сол себепті де ауыл әкімшілігінде қоғамдық жұмыс жасайтын жеңгем ананы-мынаны сылтауратып қалаға шығып қыдыруды да жиілетті. «Ауылда біздің келін мен Қази жүреді екен» деген сөз жиілей бастады. Қази-ауыл әкімшілігінде бас маман. Сене қоймадық. Отбасылы азамат, әрі құда бала болатын. Қаңқу сөз ғой деп құлақ аспадық. Алайда барлық шындық ашылды, агент арқылы жазысқан хаттарын да таптық. Құдды бір Қыз Жібек пен Баян дерсің! Бұл жағдайдан соң шаңырақта шаттықта азайды. Келін кетті сіңілімді алып, ал інім кемпір-шалдың баласы болып кеткен. Анам мен әкем  немересін сағынып жылап та алады. Ал ағамның жағдайы айтпасада түсінікті. Құдағиымыз қызынық нақсүйері болуын заңдылыққа балап, бізді кінәлап отыр. Жақында ажырасу соты. Біз өз қанымыздың тентіреп кеткенін қаламаймыз. Бұл жалғыз бір отбасыда емес бірнеше отбасыда болатын жағдай.
Облыстағы статистикалық мәліметке сүйенсек биыл 4644 неке тіркелсе, оның 1111-і ажырасып үлгірген. Яғни 4 некенің 1-і бұзылған. Ал Байқоңыр қаласында екі некенің біреуі сәтсіз аяқталады екен.
Ажырасу неге көбейіп кетті, оған себепкер нендей жағдайлар болуы мүмкін осы сауалдарға жауапты тұрғындардың аузынан естігенді жөн көрдік.
Дәурен 52 жаста
- Болашақ - жастардың қолында» дегенді жиі айтамыз. Солайы солай. Бірақ, олардың көпшілігінде өмірге деген жауапкершілік азайып бара жатыр. Тіпті, кейде олардың істеген тірліктеріне қарап отырып, отбасы деген киелі ұғымды жете түсінбей ме деген ойда қаламын.
Бұл-балалық па, әлде жастық па? Әлде... Басты бәле имансыздықта екені ақиқат. Ал имансыздыққа бастар жолдар да әртүрлі болатыны тағы белгілі. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ажырасудың себептеріне көз жеткіземіз. Әрине, отбасының ойраны шығуына жастардың бірін-бірі жете танымай шаңырақ көтеруі, туысқандардың ретсіз ортаға түсуі, материалдық қиындықтар сөзсіз әсер етеді.
Гүлжан 27 жаста
 - Қазір жастарымыз бірінші төсектес болып, кейін отау құратыны жаңалық болмай барады. Содан ойнап жүріп от басады да, барлығын «білдірмей жібереміз» деп асығып-үсігіп шаңырақ көтереді. Ал некесіз жыныстық қатынасқа баруды шариғат қатты жазалайды. Ол - харам. Халқымызда «босағаны ақ болып аттау», «алғашқы түн» «ақ неке» деген түсінік болды. Бұдан некесі қиылмай тұрып, төсектес болмағанын байқамыз. Демек, ата-бабаларымыз шариғаттың талаптарын өзінің әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен тамаша үйлестіре білген. Ислам қағидаларына адалдық танытқан. Сондықтан да, отбасының абыройы асқақтап, қасиетті ұғымға айналды. Ақ неке қиылмай жыныстық қатынас жасау - зина. Зина - ең үлкен күнәлардың бірі. Құран Кәрімде: «Зинаға жоламаңдар» деп бұйырады Аллаһ тағала. Ислам ғұламалары «жоламаңдар» деген сөзді зинаға апаратын жолдардың барлығы «харам» екендігімен түсіндіреді.
Азиза, 45 жаста:
-Жігіт пен қыздарымыздың жасы есейіп барып (30-дан асқанша үйленбеу әдетке айналды) отбасын құруда. Отыздан асып бірінші рет шаңырақ көтергендер ақыл тоқтатты дегенімізбен, аса кінәмшіл келеді екен. Өйткені, олар жалғыз өмір сүруге дағдыланып қалған. Ол үшін барлық шаруа өзінің ойлағанындай болу керек. Әйтпесе, сылтау шығарып ұрысуға дайын тұрады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ мұндайлар да бар.
Назгүл, 25 жаста:
-Соңғы кездері «Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы» деп өтірік бірдеңелерді  тауып алып, болашақ құдаларымызды қатты қинап қоятынымыз да жасырын емес. Ал, мұның соңы ұрыс-керіспен, жастардың ажырасуымен аяқталатыны өте өкінішті. Яғни, құда-құдағиларда кінәлі болуы мүмкін. 
Нұрлыбек, 33 жаста:
 -Тұрмысқа шыққан қарындастарым үйге ретсіз келсе анам қорқып отырады. Күйеуімен жараспай қалды ма екен деген үрейден болар. Бұрын кететін қызға сол үйден сүйегің шығатын болсын дейтін ана тәрбиесі бар еді. Ал қазір ұрса арыз жазып соттатып жібер, ұрысса үйге қайтып кел, ішімізге сыйған бала, сыртымызға да сыяды деген кеңес беретін сияқты.
Шариғатымыз ажырасуға рұқсат берген. Алайда, Аллаһ тағала бұл істі ең ұнатпайтын халал тірлік ретінде қарағанын әрқашан естен шығармаған жөн. Жаратушымыз Құранда талаққа үш рет қана жол берілетіндігін айтады. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Ислам ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салмаған және оны аса құптамайды да. Сөзімізді дәлелдеу үшін Құраннан мысал келтірелік:
«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар (ұмытпаңдар), Аллаһ сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят),- деп асығыс шешім қабылдамауға үндесе, мына аятта: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, ажырасуға сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Аллаһ тағала Мәртебелі, әрі Ұлы» («Ниса» сүресі, 34-аят),- деп сабырлылыққа шақырады.
Жалпы, ажырасудың негізгі себептерінің бірі-ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне селқос қарауында. Олардың бір-бірінің алдында міндеттері бар. Ердің жары мен бала-шағасы алдындағы міндеті - тамағын, киімін, жалпы, қажеттіліктерін халалдан қамтамасыз ету, балаларын тәрбиелеу т.б. Ал әйелдің ері алдындағы міндеті - отбасы шаруаларымен айналысып, бала-шағасын тәрбиелеу, күйеуіне мойынсұну.
Ал қазіргі уақытта, нәзік жандардың барлығы күйеулеріне мойын-сұнып жатыр деп айта алмаймыз. Тең құқылымыз деп күйеуінің басына әңгіртаяқ ойнататындар да бар. Еріне бағынғысы келмейді. Осыдан барып, ұрыс-керіс, жан-жал шығады. Негізі ұрыс-керісті бастайтын еркектерде бар. Олар әйел адамның еркектің қабырғасынан жаратылғанын, және қисық қабырғаны қанша ұрып-соқсада түзелмейтінін түсінуі керек.   Және ер азамат болғаннан соң әр жерде өзін ұстап, сабырлылық таныта білу қажет.
Ислам ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін толықтай көрсетіп берген. Тек соны орындай алмай жүрміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сендердің ең ізгілерің - әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың»,- деп ер азаматтарға құлаққағыс етеді. Әйел - анаң. Сондықтан, өз анаңды қалай құрметтесең, жұбайыңа да солай қарауға міндеттісің. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат аналардың аяғының астында»,- деген. Яғни, жұмаққа кіргіміз келсе, әркім өз анасын, әйелін сыйлап, құрметтеуі тиіс. Сондай-ақ, ер кісіге әйелі мен бала-шағасы Аллаһтың берген аманаты. Аманатқа қиянат жасасақ, Жаратушымыз алдында ақірет күні қалай жауап бермекпіз? Отбасы-кішкентай мемлекет. Мемлекетіміздің іргесі берік болу үшін бала тәрбиесіне мән беру қажет. Себебі, «Отан - отбасынан басталады» деген.