Бота қорының болашағы не болмақ?

Бота қорының болашағы не болмақ?
жеке
блог

   Арай көп балалы отбасынан. Шалғай ауданда туылып, жастайынан жоқшылықтың дәмін татып өскен қыз. Әкесі о дүниелік болғаннан бері, үйдегі жалғыз тірегі – анасы. Үйдің үлкені болғандықтан артындағы іні-сіңлілеріне қамқор болуды ол өз мойнына алған. Анасы ауылдағы кішігірім қара жұмыстарды істеп, жан бағудың амалын жасайды. Туылғалы қиындықты көріп өскен Арай оқуға құштар. Бірақ, ҰБТ кезінде оның бағы жанбай қалған. Өйткені, оқудың балы да шарықтап кетті. Осындай кезде «Бота» қоры оның бағын жандырды. Әлеуметі төмен отбасыдан шыққан қыз үшін бұл үлкен қуаныш еді. Алайда, қордың жабылатынын естіген Арай өз болашағына қатты алаңдаулы. «Қор жабылса, оқудың қаражатын кім төлейді?» – деп үрейленеді ол. Енді ғана өмірге деген ұмтылысы пайда болған қыздың, қуанышына су себілгендей. «Өсіру де еліңнен, өшіру де еліңнен». 

ботажан  Дегенмен, Арай бір жақсылықтың боларынан үмітті. Бұл тек бір ғана қаршадай қыздың жанайқайы емес, «Бота» қорының біршама шәкірттерінің де айтар назы. Олардың кең өмірлері аяқ астынан тарылды да кетті. Өйткені, қор қатарындағы ұл-қыздар да Арайдың жағдайын бастан кешіруде.

   Осыдан алты жыл бұрын елге қуаныш сыйлап, талай оқушының бағын жандырып, әке-шешенің демеуіне айналған «Бота» қоры жақында жабылады» деген қауесеттің елге тарауы біраз жанның үрейін шақырды. Оны 19 маусым күні Астанада халықаралық конференция барысында «Бота» Қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Манен Омаров мәлім еткен. Бір топ шәкірттер шулап жатса, енді бірі бұл жаңалықтан мүлде бейхабар. Себебі, сол мәлімдемеден кейін қор қызметкерлері шәкірттерге ашып ештеңені айтпаған. Мүмкін дау шығармайын деді ме, әлде, құлақтың құрышын қандырайын деді ме, кім білсін? 

Қор құрылмай жатып, о бастан-ақ дау туғызған еді. Қор кезінде халықаралық дауға ілінген «Қазақгейттің» қаржысына құрылған. Үш мемлекет қол қойып, сол қаржыны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылдаған. «Қазақгейт» ісіне байланысты Швейцария банктерінде анықталған, шығу тегі бұлыңғыр 84 миллион АҚШ доллары – «Ботаның» бастапқы капиталы. Қордың атқару директорының айтуы бойынша, кейін оның құны 115 миллион долларды құраған. Бұл – кезінде Қазақстандағы билік басындағылардың кеңесшісі қызметін атқарған бизнесмен Джеймс Гиффеннің АҚШ мұнай компанияларының Қазақстандағы мүддесін оңтайлы шешу үшін осындағы лауазымды адамдардың есепшоттарына аударған қаржысы. «Қазақгейт» ісіне байланысты АҚШ үкіметінің ұсынысымен Швейцария банктері 84 миллион долларды құлыптап тастаған болатын. 2007 жылы үш мемлекет қол қойған келісімнің нәтижесінде «Бота» қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған. Айтсам дейтін ой көп те, оның бәрін сыйдыратын сөз жоқтың жағдайы бұл жерде.
бота қоры  Осылайша, «Бота» қоры дүниеге келген еді. 2008 жылы құрылған  қордың негізгі миссиясы – Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен  отбасылардан шыққан балалар мен жастардың әл-ауқатын, олардың  денсаулығы, білімі мен әлеуметтік қорғалуына инвестиция жасау арқылы  жақсарту. Қаражаттың қаржылық басқарылуын бақылауды «БОТА» ҚҚ-ның  қамқоршылар Кеңесі мен Қордың Бағдарламалық менеджері дүниежүзілік  Банктің көмегімен жүзеге асырады. Негізгі капиталдан бөлек қор сол  сомадан көрген пайыздарды алып отырады. «Бота» 3 бағдарлама  бойынша жұмыс жасады.

   Оқуға деген ынтаның өзінен өзі сор әкелгені ме, енді қор жабылса «Бота» қаражатына оқитын шәкірттердің жағдайы не болмақ? Буынсыз жерге пышақ ұрып, біз де хабарласып сұрадық қордың болашағын. Мәселенің мән жайын білу үшін, әрине. Олар аталмыш сыбыстың растығын дәлелдеді. Бірақ, баспасөзден екенімізді естіп: «Бұл сауалдың шешімін түгенше біледі», – деп біріне бірі сілтеп, жауапты әзер берді. Сонымен 2010 жылдан бастап, «БОТА» Қорының Байланыс және даму департаментінің директоры болып қабалданған Роман Райфельд мырза: «Бұл сауалға шешімді өзіміз де таба алмай отырмыз. Нақты жауап жоқ. Мұны ешкім де дәл қазір айта алмайды. Мүмкін жаңа жылға дейін шешіліп қалар. Бірақ қордың жабылатыны рас», – деп жылы қайырды. Мейлі, біз де берілген жауапқа хош дедік. Өйткені, қорда жұмыс жасайтын қызметкерлердің де жағдайы мәз болмай тұрған сыңайлы. Қор жабылса, сәлем жұмыссыздар қатары! 

   Бірақ мұны кездейсоқтыққа балауға еш болмайды.  Неге десеңіз, кездейсоқ оқиға болмайды. Бұл дүниедегінің бәрі де сынап байқау. Олар ақшаның таусыларын о баста-ақ білген. Себебі, қордың атқарушы директоры Аарон Борнстин бұрында-ақ, қаржы толық игерілген соң жабылады деген. 6 жылда қаржы да таусылар. Дей тұрғанмен, 115 млн демде игеріліп бітті деген күмәнді күдікті туғызады. Мейлі, 100 мыңнан астам адам қатысқан,бағдарлама бенефициарларына 3,8 млрд.теңге көлемінде жәрдемақылар төленген делік. 2009 жылдан бері Қазақстан бойынша 571 әлеуметтік жоба қаржыландырылды. Грантқа жұмсалған қаражаттың көлемі 1,4 млрд. теңгені құраған. Бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймағында тұратын 700-ден астам стипендиатқа жоғары, техникалық және кәсіби білім алуға мүмкіндік туғызды. Қордың жұмыс жасаған уақытынан бері БГБ 841 білім грантын бөлген. Бағдарлама аясында 931 млн. теңге көлемінде төлемдер жасалған. 140 мыңнан астам әйелдер, балалар мен жастар «БОТА» қорының үш бағдарламасының аясында көмек алсын. Бірақ, оқуын аяғына жеткізбей, аяқсыз қалдырған шәкірттер тобы қанша? Олардың төленбеген ақшасы да, шәкіртақысы мен тұратын мекеніне төленетін соммасы да қомақты қаржыны құрайды. Демек, күдік расталады.

   Өз этика кодексінде балалардың мүддесін қорғаймыз деген қордың, болашақта сол заңнаманы жүзеге асырары белгісіз. Өйткені, маусым айынан бері нақты шешім қабылданып, тығырықтан шығар жол табылмаған. Осыған байланысты шәкірттердің көңілінде күмән көп, болашағына деген алаңдаушылық басым. Дүниедегі ең қорқынышты нәрсе өлетін сәтіңді күні бұрын білу болса, мұнда да дәл солай. Оқып отырған оқуыңнан ертең айырылып қалатыныңды біле тұра, оны оқу нар тәуекелді қажет етеді. Мемлекет маңызды деп санамаған іс, өздеріңіз білетіндей, әрқашан назардан аулақ тұрмайды емес пе? Неде болса, істің артын бағамдай тұрамыз. Амал нешік!  

                                                                                                                                                                                   Гүлжан Серік