«ӘЙЕЛДІ БАСТАН»

«ӘЙЕЛДІ БАСТАН»
жеке
блог

Ораза уақытында бір ерлі-зайыптылардың екеуінің де ата-аналарының үйінде ауызашар берілетін болады. Бір күнде. Содан, әйелі ата-енесінің үйіне емес, көмектесуге өзінің төркін жағына барғысы келеді.  Күйеуі келіспейді, әрине. Біраз тартыс болса керек. «Бармаймын, барасың!» деген сыңайда. Күйеуінің иілетін түрін көрмеген соң келіншегі кішкене баласын, тағы біраз ең қажет деген заттарын сөмкеге салып алып, онда мен мүлде кетемін деп, төркінін бетке алып тартып отырыпты. Осылай отағасын састырамын деп ойлаған болуы керек. Әйел үйіне келген соң арада бірнеше сағат өткенде күйеуі жетіпті артынан. Бұл күткендей жүні жығылып, кешірім тілей келмеген екен, жүк көлігімен келіншектің жасау, дүние-мүлкін ала кепті де, үйге кіргізбестен, есіктің алдына төңкере салып, ләм деместен қайтып кетіпті. Апта өткенде, келіншегі әлгі сөмкесімен, баласымен күйеуіне барған екен. Жарына «жаздым, жаңылдым» деді ме екен, әйтеуір, отағасы да жібіп, қайта барып келіншегінің төркінінен жүктерін қайта тиеп әкеліпті. Келіншектің құрбыма айтқаны: «сондай өзімшіл, тәкәппар едім, сол оқиғадан соң төркініме кетемін деген сөз айтпайтын болдым».

Міне, мен сіздерге дұрыс жеткізе алдым ба, білмеймін, бірақ, құрбымнан осыны  тыңдап отырып, өзгеше риза болғаным бар жігіттің ісіне. Жарын еркелете білетін, еркелік есіру мен кесір тигізуге ұласып бара жатса, тізгіндей білетін мінезді азаматтар көп болса екен қазағымда. Сіз көріп жүрген отбасылы жігіттер қандай, өз дегенін жасата алатын өр мінездері біліне ме?