Ауылдың бәрі қартайған...

Мен ауылдың баласымын. Ауыл болғанда отыз қаралы үйі бар, төскейінде төрт түлігі шұбырған, адамдары аңғал да ақжарқын, қорасы қисайған, шаңы бұрқыраған кәдімгідей ауылда туғам. Біреулер құсап қаланың жағдайы жасалған, “туа сала тон кигізер” раддомында туу бақыты бұйырмапты. Пешенеме қаланың емес, даланың қазағы болу жазылған екен. Өзіме салса Астана, Алматы сынды ажарлы қалалардың бірінде туа салар едім. Түбі сол жақта ғұмыр кешетін болғасын, ертерек бой үйрете берген жақсы емес пе? Мен сол кезде дәл бүгінгідей, қаланы жатырқаған жанымды жұбатар жан іздеп жыламас едім. Мен сол кезде көліктері шұбырған көшеде, сағыныштың салмағы батқан сүлдемді сүйреп бара жатпас едім. Мен сол кезде қала адамдардың жанарындағы бөтендікті, қабағындағы салқындықты көріп жабырқамас едім. Мен сол кезде дүкенге барсам тілім күрмеліп, орысшам жетпей жанталаспас едім. Мен сол кезде... Жә, қойшы! Ауыл баласының қалаға үйрене алмау тақырыбы таусыла қоймас.

Мен сөйтіп, не орманы, не тауы жоқ, Қазақстанның қиыр бір нүктесіндегі аядай ауылда өстім. Біздің ауылдың естігеннің аузын ашырып, таңдайын қақтырар, көргеннің көзін жұмдырып, басын шайқатар сұлулығы да жоқ. Жәй ғана қоңыр тірлігі, шапаны жыртық шопаны, шелегі тесік келіні бар ауыл ғана. Бір айтарым болса, ауылымның Қараөзен жағасында ораласқаны...

Жазғы демалыста ауылға бардым. Армандап келген Алматымның керегі болмай, қайта келместей кекірейіп кетіп едім. Алып-ұшып ауылға барсам, “айран-асыр көңілім аяқ асты жер болды, ойнап-күлген өмірдің барар жері көр болдының” кебі болды. Кеудеме өксік тығылды. Бұзылған үйлер көңілді бұзып жіберді. Сиқы қашып, селдіреп қалған екен. Көбісі өзге аймақтарға көшіп жатыр. Қараөзеннің де арнасы ортайған. Кетер кезде: “Базарың тарқай бастағаны ма, балалық шақта басқа едің”, “Күз келген бақтай көңілсіз кейпің, жүректің шерін қозғады”, деген жолдар көңілге орала берді. Мағжанша айтсақ: “Алдындағы малымен, жүрген ескі заңымен, неге екенін білмеймін, сол ауылды сүйемін!”

Бұл менің ғана ауылымның мұңы емес. Қазіргі кезде ауылдың бәрі қартайған. Қалалық өркениет ауылдарымызды жұтып барады. Ауылда туған мен секілділердің бұны қабылдамасы анық. Ал, сіз не дейсіз?



Бөлісу: