Бақытты бол, "қымбат адам"...

***...тайғанап кеттім, құладым. Жаңа ғана киіп шыққан киімді былғадым. Жаңбырдың басылғаны сол-ақ еді, сыртқа шығамын да, ойнаймын деп азар да безер болып қоймай қойған едім. Тіземді ауыртып алсам да, қорқып келемін үйге. Жазалауға тұрарлық бұл ісім. Соншама сора сорам шыққанша жылап, далаға шыққанымды қайтейін, бес минуттан соң келіп тұрмын балшық-балшық болып. Енді анам ұрса да мейлі. Кінәлімін. Жоқ. Бірақ анам ұрыспады да. «Ақымағым-ау, сәл қоя тұр деп едім ғой»- деді... Бар болғаны сол. 

***...дәл мендей сағынып, дәл мендей бағалап, дәл өзіңді керек еткендей, мені де керек етіп, дәл мендей сүйе аласың ба?! Онда, бір түйір сырымды қалдырмастан ағымнан жарылып, бұйырса, әркез жаныңнан табылуға тырысамын. Ал, мұның бәрі болмаса, онда сенсіз де сені сағынып, сенсіз де сені ойлап, сүйе аламын... бұрын қолымнан келгендей, қазір де, ертең де қолымнан келеді, бұйырса. Сенімдімін...

***Оның ойынша, өмір деген - әдемі, әрі қымбат киім, аты әйгілі иіссу, бір қасығы менің бір айлық еңбекақыма татитын қымбат тағам, айналасы өзі секілді «қымбат» достар, шеккені шылым болса да, демі «жұпардай», көргені, барғаны тек «мәдени» жерлер, естігені «әсем әуен», оқығаны «құнды дүние»... Иә, иә, бұл да біреудің өмір сүру «тәсілі», «таңдауы», «бұйырғаны», «қолынан келгені»... Аяушылықпен қарап, «бақытты бол» деп, басыңнан сипағым келеді, «қымбат адам»! 



Бөлісу: