Жеңімпаз блог: Студенттен студентке (кезексөз)

Жеңімпаз блог: Студенттен студентке (кезексөз)
жеке
блог

Редакциядан: Бұл блог "Студенттен студентке" кезексөзі бойынша жеңімпаз блог ретінде танылды

Кеше Айша әпке табыстаған кезексөзді алдым. Айша әпкеге үлкен рақмет!

Бұл кезексөз ережесі бойынша студентке пайдалы 5 кеңес айту керек екен. Ендеше, 1 курста жіберген қателіктерімнен өзімше шығарған нәтижемді сіздермен бөлісейін, достар.

1. Белсенді болыңыз.

1 курста мен ешқандай қоғамдық іс-шараға қатыспадым. Тек, сабақ оқумен шектелдім.  Десе де, сол сабақ оқуды да онша жарытпадым ғой.

Университет қабырғасында топтастарым, жолдастарым түрлі мерекелік һәм концерттік іс-шараларға білек сыбана қатысатын еді. Және ертесіне бір-бірімен айтатын ортақ тақырыптары, әңгімелері еш таусылмайды, шіркіндер... Ал, мен ондайда бір бұрышта жырақта қаламын. Әңгімелеріне араласа алмаймын.

2. Көпшілікпен бірге болыңыз.

4 қабарғаға қамалмай, сенбі, жексенбі күндері топтағы достарыңызбен қаланы аралау керек. Зообаққа, кинотеатрға, болмаса жай театрға, әйтеуір қайда барғыларыңыз келеді, сонда барыңыздар. 100 пайыз уәде, күн қызықты өтеді. Себебі, көпшілікпен бірге «адасқан» өте қызық. Жалғыз-жарым жол тапқанша. 

Сол кезде өмір деген тек қана ақ, қара түстерден ғана емес, қызыл, сары, жасыл, көк түстерден де тұратынына куә боласыз.

3. Махаббаттан қашпаңыз.

«Құдай-ау қайда сол жылдар, махаббат қызық мол жылдар» демекші,  кез-келген адам студент кезінде махаббат машақатымен күресу керек қой деймін. Дүниеден 2 нәрседен қателеспеу керек дейді. 1-ші – жар таңдаудан. Жар таңдаудан қателеспеу үшін – сізде тәжірибе болу керек. Тәжірибе болу үшін ең бірінші  ұнатқан қызыңызға (жігітіңізге) сезіміңізді білдіріңіз. Қорықпаңыз. Мүмкін сол сіз ғашық болған қыз да сізді ұнататын болар? Ұнатпаса да, уақыт өте келе ұнатады.  

Уақыт өте келе, сіздер бір-біріңізге лайықсыздар ма, қиын кездерде бір-бірлеріңізді түсіне аласыздар ма, бәрі белгілі болады. Бұл махаббат па, әлде жастық желік, құштарлық па, жаймен санаңызға жетеді.

4. Жатақханада тұруға тырысыңыз.

Тағы да 1 пунктегідей жағдай болды менде. 1 курста менің көп топтастарым жатақханада тұрды. Ал, мен үйде тұрдым. Үзілістерде жатақханадағы көңілді жүретін (аш жүрсе де, тоқ жүрсе де) достарым өзара әңгімелесе бастайды. «Кеше сұмдық болды», «Ешкімге айтпа, ұят болады», «Бүгін тағы да кешегідей болмаса болғаны» деген сынды құпия әңгімелер айтады. Ал, мен тағы әңгімелеріне араласа алмаймын. Тағы сол бір бұрышта, жырақтамын.

5. Уақытты бағалай біліңіз.

Студент үшін ең маңызды – уақыт пен ақша. Уақытты жоспарлай біліңіз. Түрлі әлеуметтік желілерде алтыннан қымбат уақытыңызды өлтірмеңіз

Тек, университеттен алған біліміңізбен шектелмей, қосымша қызықты бір хобби табыңыз. (кітап оқыңыз, сол кітапты зерттеңіз, түбіне жетңіз; бейнемонтаж, фотомонтаж жасауды, сайт жасауды, безендіруді үйреніңіз; т.б.) Артықтық етпейді. Заманауи болыңыз. 

Ата-анаңыз жіберген ақшаны үнеммен жұмсаңыз. Желге шашпаңыз. Артық ақшаны депозитке салыңыз, белгілі бір пайдалы нәрсеге жинаңыз.   

Сүлеймен Демирел атындағы университет

Студенттік өмірімізді осында өткерудеміз 

 

Ендігі кезексөзді – Алаш қызына табыстаймын!