Студенттен студентке №2 /кезексөз/

               Алдымен, құрметті Массагеттіктер, сіздерден кешірім сұраймын. Ай-керімнің кезексөз  бастағанын көрмеппін. Соңғы уақыттарда Массагетті "құмарым қанғанша" қарап жүргенім жоқ деп айтып өттім. Таяқша менде екенін, тіпті маған таяқша берілуі мүмкін екенін білмеппін, ойламаппын. Айшаға (Балхатаева)...Массагеттен шыққалы жүргенімді, Массагетті аманаттайтынымды...қысқасы, шет жағасын айтып едім, ол қыз осы кезексөз туралы айтты. Сосын барып ашып қарап, ұятты болғанымды білдім. Кешіктіру себебім осы еді. Айып етпеңіздерші? Ай-керім, рахмет сізге!

               Ал, менің нағыз студент болып кеткеніме (ізденіп оқыдым да, ұйықтап қалдым да, сабақтан қашып кеттім де, жатақханада тұрдым да...бәрі-бәрі болды), мінеки, төртінші жылға кетіп барады. (Қазір де студентпін. Тек сырттай студент болған соң, ол студентікке саналмайды, деп ойлаймын): Кезексөз  арқасында төрт жылға кейінге шегінгелі отырмын. Кезексөздің ережесін оқып, көп ойландым. Көп жазғыш, сөйлегіш ем, айтарыма бір блок жете ме, жетпей ме деп ойладым. Айтарым көп-ақ... Бірақ тек бес кеңеске сыйдыру керек болған соң, ойымды, естеліктерімді, өзіме сабақ болғаны, өзім жете алмағанымды, жеткенімді...қысқасы, бәрін-бәрін жинап, төмендегідей бес кеңес туындады. Олай болса...кеттік... 

 

Менің бес (5) кеңесім:

 

1. Уақытты ұтымды пайдалан (!).

 Сабақ кезінде - "қаңғырма", оқы... демалыс кезінде - оқыма, бір сәт қыдыр, ойна, күл, барғың келген жерлерге мүмкіндігің болса бар, өзіңе көптеген достар тап, оларға уақыт та тап, әр нәрсені өз уақытында істе. Егер осының біреуін уақытында істемесең, әрнәрсеге өз уақытында уақыт бөлмесең, бәрін қайта бастауға тура келеді. Ұтыласың. Бұлай болатыны тәжірибеден өткен.

 

2. Нағыз  студент атан (!).

 Таңертең ұйықтап қал, сабаққа кешік, сабаққа дайындықсыз барып көр, ұрыс есті - етің піседі. Достарыңмен қыдырып, тіпті қайтарға ақшаң қалмай қалсын - ешнәрсенің бекер еместігін түсінесің. Жатақханада тұрып көр, аш қал, басқа досыңның бөлмесіне қонып көр, түнімен қыдырып, кешігіп, балконға өрмелеп шығып көр - ас-судың қадірін, достың қадірін түсінесің. Күні-түні дайындалып, ізденіп, зерттеп, зерделеп, пікіралмасып, сабаққа "жан-тәніңмен" дайындалып барып көр - еңбектің елеусіз қалмайтынын, қашан да, қайда да білімнің бірінші орында екенін ұғасың. Төрт-ақ жылға созылатын өміріңнің сәтінен ләззат ал.

 

3. Кез келгенге студент атану бұйырмас (!).

 Өз білімің, күшіңмен, не әке-шеше ақшасымен түсіп оқып жүрсең де, бұл "жетістікке" екінің бірі жетпегенін, бұл аялдамаға кез келген аялдамайтынын ойла. Сен үшін жәй ғана студент атану, жатақханада тұру, көп оқу, қатал, талапшыл ұстаздар, қаптаған кітаптар...бәрі-бәрі біреу үшін өмірлік арман болып, соған жетпей кеткендер де бар екенін бір сәт ойла. Барыңды қанағат тұт. Тағы да есеюге асықпа. Студенттік төрт жылыңды пайдалы, қызықты, көңілді, жағымды өткізуге тырыс. Кейін сен де біреуге студент атануына септігің тиіп қалуы ықтимал. Оған мұқтаж жандар көп...ұмытпа.

 

4. Ұстаздың ұстазын тани біл (!).

 Қабағы түксиген ұстаздан қорқып, қорыққаннан оқып, сабағына келіп, ал, жылы шырайлы ұстаздың сабағынан кешігіп, оқымай, ол кісіні елемей қойма. Соңғысы нағыз сенің өміріңе бастау болар бағыттаушың шығар. Кім де кім болса да бекер ұстаз болмайды. Ұстаздың бәрі жақсы. Бірақ адам әртүрлі, әркімге әрқалай. Сондықтан, ұстаздың бәрін сыйла, барлығының сабағын мұқият, ынтамен оқы, бірақ тек біреуін ғана өзіңе ұстаз етіп ал...іштей. Олардың да ендігі сенің өміріңде тек төрт-ақ жыл болатынын ұмытпа. Бұл сәттің ешқашан қайтып келмесін есте ұста.

 

5.Керек маманның бірі болатыныңды ұқ...егер шынайы білім алсаң (!).

 Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп, "тез-тез" оқып, сынақты "тез-тез" "келісіп" жабуға тырыспа. Әке-шеше парызы - оқытар, бір диплом алып берер өйтіп-бүйтіп. Бірақ ол болмайды! Студентсің бе, демек өзің оқы! Дымды ұқпас былдырлаған бала емессің! Қалшылдаған шал, кемпір емессің! Бойында қайраты, күші тасыған, көкірек көзі ояу, әке-шешенің үміті, болашақта бір-бір шаңырақтың иесісің! Олай болса еліңнің елеулі азаматтарының бірі атану үшін тынымсыз еңбек пен ұшан-теңіз білімнің керек екенін ұмытпа! Саған сенгендердің сенемін ақтап, үміттенгендердің үмітін үзбе! "СЕН" деп отырған адам көп! Солардың жер етпе! Қолыңнан келгенше аянба! Ол үшін өмірлік мамандықты дұрыс таңдап, сол жолда аянбай еңбек ет, ОҚЫ! Болды! 

 

Ал, осымен тәмам. (Көп мардымсыз жазып кетсем, айып етпеңіздер )

 

Таяқшаны Айша Құсайыноваға-ақ беремін-ау шамасы...        



Бөлісу: