Жастарға арналған жаңа кітап

Жастарға арналған жаңа кітап
жеке
блог

   Қазақ қоғамы үшін қуанышты жағдай. Білім кемесі тағы да бір кітаппен толыға түсті. Алматы Ғылым Академия орталығында жас саясаттанушы Ескендір Құрмашевтің «Жастар жолында» атты кітабының тұсауы кесілді. Жиынға осы кітаптың шығуына ат салысқан азаматтармен қатар жастар саясатында белсенді жұмыс атқарып жүрген студенттер мен қызметкерлер қатысты. Ал, Ескендір Құрмашевтің алғашқы тырнақ алды туындысының тұсауын белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман мен Жазушылар одағының мүшесі Талғат Айтбайұлы кесті.

   Кітап жөнінде айтар болсақ, аталмыш туындының өзге кітаптардан басты ерекшелігі оның тың тақырыбы мен бұрын соңды жазылмаған мазмұнында болып отыр дейді жиналған көпшілік.

   Осы ретте орыстың ұлы ұстазы Сухомлинскийдің мына сөзі ойға келеді: «Кітап ­– құдіретті қару. Ақылды, шабытты кітап, көп ретте адам тағдырын шешеді». Шынында, жарыққа шығып отырған «Жастар жолында» кітабы адамның тағдырын шешпесе де, оның оң бағытқа түсуіне дұрыс жол сілтейді. Яғни, тәрбиелік мәні бар туынды.

   Бұл кітап «Біз: «міндетті, тиіс, қажет, керек» дегенді көп айтамыз, ал «міндеттімін, тиіспін, қажетпін, керекпін», - дегенді өмірі ауызға алмаймыз. Сөйтсек, бәріміз де Мен деген мемлекеттің басшысы екенбіз» деген ойдан адамды алшақтатып, жұдырықтай жұмылып жұмыс жасауға жол көрсетеді. Адамды «Мен» деген ұғымнан арылтып, біз дегенге жақындаттырады.

Асылы Осман Асылы Осман Әлиқызы, қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, филология ғылымының кандидаты, профессор:

    - Баяғыда Мағжан «мен жастарға сенемін» десе, бүгін Ескендір «Жастар жолында» деген мынадай құнды дүниені шығарып отыр. Кітап жазу деген оңай дүние емес. Бұрыннан армандап, тірнектеп жинап, осындай кітап жазғаны бұл Ескендірдің еңбегінің жанғаны. Алғы сөзінің өзін оқысаңыз да, онда қаншама тәлім-тәрбиелік мәнінің барын ұғасыз. Біле білген адамға тәлім, білім бәрі де кітапта жатыр. Дәл осы Ескендірдің кітабында да ұлтымызға үлесін қосатын дүниелер бар. Мұхтар Әуезовтің бір «Абай» романында қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, тәлімі жатқан болса, Ескендірдің де өз заманына сай қамтылып отырған дүниелер бар.

Ескендір Құрмашев

Ескендір Құрмашев, профессор Рузуддинновтың стоматологиялық колледж директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің оқытушысы:

    -Кітаптың атына келгенде біраз ойландық. Досым Оңдасын Құлымбетов: «Осы  сенің істеріңді саралай келе, біраз тәжірибе жинадық. Соған орай, кітаптың атын «Жастар жолында» деп қойсақ, қалай болады?» – деді. Соның негізінде осылай аталды. Ал мұқабасында бейнеленген суретте жастар биікке ұмтылғысы келеді. Бірақ онда біраз қиыншылықтар болғандықтан бұлыңғыр бұлттар қойдық. Бірақ қарап отырсаңыздар, теміржол оңға қарай кетіп бара жатыр. Яғни, жастардың жолы оң болсын деп осы суретті таңдадық.

  Айта кететіні кітап 400 тиражбен шықты. Ешқандай әкімшілік орталығы, не болмаса өзгедей орындар кітаптың басылуына қатысқан жоқ. Өйткені, автордың өзі көмек сұрамаған. Қоғам қайраткерлері мен Әзімхан Ахмет сынды азаматтар демеушілік көрсетіп, туындының жарыққа шығуына әсер еткен. Бұл да болса, жағымды жаңалық. Кітап 8 жыл барысында жинақталған тәжірибе бойынша жазылған.Мұнда автордың жастарға ұсынар 5 қағидасы айқын көрсетілген: 

1.Денсаулықтарының мықты болуына жұмыс жасау.

2.Білім мен тәжірибесін нығайту.

3.Қоғаммен әрдайым байланыста болу.

4.Өз салаңның шебер маманы болу.

5.Қаржы жағынан тәуелсіз болу.

– Осы 5 қағиданы жақсы ұстанатын жастарға сұраныс артар, – еді дейді Ескендір. Ал біз болсақ, жастар мәселесін қозғайтын алғашқы туынды құтты болсын дейміз.

жастар жолында

                                               Естелікке түскен сурет

                                                                                                                                        Гүлжан Серік