АНА - құрдасың емес..

АНА - құрдасың емес..
жеке
блог

Ана жайлы ойыңды, айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
«Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын «ана» сөзінің астарында ұшан теңіз ой жатыр. Ана — әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз.
Менің анам үйде қамқоршы жанашыр ана болса, туыстар арасында сыйлы жеңгей,ешбір қайын ағасының немесе қайын апасының бетіне келген емес, өз бауырлары арасында жанашыр әпке,үнемі оларға кеңес беріп,өзінің үйде үлкен екенін білдіріп, көмек беруге үнемі асық болып тұрады, ата-әжемнің алдында кішіпейіл келін,ата-әжемді қатты сыйлайды, кез-келген уақытта ауылдан келіп қалған жағдайда мейлі ол түнде болсын, мейлі ол таң ата болсын қабағын бір түйместен құшақ жая қарсы алып, шәйларың беріп, қонақ үйге төсектерін салып жайластырады,  ал жұмысында беделі жоғары қатал ұстаз, Тіпті сабағына қатысқан уақытта сол таяқтың шеті мағат тиіп кете ме деп шошынып қаламын.))Менің анамнан қорыққаннан ба әлде сыйлағаннан ба балалар сабақтарын менің анам үшін оқитын көрінеді, оқушылардың ата-аналары телефон соғып: «Балам сабақты сіз үшін оқиды»- деп айтатындары да бар.Қазір сол оқушылары есейіп, отау құрып жатыр, сонда барлықтарының айтатындары: «Сізге рақмет мұғалім, сізге алғысым шексіз, сіздей ұстазды мен әлі кезіктірмедім»- деп жатады. Сонда анам үшін мен қатты қуанамын. Мен үшін анам барлығынан да бірінші тұрады. Кей уақытта ренжіп, айтқанына құлақ аспай жататын кезіміз де болады. Ішінен өкпелеп қалса да, байғұс ана ештеңе білдіртпейді. Тек осы балам аман болсын деген ой-мақсатпен өмір сүреді. Біз үшін шын жүрегімен қуанып, қайғымызда қатты қынжылып уайымға салынатын да ана. Ауырып қалсақ та әрдайым қасымыздан табылады. Ана ешқашан баласына жамандық тілемейді.Бірақ осыны барлық жасөспірімдер түсіне бермейтіні анық. Кейбір балалар анасына «сен» деп сөйлегенде өзімді ыңғайсыз сезінемін. Ана сенің құрдасың емес қой. Жасы сенімен шамалас құрбы-құрдастарыңа да сен деп сөйлейтінің анық, сонда сенің анаңмен құрбыларыңның дәрежесі бірдей болғаны ма?-деп өзім іштей ойлап қаламын. Бәлкім бұл тәрбиеге де байланысты болар деп ойлаймын да қоямын. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» - дегенді енді түсінген болсам керек. Қазір мен сыртта, әке-шешемнен бөлек алыста тыныстап жүрмін. Әрине мен мұнда арман қуып келген болатынмын. Анамның мені қимай шығарып салғаны да есімде. Бұл айтқаныммен анамды қатты сағынғанымды білдіргім келеді.

Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді.
Қай адам қолынан келген сый – құрметін жасамады десеңші, шіркін! Бірақ соның бәрі анаңның бір ауыз жылы сөзіне де жетпейді. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. 

 

Қорыта айтқанда, барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам. Жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын!