Мен тыңдайтын әуен

 

     Мен тыңдайтын әуен - ел болып тыңдайтын ұлтымыздың жауһар-жаһұт әндері. Асылдың сынығындай алтын,күміс,жібектері. Құнын әлі күнге жоғалтпаған, қайта өз қорын онан әрі байыта түскен  көңіл құсын құйқылжытар әуендер. Күні кеше Күләш, Бибігүл, Роза салған нәзік сырлы дүлдүл әндер қай қазақтың болмасын жүрегінің төрінен орын алары сөзсіз.

     Кезінде орыс ғалымы Потанин: «Маған қазақ даласы тұтасымен ән салып тұрғандай көрінеді" деп жазғандай, әншілік өнерге өшпес мұра қалдырған Ақан сері, Сегіз сері, Естай, Мәди, Жарылғапберді мен Кенен сынды халық композиторлары десек, сол өнерімізді халқына насихаттаған Әміре, Ғаббас, Иса,Майра, Манарбек, Ғарифолла сынды өнер саңлақтары да баршылық. Олар тыңдарман жанын ұға білген әншілер. Халқымыздың фольклорындағы салт жырларының, беташар, тойбастар, аужар, аушадияр, көріс, жоқтау секілді әндері біздің заманымызға жетіп отыр. Осындай сазды халықтық әуендерге сәйкес келетін алуан нұсқалы, алуан мазмұнды жыр мәтіндері толығымен сақталған. Осыншама  мол мұраның бізге қаймағы бұзылмай жету себебі – халықтық әуеннің құдіреті ғана емес, сол жырлардың тууының белгілі  тарихи негізі, мерекелік бояуы, әуенге сәйкескен мазмұны болғанында. «Әупілдек», «Әпитөк», «Бір ғана», «Балқадиша», «Жылыой» сияқты әндер қазақ әуенінің бастауы іспетті. Ол әндер тағдыры -  ел тағдырындай деп түсінсек, әр әннің арғы жағында адам тағдыры да айқын көрініс береді.

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

 Әннің тәтті оралған мәні оятар»,- деп Абай мұнда бір жақсы ән үшін оның мәнінің рөлі де ерекше зор деп қарайды. Оның әндерді «есті ән», «ессіз ән», «жақсы ән», «жарамды ән» деп бөліп айтатыны бар. Бұл кемеңгер ақынның әннің қос қанаты – музыка мен мәтіннің өзара сәйкесім табуына қарай жасаған өлшемі болса керек. Үлкендер жағы «Қазір қазақы әуен қатты өзгеріске ұшырап, бұзылып кетті, сөздерін түсінуден қалып барамыз» деп жатады. Алайда жастардың озық мәдениеттен үлгі алуын  теріс деуге болмайды деп ойлаймын. Тек шетел әндеріне құрғақ еліктеушілікке, көшірмешілікке салынбасақ болғаны. Дәуір алқымынан алғанда, жаңа әндердің көбеюі, әуеннің әр бағытта дамуы  бұдан кейін де жалғасын табатын болады. Демек, ендігі жас сазгерлердің халықтық әуен сарынын қайнар етіп жаңа музыка жасап, оны мағыналы ән  өлеңдермен ұштастыра білу керек.

            Көркем ән – көңіл құсы. Оны биік ұшыра алатын  шеберлікке қол жеткізсек, ән бір көңілден бір көңілге қонақтап, бүгіннен келешекке талмай қанат қағатын болады.



Бөлісу: