Студент күнделігінен

Студент күнделігінен
жеке
блог

19.02.13

14:38

Сабақтан қарным ашып келіп, жатақханаға кірдім. Қолымда 0% сүзбе (творог). Үшінші қабаттың сатысымен жоғары көтеріле бергенімде мұрныма көптен сезілмеген дәмді иіс келді.

Қазақтың асылған етінің иісі. Қандай жағымды еді. Жағымдылығы былай тұрсын, осыдан бір жыл бұрын, дәл осындай мезгілде мектептен келіп, үйге енгенімде тура осы иіс шығатын. Бұл иіс менің анам асқан еттің иісі болатын. Бұл иіс мені анамнан бұрын: «Үйде қонақ бар. Жылдам киіміңді ауыстырып, дереу ас үйге кел», - деп шақыратын. Құтты қонақ келсе, үйде қалған соңғы малы болса да сойып сыйлайтын қонақжай қазақпыз ғой. Құдайға шүкір деп айтайын, үйімізден екі күннің бірінде қонақ арылмайтын.

Ал қазір бұл иіс мені еш жаққа шақырмайды. Тек ауылды сағындырады... Шертіп қалсаң ағыла жөнелейіндеп тұрған сағынышымды қоздырады.

Қаладағы қайнаған тіршілік, қызу да қызық өмір... басын бұлт шалмас биік зәулім ғимараттар... аспанмен таласқан асқар таулар... «Осындай әсем ортада жүріп жолдары кедір-бұдыр, «үп» деп жел тұрса, шаң көтеріліп мазаны алатын ауылдың несін аңсайды адамдар» деп түсінбеуші едім. Енді ғана ұққандаймын. Әр сәт сайын есінен шықпайтын, көз ашқалы басынан сипап өсірген қарапайым ауылдың адамдарын аңсайды екен ғой.