Қазіргі заманда оқушы болудың өзі қиын сияқты

Қазіргі заманда оқушы болудың өзі қиын сияқты
жеке
блог

Қазіргі заманда оқушы болу қиын. Олай дейтінім қазіргі балалардың психологиясы  кеңес үкіметіндегі балалармен салыстырғанда қатты бұзылған. Технологияның дамуы ма, әлде экологияның әсері ме, мүмкін тәрбиелік жұмыстардың аз жүргізілуі болар балалардың санасын өзгертіп жатқан. Қазіргі оқушылар бай, кедей, былайша айтқанда кімде айпед, кімде планшет бар, кімде жоқ, кім әдемі "форма" киеді, кімдікі "сәнді" емес болып бөлініп келеді. Ал бұрынғы әке-шешелеріміздің суреттеріне қарап отырсақ бәрінде  стандартты форма фартук, аяқтарында "герзовый" етік. Ол кезде ешкім ешкімнің "герзовый етігіне" күлмеген екен.  Сабақтың үстінде еш қысылмай, қымсынбай планшеттерінде  ойын ойнап отыра береді дейді інім сыныптастарын. Ал оны мұғалім де тартып алып қоймайды. Себебі бұл "ойыншықтардың" бағасы олардың жалақысынан да көп.   Солайша ол оқушыға тиіспейді, оқушы да "сен тимесең мен тиме" деп жайбарақат ойынын жалғасытыра береді. Ал қазіргі оқушылар арыз- шағымды  "соттағы жәбірленуші тарапының адвокатынан"  артық айтады. Бұрын мұғалім ата-ананы шақырып, баланың күнделігіндегі "2" бағасын көрсетіп, оларды ұялтып жатушы еді, қазір керісінше ата-ана сол бағаны мұғалімге көрсетіп, түсіндірме  талап етіп жатады. Өткенде бөле сіңілімді, түстен кейін "шұғыл" мектепке директор шақыртты. Сіңілім алып-ұшып кетті мектебіне. Сөйтсе өзі ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген сыныптың бір ата-анасы келіпті. Сіңілім сабаққа зейіні жоқ қызын басынан түртіпті. Ал ата-ананың айтуынша қызының денесі көгерген, тоқпақтың іздері бар екен дейді. Негізі осылай балаларды өзіміз, ата-ана құртатын сияқтымыз. Самаурыннан су ақтыны, Самарқандты су алдыға айналдырып.

Оны қойшы балалардың  білімі ше? Интернеттің  құдіретті сиқырымен рефераттар, қажетті шығармалар, бәрін,бәрін көшіріп жатады. Қазіргі кітаптардың бағалары "созсам қолым жетпейді, амал қандай"-дың күйін кешіп тұр.  Білмеймін, келесі жылы Алла жазса қызым мектепке барады.  Соны ойлап тағы уайымдап қоям.