Махаббатқа апарар «Ұзақ жол»!

Махаббатқа апарар «Ұзақ жол»!
жеке
блог

«Ұзақ жол» мелодрамасы бұл «Ел арна» телеарнасының жаңа маусымда ұсынған тағы бір жобасы. 16 бөлімнен тұратын шытырман оқиғаға толы телехикаяны дүйсенбі-жұма күндері сағат 22.10-да «Ел арна» телеарнасынан тамашалауға болады.

Фильмнің продюсерлері - Абай Қарпықов пен оның ұлы Әлмири. Ал режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Азат  Сейтметов. Айта кету керек, «Ұзақ жол» Азат Сейтметовтың алғашқы режиссерлік жұмысы. – «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсіріліп жатқан «Ұзақ жол» телехикаясын маған Абай Қарпықовтың өзі сеніп тапсырды. Бастамам жаман емес сияқты. Барымды салып жатырмын. Әрі маған бір емес, екі режиссер ақыл-кеңесін беріп, өздері қадағалап, көмектесіп жатыр.  Әрине, бұл менің тырнақалды жұмысым болғандықтан, өзіме аздап көңілім толмайды. Қалай болғанда да, еңбегімнің бағасын көрермен бере жатар», - дейді ол.

Сценарий желісі бойынша, Амантай мен Жанар туған ауылынан арман қуып қалаға келеді. Бірақ ауылға бауыр басқан олар қаланың қайнаған өміріне үйрене алмай түрлі жайтқа тап болады. Сөйтіп жүргенде бір-бірнен көз жазып, тағдыр олардың жолдары екіге айырылады.Телехикаяның екінші бір желісі қос кәсіпкер Мәдина мен Мұсаның қайшылықтарға толы өмірі жайында өрбиді.

«Бұл отбасылық мелодрама болғанымен, ішінде детективтік сюжеттер де бар. Дегенмен біздің басты көрермендеріміз – орта жастағы келіншектер. Бәрінің көңілінен шығады деп ойлаймын», - дейді телехикая продюсері Әлмири Қарпықов.

"Ұзақ жол" телехикаясының ресми трейлері: 

16 сериялы туындыны көрермендер «Ел арна» телеарнасынан дүйсенбі-жұма күндері сағат 22.10-да көре алады.