Өмір сүруім керек екен...

Өмір сүруім керек екен...
жеке
блог

Бақыттың асау тайына мініп, оның мені қай жерде құлатып кетерін сезбестен, өзімді бақытты санап жүре беруден шаршадым. Өзіңмен-өзің болған дұрыс екен.

Үміттің үнсіз жұбатқанына алданып, болашақтан жақсылық күтіп өмір сүре беруден шаршадым. Ащы шындық керек екен.

Ескіліктің есіркеп жүргенін байқамай, соны арқалап кете беруден шаршадым. Жаңашылдық керек екен.

Аяғымды бір шалыс басып, сүрінуден шаршадым. Басқа қиылыстан өтуім керек екен.

Жан-жағыңдағы адамдардың қиыншылығын көріп, сабақ алдым деп, өзімді мақтай беруден шаршадым. Мен де сол иірімге түсіп көруім керек екен.

Мен мықтымын, бәрін жеңемін деуден шаршадым. Аллаһтың көмегі керек екен.

Барлығына еркелеп, өмірдің ащы-тұщысынан қашудан шаршадым. Қиындыққа төзе білу керек екен.

Әр бір жаныңа жақындап жылы сөйлеген пендені дос деп санаудан шаршадым. Жаныңды түсінер анаң екенін білу керек екен.

Ертең не болар екен деп, өзімді жегідей жеуден шаршадым. Оны қасқайып қарсы алу керек екен.

Неге бәрі маған жаман көзқараста деуден шаршадым. Мейірімді болу керек екен.

Жүзімде бақыттан өзге ештеңе болмай, баламыз ғой деуден шаршадым. Есею керек екен.

Кешегіме қарап күрсініп, мұңаюдан шаршадым. Болашаққа қадам басуым керек екен.

Әр адам мені "жақсы" атасын деп жағымпазданудан шаршадым. Рухани тәуелсіз болуым керек екен.

Алдыңнан қиын сәттер шыққанда аттап өтіп кете беруден шаршадым. Кешіп өтуім керек екен.

Мен кіммін, қандаймын деп сұраудан шаршадым. Адам екенімді шынайы- тереңінен түсінуім керек екен.

Мен өмірге не үшін келдім деуден шаршадым. Жәй ғана оны жақсылықпен сүруім керек екен!