"Анама хат"

"Анама хат"
жеке
блог

Анашым! Сізге деген сағынышым күннен-күнге ұлғая түсуде... Сіздің маған берген тәрбиеңіз бен үлгі-өнегеңіздің арқасында мен жақсы азаматша болып өсіп келемін. Сіздермен өткізген әрбір минут, әрбір секунд мен үшін аса қымбат. Сол сәттерді қазір ерекше сағынатын болыппын.  Асыл анам... мен Алматыға алға қойған асқақ армандарыма жету үшін келдім. Сіздің үмітіңізді ақтап, өзімнің таңдаған мамандығым бойынша көп жетістіктерге жетемін деп өз-өзіме серт еттім. Сіз маған әрдайым тіреу болдыңыз. Қиындықтарға төтеп беруге, жақсылыққа ұмтылуға, жамандықтан аулақ болуға үйреттіңіз.  Жеңіске жетсем  сол жеңіске қандай қиындықпен жеткенімді , қандай қиын сәттерді бастан өткергенімді еске салып отырдыңыз. Осы үшін мен сізге қанша алғыс айтсамда артық болмас сірә. Анашым... Мен әрдайым өзіңізге қарап бой түзейтінмін. Сізге қызыға да таңырқай қарайтынмын. Сіздің шыдамдылығыңызға,  ержүректігіңізге таңғалмау мүмкін емес секілді. Ардақты анам... Сіз маған өмірде барға қанағат етуді үйреттіңіз. Өзіңіздің қандай қиындықтарды көргеніңізді айтып отырдыңыз, сол арқылы мен осы күніме шүкіршілік етуді үйрендім. Сіз менің қателіктерімді кешіре білдіңіз, еркелігімді көтере білдіңіз. Аяулы анам, менің сізден аларым әлі көп. Мен өмір теңізіндегі осы бір жолға аттанарда маған айтқан әрбір сөзіңіз, үмітпен қараған көздеріңіз мені алға жетелеп келе жатқандай. Мен сізбен бір күн сөйлеспей қалсам, сәби жүрегім сізді сағынып тұрады. Аяулы анам... Мен үшін әлемдегі ең ұлы тұлға сізсіз. Жаратқанымның қолдауымен сіздің балаларыңызға деген махаббатқа толы жүрегіңіз, мөлдіреген көзіңіз жыламаса екен деп тілеймін... Анашым... Мен ешқашан жаман жолға түспеймін, себебі мен сіздей алтын ананың бөбегімін.

 

                                                                                                                    15 қазан 2013 жыл